• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Елорда 10 Тамыз, 2022

Елордалық ҚХА өкілдері киелі орындарды аралады

463 рет
көрсетілді

Нұр-Сұлтан қаласы Қазақстан халқы Ассамблеясы, этномәдени бірлестік мүшелері, ЖОО тарихшылары Павлодар облысының киелі нысандарына барды, деп хабарлайды Egemen.kz елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Сапардың негізгі мақсаты – еліміздің тарихи маңызы бар жерлерін аралап, келешек ұрпаққа оны жіті таныстыру. Сапар бағыты Екібастұз қаласы Ақкөл-Жайылма ауылы, Баянауыл ұлттық табиғи саябағы, Қоңыр әулие үңгірі, Мәшһүр Жүсіп Көпеев кесенесі және Әулие бұлаққа қарай жасалды.

Елордалық Достық үйі алаңынан жинақталып, жолға шыққан топ, ең алдымен Павлодар облысы Екібастұз қаласы маңындағы ауылға барып Исабек Ишан мешітіне соғып, мұражайымен танысты.

Одан әрі делегация Павлодар облысындағы Баянауыл ауылының солтүстік-шығысында, 17 км қашықтықта орналасқан «Қоңыр әулие» үңгіріне барды. Баспалдақтардың ұзындығы 110 метр, үңгірдің жалпы ұзындығы 30 метр болатын Қоңыр Әулиеге тағзым етті.

Саяхатқа барған делегация мүшелері «Таза Баян – Таза Жүрек» экологиялық сенбілігін ұйымдастырды. Барлығы бірге көлдің жағасын қоқыстан тазартты.

Келесі кезекте Мәшһүр Жүсіп Көпеев кесенесі және Әулие бұлаққа археологиялық-этнографиялық қорым ескерткішіне барды.

Кесене шырақшысы келген делегацияға Мәшһүр Жүсіп Көпеев туралы толыққанды мағлұматтар беріп, қатысушылар көкейдегі сұрақтарына жауап алды. Сондай-ақ кесене басына барған делегация құрбандыққа мал шалып, құран оқып, малдың етін елордадағы тұрмысы төмен отбасыларға таратып берді.

«Біздің қасиетті жерлерге жасаған сапарымыз керемет әсер қалдырды. Әсіресе Мәшһүр Жүсіп Көпеев бойындағы қабілеттерін естіп таң қалдым. Ол кезде білім әлі берілген жоқ, бірақ сонда да қаншама сынақтардан өтіп, өзін дәлелдеп шыққан. Қазір оны барлығы танып білу үшін жан-жақтан саяхатпен келіп жатыр.

Сондай-ақ, Қоңыр Әулие үңігіріне бардым. Ол жаққа көтерілу мен үшін қиын болды. Айналасындағы табиғаттан ерекше әсер алдым. Қазақстандағы мұндай ғажайып орындардан бейхабар едім. Мұндай жерлерге алғаш рет келіп отырмын. Мұнда ғасырлар бойы жатқан тастар мен таулар, олардың арасында өсіп тұрған қайыңдар ерекше әсер қалдырды. Келешек ұрпақ өз елінің тарихын міндетті түрде біліп, дамуы керек және өткенді білуі қажет. Өткенсіз болашақ жоқ», деді делегация мүшесі, елордалық кәріс этномәдени бірлестігінің өкілі Пак Надежда Васильевна.

Айта кетсек, елордалық ҚХА бұған дейін Ақмола, Қарағанды облыстарының киелі жерлеріне саяхаттаған болатын. Мұндай сапарлар алдағы уақытта дәстүрлі түрде өтетін болады.