• RUB:
    5.01
  • USD:
    523.58
  • EUR:
    549.71
Басты сайтқа өту
Аймақтар 09 Тамыз, 2022

Көпірдің жайын қозғасақ...

1005 рет
көрсетілді

Жол-көлік инфрақұрылымы саласында көпірдің әлеуметтік әрі стратегиялық маңыздылығы жоғары. Өкініштісі сол, Семей қаласындағы 4 көпірдің екеуінің жағдайы алаңдатарлықтай.

Жүктемесі шекті деңгейден асып кеткен

Ұлылар өлкесінің бас шаһары саналатын Семейде қазір 4 көпір халық игілігіне қызмет етіп тұр. Оның бірімен пойыздар теміржол арқылы жолаушылар мен жүк тасымалдап экономикаға қан жүгіртсе, тағы екеуімен автокөліктер қатынап, қаланың Ертіс өзеніндегі қос жағалауын жалғап отыр. Міне осы екі көпірдің сапалы жөндеу көрмегеніне біраз жылдың жүзі болды.

Әсіресе, кезіндегі Семей облысы­ның негізгі стратегиялық инфрақұ­ры­­лымының бірі саналған авто-жегін көпірінің қазіргі жағдайы күрделі. Ма­мандардың айтуынша, осыдан 58 жыл бұрын, яғни 1964 жылы пайдалануға берілген бұл нысанның эксплутациялық мерзімі әлдеқашан аяқталған. Жыл сайынғы жоспарлы жөндеуден мардымды нәтиже шықпайтыны да содан болса керек. Қазір мұнда көлік нөпірі 60-жылдары құрылыс жобасында қарастырылған көлемнен 60%-ға жоғары. Демек көпірдің жүктемесі шамадан артық.

Аталған стратегиялық нысан сонау 2000 жылдардың басында апатты деп танылған еді. Сол уақытта жер­гілік­ті билік тәулік бойы жүйіткіп жүре­тін көліктердің салмағына бұл инфра­құры­лымның шыдас бермейтініне алаң­дап, оның темірбетонды құрылымын бөлшектеуді көздеген болатын. Әйтсе де жөндеу жұмыстарының құны шамамен 200 млн теңгеге бағаланып, бұл сол кезеңдегі ақша бағамына сәйкес қымбат болып шықты. Осылайша, өзекті мәселе жабулы қазан күйінде қалған еді. Тек жиырма жылға жуық уақыт өткен соң, оның өзінде көпірдің әр жері сыр бере бастағандықтан жергілікті шенділерге қордаланған проблеманы қайта қолға алуға тура келді.

Айталық, былтыр тамызда оның белгілі бір бөлігінде плиталар мен сүйеніштері қирап, мұнда көлік қозғалысына шектеу қойылған болатын. Абырой болғанда, адамдардың өміріне айтарлықтай қауіп туындаған жоқ.

«Дұрыс күтіп болмағандықтан бұл көпір әбден ескіріп, тозығы шықты. Әкімдіктегілер жобалық-сметалық құжаттың дайындалып жатқанын енді айтып отыр. Бұны әлдеқайда ертеректе қолға алу керек еді. Бюджет қаражатын өзін ақтамайтын қажетсіз жобаларға жұмсағанша, одан да осындай апатты нысандарды ретке келтіруге бағыттаған тиімді», деп пікір білдірген болатын қала тұрғындары.

Ескі көпірдің қасынан жаңасы салынады

Десек те бұл түйткілді мәселе­нің ше­шімі де табылғандай. Таяуда Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаевқа жаңа көпір­дің жобасы таныстырылды. Оны ескі кө­пірдің қасынан салу жос­парланып отыр. Жобаның құны шама­мен 30 млрд теңгеден асады. Өткелдің ұзындығы 1 ша­қы­рымға жуықтайды. Жаңа кө­пір­дің бел­ор­тасы, оның орна­ласуы жос­пар­да және профильде кіреберіс учас­келермен бірге жобаланған. Ол авто-жегін көпірінен 28,4 метр қашықтықта Ертіс өзенінің ағы­сы­на қарай төмен орналасады.

Төрт жолақты өткелдің жалпы ұзындығы – 1 350 метр. Оның ішінде автомобиль жолда­ры­ның кіреберісі – 540 метр және көпірдің ұзындығы – 810 метр. Сондай-ақ ені 1 метрлік қауіпсіздік жолақтары мен 2,25 метрден тұратын екі жүргіншілер жолағы қарастырылып отыр. Бұл ретте аталған жүргіншілер жо­ла­ғы қызметтік мақсатқа арнала­ты­нын айта кеткен орынды. Ал жаяу жүргіншілердің қоз­ға­лы­сына іргелес орналасқан ескі көпірді беру көзделген.

Тиісті жөндеу жұмыстары биыл басталмақ. Мердігерлер ны­санды 2025 жылға қарай өт­кізу­ді межелеп отыр. Бірақ ма­ман­дар құрылыс жұмыстарын бастау үшін бірқатар мәселені шешу қажет екенін ескертті. Атап айт­қанда, автожол көпірімен шек­­тесетін аумақта тұрғын үй салу көзделіпті. Алайда жауапты ведом­стводағылар бұл көпірдің құ­рылысына кедергі келтірмейді деп санайды.

Семейдің символындағы селқостық салдары

Семейдің мақтанышына ай­нал­ған аспалы көпірдің қандай күйге жеткенін айтудың өзі қиын. Рас, қалаға келетін кез кел­­г­ен турист оның маңында ес­­те­­­­лік фотоға түсуге құмар. Көп­­­­шілігі оны Ыстанбұлдағы Босфор көпіріне ұқсатып жатады. Анадолыдағы егізінен басты айырмашылығы – архитек­ту­ралық көркемдігі бірдей болға­ны­мен оның үстімен жүріп өткен әрбір жолаушы ондағы жолдың сапасын бүкіл өн бойымен сезе алады. Бұлай дейтініміз, 2001 жылы пайдалануға берілген нысан ұзақ жыл қараусыз қалып, оның жолдары шұрық-тесікке айналды. Жергілікті жауапты басқарма «жөндемеді» деп айта алмаймыз, жөндеу әрекеттерін жүргізіп-ақ көрді. Бірақ та бұл көпірдің өз ерекшеліктері бар әрі құрылыс кезінде жол жабыны өзгеше технологиямен төселіпті. Мұның барлығы ескерілмеген соң аспалы өткелдің жолы әр жерінен жамалған құрақ көрпеге айналғандай.

Осыдан 1-2 ай бұрын Семейге кезінде аталған жобаны іске асырған жапониялық ком­па­ния­ның өкілдері келіп, төл туын­ды­ларының қазіргі жағ­да­йына қа­ныққан еді. Мұндай көрі­ніске тап боламыз деп ойла­ма­ған күншығыс елінің мамандары шаһардың басты сим­волын қалпына келтіруге кө­мектесуге дайын екендерін жеткізді.

Аспалы көпірдің пилон­да­­рының биіктігі – 98,5 метр, ұзын­дығы – 1 086 метр (750 м – аспалы бөлігі) және іргелес жолдардың ұзындығы – 14,5 шақырым. Бес инфрақұрылымдық жол өтпесі, үш жерасты өткелі және көпірдің астында демалыс аймағы бар.

Мұнда көлік қозғалысының 6 жолағы ескі көпірдің, ел ішіндегі жол­дар­дың, халықаралық жол­дар­дың, оның ішінде Омбы – Новосібір бағытындағы күре жол­дың жүктемесін азайтуға мүм­кін­дік береді. Десе де құры­лыс аяқталғаннан кейін көпірге қызмет көрсетілмей бұл жол жа­бынының айтарлықтай нашарлауына әкелді. Техникалық қызмет көрсету және оның кү­тіміне арналған қаражаттың жет­­­кілік­сіздігі, білікті маман­дар­дың тапшылығы жол төсемі­нің бұ­зылуына, металл құ­ры­лым­­дарының коррозиясына, лиф­ті­лер­дің, электр жабдықтары мен электр желілерінің бұзылуы­на әкеліп соқты.

«ITOCHU Corporation және IHI Infrastructure System Co, Ltd ком­паниясының мамандары орта­лық тас жолдың сыртқы жабынын кесу жұмыстарын бас­­тауға ниетті. Көпір жабы­ны­­ның және байланыстырушы тү­йіндердің жалпы жағдайын анықтау үшін алты жерден бөліктер зерттеуге алынады. Жұ­­мыстың бұл түрі 2 айдың ішінде аяқталуға тиіс. Алынған үлгілер зертханалық сынамаға жіберіледі. Сондай-ақ тозу мен коррозияны механикалық және химиялық тексеруден өткізу үшін кабель үлгілері алынады. Олардың да нәтижелері шама­мен екі айда белгілі болады», делінген қалалық әкімдік тарат­қан ақпаратта.

Тұтастай алғанда, асфальт жа­быны мен кабельдің жағ­да­йын тексеру жұмыстары жыл соңына дейін жалғасады. Осыдан кейін ғана жұмыс көле­­мі және олардың күр­делі­лігі анықталады. Тек­серудің нәти­жесіне сәйкес қоры­тын­ды беріліп, соның не­гізінде жобалық-сметалық құ­жатты әзір­­­леу жоспарланып отыр.

Алдын ала болжам бойынша жобалау жұмыстары жыл соңына дейін басталуға тиіс. Оған кем дегенде алты ай қажет. Ал қар­жы­ландыру мәселесі келесі жыл­дың аяғында немесе 2024 жылы шешілмек. Бұдан кейін жо­ба­ның қай бөлігін жапон тарапы, ал қайсысын қазақстандық тарап қаржыландыратыны туралы шешім қабылданады.

Жылжымалы көпірдің артықшылығы

Бұл орайда облыс орталы­ғын­да 2000 жылдарға дейін тағы да бір көпір жұмыс істе­ге­нін айта кетейік. 90-шы жыл­дардың басында қалада понтон көпірі, яғни жылжымалы құ­ры­лымдардан тұратын өткел ашылып, оның көмегімен кө­лік құралдары көктемнен бастап қар түскенге дейін қос жаға­лау­ға қатынап жүретін. Оның ар­тық­шылығы сол, «Жаңа Се­­мей­дің» халқы орталыққа лезде жетіп, уақыт ұттырмайтын. Яғни понтон көпірімен Бей­біт­­шілік аралы (бұрынғы Түйе­мойнақ аралы) арқылы Киров көпірінен өтіп, қаланың орта­лық ауданына жетудің қысқа жолы қарастырылған болатын. Өкінішке қарай, жаңа ғасыр­дың басында көпірдің қызметі тоқтап, өткелдің барлық 8 сек­ция­сы бөлшектелген күйде За­тон ауданындағы кеме­жай­дың қоймасына жібе­ріл­ді. 90-шы жылдардағы эконо­микалық қыс­пақтың кесі­рі­нен аталған кө­пір­дің металл құры­лым­да­рының бір бөлігі тоналып, сол секілді бар­лық сек­циясының корпустары бү­ліну­мен бірге электр жаб­дықтары толығымен ұрланып тынды.

Мемлекет басшысының пәр­­­­ме­­німен биыл Семей өңірі Абай облысы болып, қайта жа­ңаруға мүмкіндік алды. Енді се­мейліктер еліміздің рухани орталығындағы түйткілді мәсе­лелер лайықты шешімін табады деген үмітте.

 

Абай облысы