Күні-түні дамыл таппай шапқылап жүретін учаскелік инспекторлардың жұмысы жеңіл деп айта алмаспыз. Үйдегі былықты да, қорадағы ұрлықты да, ауыл ішіндегі сұмдықты да тәртіп сақшысының көмегімен шешуге асықпыз. Әйтсе де, «Керек кезінде таппай қаламыз» деген тұрғындардың шағымы да шаш-етектен. Бүтін бір ауылдың тәртібіне жауапты учаскелік инспектор міндетін мінсіз атқарып жүр ме?
Көмекшілермен «көзі ашылды»
Осыдан бірнеше жыл бұрын «екі үйге бір көсеудің» кебін киіп, учаскелік полиция қызметкері екі ауылдың ортасын шаңдатып жүретін. Әкімдердің есептік кездесуінде тұрғындар «іздесең таппайсың» деп мұңын шағатын. Түрін де танымаймыз дегендер де табылды. Сөздерінің жаны бар. Шынымен де, «учасковыйды» мектептегі түлектер кешінде немесе облыс орталығынан лауазымды тұлғалар келгенде ғана көретін еді жұрт. Тиіп-қашып жұмыс істеген соң «тиіседі» де тұрғындар.
Бұл проблеманы Ішкі істер министрлігі рет-ретімен шешіп жатқанға ұқсайды. Бүгінде елімізде 6 мыңға жуық учаскелік инспектор және 600-ден аса көмекші тәртіп орнатуға атсалысып жүр. Қоғамдық көмекшілер де қатарда. Бұған дейін ауылдық округ құрамындағы бірнеше елді мекенге жауапты болған инспекторларға көмекшілер қолұшын созып, сәйкесінше, тәртіпсіздік те азая түскенін айтады құзырлы орган өкілдері.
Жасыратыны жоқ, учаскелік полиция инспекторы болудан қашқақтайтындар көп. Жұмысы қауырт қой. «Учаскелік полиция инспекторлары – ішкі істер органдары жүйесіндегі ең көпфункциялы институт. Олар қылмыстың 12 құрамы бойынша іс жүргізсе, әкімшілік құқық бұзушылықтың 47 құрамын қарап, жаза қолдана алады. Азаматтардың құқықтарын қорғау, отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық, құқықтық тәртіп пен жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету, көші-қон, қоршаған ортаны қорғау, аумақтарды абаттандыру, сондай-ақ есірткі пайдалану, жануарларға қатыгездік таныту, заңсыз аң аулау және ағаштарды жою – учаскелік полицияға жүктелген мәселелер тізбегі осылай жалғаса береді. Бұл тізімде кәмелетке толмаған жеткіншектердің түнгі уақытта ойын-сауық мекемелерінде болмауын қадағалау, темекі өнімдерін тұтынуына тыйым салу да бар. Олардың мойнына есепте тұрған азаматтар мен пробацияда жүргендерді бақылау, нашақор және бұрын сотталған азаматтардың тәртібін қадағалау міндеті де жүктелген.
«Іздесең таппайсың, қалай ақтайсың»?
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында учаскелік полиция қызметкерлеріне қойылатын талаптарды күшейтумен қатар, оларға тиісті жағдай жасауды да тапсырған еді. Осы ретте оларға көмекшілер беру, қызметтік көлікпен қамту ісі де назардан тыс қалмақ емес.
Павлодар облыстық полиция департаментінің жергілікті полиция қызметі басқармасының аға инспекторы Қайрат Сатыбаевтың айтуынша, былтыр учаскелік инспекторларға 29 қызметтік көлік табысталған. Биыл 20 көлік берілмек.
– Облыс бойынша 336 учаскелік инспектор және 48 көмекші еңбек етіп жүр. Елді мекендердің орналасуы назарға алынып, әр тәртіп сақшысына жауапты аумақтар бекітілді. Әлі де болсын учаскелік инспекторлардың қажеттілігі туындайтыны сөзсіз. Бұл мәселе рет-ретімен шешіліп жатыр. Қызметтік көліктердің дені ескі. Десе де, жыл сайын техника паркі жаңартылып жатқанын атап өткен жөн, – дейді Қ.Сатыбаев.
Баспана мәселесі шешілмегендіктен, учаскелік инспекторлардың көбі аудан орталығынан қатынап жүрген көрінеді. Тұрғындардың керек кезде таппай қалатыны да сондықтан. Жергілікті әкімдіктен арнайы кабинет берілсе де, қашан барсаң есігі тарс жабық деп арыз айтады тұрғындар. Ұялы телефонына хабарлассаң, «Рейдте жүрмін» деп құтылады екен.
Жақында Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев бұдан былай ауыл әкімдері, полиция инспекторлары өзі қызмет істейтін ауылда тұруы керек деген талап қойды. Бұл бастама әлеуметтік желілерде желдей есіп, қоғамда қызу талқыға түсті.
«7 ауданда да, қалада да ауыл әкімдері мен учаскелік инспекторлардың көбісі ауылдық округтерден қатынап жұмыс істейді. Оны ауылдың адамдары кейде таппайды деген сөз. Ауылда түрлі жағдай болып жатады. Мал ұрланса, сол сәтте полиция инспекторларын таппай қалады. Кетіп қалғаннан кейін телефонын да алмайды. Сондықтан ауыл әкімі, полиция инспекторы, мектеп директоры сол ауылда тұруы керек. Көшіп бармаса, жұмысты қойсын. Басқа ауылдан көшіп барса да, өзі қызмет ететін ауылда тұрсын», деген еді облыс әкімі.
Мал ұрлығына «учасковый» ғана жауапты ма?
Күзде мал ұрлығы өрши түсетіні белгілі. Әншейінде, қой-ешкісі бөтен үйге түнесе, «таңертең өріске шығар» деп жайбарақаттық танытатын ағайын ұрыларға ұрынып қалмасақ екен деп төрт түлігін түгендейтін болған қазір. Учаскелік полиция қызметкерлерін де қауырт жұмыс күтіп тұр.
Оңай олжаға кенелуді мақсат еткен барымташылар қыста да қысылмай, бораннан адасып кеткен малды құрығына түсіруге кет әрі емес. Көп жағдайда күзде мал семірген уақытта қулығын асыруға тырысатыны белгілі. Сандарды сараптап, тәртіп сақшылары қол қусырып отыр деуге келмес. Павлодар облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары Болат Нұрсейітовтің айтуынша, бұрындары мал ұрлығы жалғыз учаскелік полиция қызметкерінің жұмысы сияқты қаралатын.
– Бүгінде Ішкі істер министрлігі, Ауыл шаруашылығы министрлігі, ветеринарлық қызмет және жергілікті әкімдік мамандарымен бірлесіп, кешенді жұмыстар атқарылуда. Нәтижесі жаман емес. Қараусыз қалған мал ұрланатынын ескерсек, төрт түлікті бақпай, бос жіберген мал иелеріне 3-10 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл қарастырылған. Қала берді, Қылмыстық кодекске «Мал ұрлығы» деген арнайы бап енгізіліп, дүние-мүлкін тәркілеумен 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы белгіленген. Әрине, жазаның күшейтілуі қылмыстың азаюына сеп болатыны түсінікті. Мал ұрлығымен айналысатындар жалғыз жүрмейді. Қылмыстық топ құрып, айласын асыруға тырысады. Әр ауылда сыбайластары болуы мүмкін. Оларды құрықтау мақсатында жедел алдын алу іс-шаралары жиі ұйымдастырылады. Тұрғындармен де түсіндіру жұмыстары жүйелі жүргізілуде, – дейді Б.Нұрсейітов.
Қылмыстық топ демекші, былтыр қыркүйек айында Екібастұз қаласында 7 адамнан құрылған әккі топ құрықталған. Олар базарда ресми түрде ет сатумен айналысқандықтан, әу баста күдік тудырмаған. Кейін жымысқы әрекеттері әшкере болып, қолға түсіп отыр. Белгілі болғандай, қылмыстық топ әр апта сайын жергілікті ірі шаруа қожалықтардан 1-2 қараны ұрлауды әдетке айналдырған. Ал Ақтоғай ауданында ұсталған қылмыстық топ мал етін көршілес орналасқан Ақмола облысына жөнелтіп отырған.
– Жалпы, кешенді шаралардың нәтижесінде соңғы 5 жылда мал ұрлығы 66,6 пайызға азайып отыр. Тәртіп сақшылары әрдайым базарларды, мал соятын орындарды, бұрын мал ұрлығына қатысы болған азаматтарды бақылауда ұстауда. Тұрғындарды да сақтық шараларын естен шығармауға шақырамыз. Ең әуелі жергілікті әкімдікпен бірге бақташы мәселесі шешімін тапса игі. Мал ұстаған ағайынның бәрі бірдей GPS-трекер орнатуға шамасы жетпес. Десе де, заманауи құрылғылардың ұрлықтың алдын алуға көмегі көп екені дәлелденуде. Малды сырғалау жұмыстары да жүйелі атқарылуға тиіс, – дейді Б.Нұрсейітов.
Өңірдегі төрт түліктің үштен бір бөлігі Баянауыл ауданына тиесілі. Сәйкесінше, мұнда мал ауруы да, ұрлығы да өзгелермен салыстырғанда көбірек. Былтыр күзде Күркелі ауылдық округінің тұрғындары мал ұрлығы өршіп тұрғанын айтып, дабыл қаққан еді. Елді мекен аумағында сиырдың басы табылған. Кейбір ауыл тұрғындары «менің сиырымның басына ұқсайды» деп байбалам салған соң, полиция қызметкерлері арнайы тексеру жұмыстарын жүргізген. Нәтижесінде, өлген мал ауыл тұрғындарына тиесілі емес екені анықталыпты. Сөйтсек, Қарағанды облысының Баянауыл ауданына жақын орналасқан ауыл тұрғындары малдың етін Екібастұз қаласына тапсырады екен. Онда сиырдың басын сатып алмайтындықтан, орта жолда тастап кететін көрінеді. Бір ғана сиырдың басы бүкіл ауданның проблемасын айқындап бергендей. Мұнда сиырдың бағылмайтыны соншалық, тұрғындар өз малдарын танудан қалған. Ауыл тұрғындары өлген сиырдың басын ескерту деп қабылдағаны абзал. Бағылмайтын малдың қолды болмасына кім кепіл?
«Жолда қабылдау» – тиімді тәсіл
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауында: «Жұртқа жақын полиция» қағидаты бойынша жергілікті полиция қызметінің мейлінше тұтас реформасын жасау қажеттігі пісіп-жетілді. Осыған орай учаскелік инспектордың рөліне баса мән берілетін болады», деген еді. Бүгінде Президенттің тапсырмасына орай учаскелік полиция инспекторларының мәртебесін көтеруге бағытталған заңнамалық шаралар әзірленуде. Жергілікті жерлердегі учаскелік пунктеріне жөндеу жұмыстарын жүргізу, қосымша учаскелік пунктер салу, учаскелік инспекторларды қызметтік көліктермен қамтамасыз ету сияқты жұмыстар жалғасуда.
Жолдауда «Азаматтардың мәселелерін тыңдап, көріп қана қою жеткіліксіз. Ең бастысы, дұрыс және әділ шешім шығару қажет», деген тапсырма берілді. Бұл орайда Ішкі істер министрлігі өз жұмысының ашықтығына да ерекше мән беруде. Тұрғындардың сенімін арттыру және халықпен ашық-жарқын кездесуді жүзеге асырудың бір жолы – тұрғындарды кедергісіз қабылдау. Әрбір арыз-шағымның артында бір адамның ғана емес, бір отбасының тағдыры тұратыны белгілі. Сондықтан да министрлік басшылары азаматтарды қабылдау тәртібін қайта қарап, бүгінде бұл іс жүйелі жүзеге асырылуда. Ал облыстық, аудандық және қалалық полиция басшылары мен орынбасарлары адамдарды қабылдауды жиілетті.
«Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы аясында ұйымдастырылатын «Жолда қабылдау» акциясы да адамдармен тікелей байланыс жасаудың ұтымды жолы екеніне көз жетті. Тұрғындарға полиция қызметі жайлы ақпараттарды әлеуметтік желілер арқылы да хабарлап отырудың пайдасы зор болуда. «Жұртқа жақын полиция» қағидатын жетілдіру мақсатында атқарылып жатқан тағы бір жұмыс – полиция қызметіне баға беруде қоғамдық пікірмен санасу десек, осы бағытта тәуелсіз институттар әлеуметтік зерттеулер жүргізуде.
Халықтың полицияға деген сенімін арттыруда қылмыстың ашылуы маңызды рөл атқарады. Бүгінгі технология қарыштап дамыған заманда қылмысты ашу және тергеудің қолданылып жүрген әдістері мен тәсілдерін IT-технология басып озғаны анық. Бұл ретте ішкі істер органдары қызметінің ақпараттық қауіпсіздігін қамтамасыз ететін және ақпараттық коммуникациялық технологияны қолдану арқылы жасалған құқықбұзушылықтарды ашатын кадрларды даярлауға да баса мән берілгені абзал.