Елордадағы Ұлттық академиялық кітапханада Монументтік өнер құрылыстарын орнату жөніндегі комиссия отырысы өтті. Оған Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев қатысты. Жиында сарапшылар монументалды өнер саласындағы өзекті мәселелерді де талқылады.
Басқосуда құрамына белгілі мүсіншілер, суретшілер, зергерлер, ғалымдар мен қоғам қайраткерлері кіретін Монументтік өнер құрылыстарын орнату жөніндегі комиссия республикалық конкурстың қорытындысы бойынша жобалау жұмыстарын қарап, мақұлдады.
Нақтырақ айтқанда, алдағы уақытта Қостанай облысы Жангелдин ауданы Торғай ауылында алаштың қос арысы Ахмет Байтұрсынұлы мен Міржақып Дулатұлына ескерткіш тұрғызылады. Сондай-ақ Алматыда ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлына ескерткіш орнатылса, көрнекті режиссер, театр қайраткері Жұмат Шанинге бюст қойылады.
«Ескерткіштер – тарихи жадымызды жаңғыртуда және қоғамдық сананы қалыптастыруда ерекше мәнге ие. Сондықтан жоспарлаудан бастап ескерткіштерді орнатқанға дейінгі жұмысқа мұқият қарау өте маңызды. Комиссия тобы мүсіндердің жұмсақ материалдан жасалған толық көлемдегі нұсқасын жан-жақты қарастыруы қажет», – деді Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев.
Сонымен қатар комиссия мүшелері Жамбыл, Қарағанды, Қостанай, Түркістан және Ұлытау облыстары әкімдіктерінің идеялық ұсыныстарын бірауыздан қолдады. Аталған өңірлерде Қазақстанның халық жазушысы Шерхан Мұртазаға, ақын, мемлекет және қоғам қайраткері Кәкімбек Салықовқа, Нияз батыр Сайдалы Барқыұлына, ІІ Дүниежүзілік соғыс және еңбек ардагері Жақсыбек Оңшыбаевқа және түрік саясаткері, мемлекет қайраткері Аднан Мендерске арналған ескерткіштерді жобалау жоспарланған.