• RUB:
    5.01
  • USD:
    523.58
  • EUR:
    549.71
Басты сайтқа өту
Аймақтар 02 Тамыз, 2022

Автобустардың қызметі сын көтермейді

136 рет
көрсетілді

Семейде қоғамдық автобустардың қыз­меті сын көтермейтіні көпке мәлім. «Сем­авто­парк» кәсіпорны өкілдерімен кездескен Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаев, әсіресе автобустардың жұмыс уақыты көңіл көншітпейтінін жеткізді.

Облыс орталығындағы қоғам­дық көліктердің мәселесі лайықты шешім таппай келе жатқаны­на біраз болды. Айталық, кез келген семейліктен сұрасаңыз, ба­ғыт­­тағы автобустардың азды­ғы­на, жүргізушілер мен кондук­тор­лар­дың қызметіне шағымдана жө­неледі.

Жол ақысын төлеу рәсімі бір ізге түсірілмегені де халыққа қо­лайсыз. Егер де кейбір автобус­тарда жол ақысын қолма-қол ақшамен төлеуге тура келсе, бас­қаларында көлік картасы қа­былданады. Осы және автобус­тардың маршруттардан ерте шы­ғып кетуі жайлы өңір басшысы жолаушыларды тасымалдайтын компания өкілдеріне айтып, мәселені жылдам реттеуді тапсырды.

«Автобустар жұмысын ерте аяқтайтынын ескерсек, кей­бір қоғамдық орындарға да бел­гі­ленген уақыттан бұрын жұмыс­тарын тоқтатуға тура келеді. Бұл мейрамханалар немесе басқа да ойын-сауық орталықтарына қатысты емес. Мәселе халық се­руендейтін қалалық саябақтарда болып тұр. Айталық, жеке өзім саябаққа барып, оның 19.30-да жабық тұрғанын байқадым. Неге? Өйткені бұл уақыттан кеш қалса адамдар үйлеріне жете алмай қа­лады», деді Н.Ұранхаев.

«Семавтопарк» ЖШС-ның директоры Гри­горий Пинчук бұл мәселеден хабардар екенін айта келе жуық арада оны шешудің жолдарын қарастыратынын жет­кізді.

«Біз қызметкерлердің жала­қы­сын көтеру мен кешкі уақыттар­да автобустардың санын ұлғайту­ға байланысты ұсыныстарды пы­сықтадық», деді Г.Пинчук.

Облыс әкімі бұл мәселе қала үшін маңызды болғандықтан оны міндетті түрде шешу керек екенін жеткізді. «Жалақыны көтеріп, маршрут санын ұлғайтумен бірге авто­бустардың қозғалыс кестесін ұзарт­қан дұрыс. Өз тарапымыз­дан жылы аялдамалардың мәсе­ле­сімен айналысамыз», деді Н.Ұранхаев.

 

Абай облысы