• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Әлем 04 Тамыз, 2022

«Әл-Қаида» басшысының көзі жойылды

431 рет
көрсетілді

Бұқаралық ақпарат құралдары «әл-Қаида» жетекшісі Айман әл-Завахири қаза тапқанын хабарлады. Оған Ауғанстан астанасы Кабулда АҚШ-тың дронынан соққы жасалған. АҚШ президенті Джо Байден Завахиридің отбасымен бірге Кабулда жасырынғаны анықталғанын, өзінің рұқсатымен 31 шілдеде соңғы үлгідегі дронмен арнайы операция жасалғанын мәлімдеді.

Завахири 1998 жылы Кения мен Танзаниядағы АҚШ елшіліктеріне жасалған шабуылға да кінәлі деп танылған. Сол кезде 223 адам қаза тапқан еді. Сонымен қатар 2000 жылдың қазан айында Йемендегі 17 америкалық теңізші қаза тапқан жарылысқа және 2001 жылғы 11 қыркүйектегі АҚШ-та 3000-нан астам адам шығыны болған террорлық қылмысқа себепкер ретінде белгілі. Байден оның көзін жою операциясы «әділдіктің» орнағанын көрсететінін жеткізді.

«Біздің халқымызға қауіп төндірген адам­ның қанша уақыт өтсе де, қайда жасырынса да, Америка Құрама Штаттары ол азаматты тауып алатынын тағы бір рет дәлелдедік», деді Ақүй басшысы. Завахириге қарсы операцияны «сәтті» деп сипаттаған Байден АҚШ барлау бөлімшелеріне осы мәселедегі «ерекше табандылық пен дағ­ды­лары» үшін алғыс айтты. Сонымен қатар Ауған­стан енді лаңкестер паналайтын аймақ бол­майтынын да тілге тиек етіп, «Ауғанстан ешқа­шан террористер үшін қауіпсіз баспанаға айнал­дырылмайды және біз бұған сенімдіміз. Аты­шулы лаңкестердің басшысы енді жоқ», деді.

Ал «Талибан» қозғалысының баспасөз хатшысы Забихулла Муджахид Ауғанстан астанасы Кабулда «әл-Қаида» ұйымының басшысы Айман Завахириді өлтіруге бағытталған АҚШ-тың әрекетін айыптады. Бұл туралы Муджахид өзінің Twitter парақшасына жазып, жексенбі күні таңертең Кабулдың орталығындағы Шерпур ауданындағы бір үйге АҚШ-тың дроны шабуыл жасағанын хабарлады.

Муджахид шабуылды айыптай отырып, бұл халықаралық қағидаттарды және 2020 жылы АҚШ пен Талибан арасында Ауғанстаннан шетелдік күштерді шығару туралы Доха келісімін бұзу екенін алға тартты. Муджахид өз мәлімдемесінде Завахиридің өліміне қатысты пікір білдірмеді.

Ауғанстан ішкі істер министрлігі Шерпур ауданындағы бос үйге зымырандық шабуыл жасалғаны, бірақ адам шығыны болмағанын мәлімдеді. Сонымен қатар шабуылды дрон жасағанын жоққа шығарып отыр.

Ақүй әкімшілігі «әл-Қаида» жетекшісі Айман әл-Завахири өлтірілгеннен кейін өз азаматтарын қырағы болуға шақырды. АҚШ Мемлекеттік департаментінің мәліметінше, оның өлімі «әл-Қаида» немесе онымен байланысты басқа лаңкестік топтардың жақтастарын АҚШ нысандарына немесе азаматтарына қарсы әрекетке итермелеуі мүмкін. Мемлекеттік департамент АҚШ азаматтарына шетелге саяхаттау кезінде «жоғары қырағылық танытып сақ болуды»  ұсынады.

«2022 жылдың 31 шілдесінде әл-Зава­хири қайтыс болғаннан кейін «әл-Қаида» немесе оған қатысы бар террористік ұйым­дардың жақтастары АҚШ нысандарына, қыз­меткерлеріне немесе азаматтарына шабуыл жасауға әрекеттенуі мүмкін. Мемлекеттік департамент антиамерикалық зорлық-зомбылық ықтималы жоғары деп санайды. Сондай-ақ қолда бар деректерге сәйкес, террористік ұйым­дар әлемнің көптеген аймағындағы АҚШ нысандарына қарсы шабуылдарды жоспарлауды жалғастырып келеді. Олар жанкешті операциялар, қастандықтар, ұрлау және бомбалау сынды түрлі әдістерді қолдана алады», деп мәлімдеді АҚШ мемлекеттік департаменті.

«Әл-Қаида» бір кездері шағын, орта­лықтандырылған әрі белсенді ұйым болған. Бүгінде нашар басқарылатын, дүние жүзінде шашыраңқы ізбасарлары бар жаһандық террористік топқа айналды.

Қазіргі таңда «әл-Каида» жақтастары көбіне Африкада орналасқан. Әсіресе Африканың солтүстік-батысындағы Сахель аймағы экстремистік топтардың жаңа шайқас алаңына айналды. Мысалы, Сомалиде «әл-Қаиданың» филиалы «Аш-Шабаб» экстремистік тобы үстемдікке ие. Олар тек өз көзқарастарына қарсы режім және үкіметтермен ғана емес, сондай-ақ бір-бірімен де өзара күреседі.

«Әл-Қаида» әлі күнге дейін Таяу Шы­ғыс­тағы лаңкестік топ ретінде белгілі. Сарап­шылар Завахиридің өлімінен кейін «Әл-Қаида» енді жаңа көшбасшы мен жаңа стратегия құрып бұрынғы ықпалын қалпына келтіруге шешім қабылдауы мүмкін екенін айтады. Дегенмен әскерилер ұйым басшысы өлгенімен, одан келетін қауіп әлі де сейілмегенін алға тартады.