Өскемен қаласында әйелдер арасында ITF World Tennis Tour W25 турнирі жалғасуда, деп хабарлайды Egemen.kz.
Қазақстан теннис федерациясынан мәлім еткендей, қазақстандық Гөзал Айнитдинова алғашқы айналымда Израиль өкілі Коэн Сапирмен шеберлік байқасты.
Қазақстандық спортшы қарсыласын 6:2, 6:1 есебімен оңай жеңді.
Г.Айнитдинова ширек финалға шығу үшін отандасы, осы жарыстың 6-ракеткасы Жібек Құламбаевамен таласады.
Өскемен теннисінің жас жұлдыздары Татьяна Николенко мен 14 жастағы Мәлика Әмірғалиева екінші айналымға шыға алмады. Т.Николенко ресейлік Екатерина Маклаковаға еш қарсылық көрсете алмады – 0:6, 0:6.
Мәликаның әлемдік рейтингте 1473-орында тұрған 21 жастағы ресейлік Арина Соломатинамен матчы тартысты өрбіді. Үш сағатқа жуық уақытқа созылған бәсекеде ресейлік спортшы 3:6, 6:2, 6:3 есебімен жеңіске жетті. Дегенмен М.Әмірғалиева додада қалады, ол ертең ширек финалда жұптық кездесуін өткізеді.