Ақмола облысы әкімдігінің қолдауымен елордадағы Ұлттық музей жанынан құрылған Рухани мұраны ғылыми-зерттеу институты «Қазақтың дәстүрлі мәдениеті» бөлімінің қызметкерлері облыс аумағына ғылыми-зерттеу экспедициясын жүргізіп, нәтижесінде сақ дәуіріне тән құрбандық тасын тапты.
Бұл тасты Жарқайың ауданының тұрғыны Леонид Долинин деген азамат 2000 жылы Шойындыкөл ауылы аумағында орналасқан ескі қорымнан тауып алған екен. Мамандар дөңгелек пішінді, бір жақ шетінде қайырылған қошқар мүйізі қашалып өрнектелген бұл жәдігерді б.з.д. III-II ғасырға тиесілі дейді. Яғни сол кездегі халықтың таным-түсінігінде қошқар бейнесі тотемдік символика- лық маңызға ие болғаны анық.
Ежелгі дәстүрлерге тән құрбандық шалу, тәңірге жалбарыну сияқты түрлі мінәжаттарды орындауды бейнелейтін мұндай құрбандық тастары сирек кездесетін әрі құнды жәдігер екені белгілі.
Зерттеуші К.Ф.Смирновтың пайымдауынша, мұндай құрбандық тастары молалар ішінен табылуы діни ғұрыптық жағдайларға байланысты дейді. Бүгінгі таңда еліміз бойынша мұндай құрбандық тастарының 40-қа жуық түрі белгілі болса, оның 10-нан астамы Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Жамбыл, Маңғыстау, Түркістан облыстарының музейінде сақтаулы тұр.
Осы орайда, жоғарыда айтқанымыздай, Ақмола облысы аумағынан мәдени-рухани мұраларды жинап, зерттеуді мақсат еткен экспедиция мүшелері Жарқайың, Сандықтау, Атбасар, Ерейментау, Жақсы және Есіл аудандарын аралап, ел ішіндегі құндылықтармен танысумен қатар, өлке тарихынан хабары бар көнекөз ақсақалдарымен де жүздесуде.