Елордадағы Жақсылық Үшкемпіров атындағы «Жекпе-Жек» сарайында дзюдодан ерлер мен әйелдер арасында Азия чемпионатының ашылу салтанаты өтті, деп хабарлайды Egemen.kz елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Ашылу салтанатына ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі Серік Жарасбаев, Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов, Азия дзюдо одағының президенті Обайд әль Анзи, Қазақстан дзюдо федерациясы президентінің міндетін атқарушы Асхат Жіткеев және Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық комитетінің бас директоры Серік Қасқабасов қатысты.
Дзюдодан ерлер мен әйелдер арасындағы Азия чемпионатын Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт вице-министрі Серік Жарасбаев ашты.
«Құрметті қауым, спортшылар, сіздерді ҚР Мәдениет және спорт министрлігі атынан Нұр-Сұлтан қаласында өтіп жатқан дзюдодан Азия чемпионатының ашылу салтанатымен шын жүректен құттықтаймын! 19 елден келген ең үздік спортшыларға дүбірлі додада сәттілік тілеймін! Ең мықтылар жеңіске жетсін», деді вице-министр Серік Жарасбаев.
Құрлықтық біріншілікте төрт күн бойы татами шеберлері жеке және аралас-командалық жарыстарда мықтыларды анықтайтын болады. Турнирге Азияның 19 елінен келген 200-ге жуық дзюдошы қатысып жатыр.
Сондай-ақ жарыстың ашылу салтанатымен қала әкімі Алтай Сейдірұлы және Азия дзюдо одағының президенті Обайд әль Анзи құттықтады.
«Қайырлы күн құрметті спортшылар және жарыс қонақтары! Дзюдодан ерлер мен әйелдер арасындағы Азия чемпионатының ашылу салтанатымен өздеріңізді құттықтаймын! Нұр-Сұлтанға қош келдіңіздер! Дзюдодан Азия чемпионаты елордамыздың тарихында бірінші рет өтіп отыр. Дзюдо жарысының өтуі спортшыларымыз үшін маңызды. Өйткені спортшыларды шыңдауға мүмкіндік береді. Спортшыларға сәттілік тілеймін! Ал еліміздің дзюдошыларына жоғары жетістік тілей отыра, осы Азия чемпионатында еліміздің туын көтеріп, әнұранын шырқатуларыңызға тілектеспін! Ең мықтылар бүгін жеңіске жетсін!», деді Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов.
Байрақты бәсекеде ел намысын ұлттық құрама сапындағы 18 спортшы қорғайды. Олардың арасында Олимпиада чемпиондары мен әлем біріншіліктерінің жүлдегерлері де бақтарын сынайтын болады.
Ашылу салтанатында Обайд әль-Анзи ілтипат танытып, құрметті қонақтарға естелік сыйлықтар табыстады.
Сонымен қатар Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық комитетінің атынан Қазақстандағы Олимпиадалық қозғалысқа орасан зор үлес қосқаны үшін Азия дзюдо одағының президенті Обайд әль-Анзи арнайы төсбелгімен марапатталды.
Айта кетейік, IJF ережелері бойынша Азия чемпионатының медаль иегерлеріне олимпиадалық рейтингте ұпайлар қосылатын болады. Атап айтқанда, жеңімпаз 700 ұпай, күміс жүлдегер – 490 және қола жүлде – 350 ұпай алады.
Дзюдодан Азия чемпионатын көрермендер «Qazsport» отандық спорт арнасынан тамашалай алады.