«Абай күні» мерекесі еліміздің түкпір-түкпірінде өз деңгейінде атап өтілді. Ақынның туған күніне орай ел астанасында да бірқатар мәдени іс-шара болды. Рухани мереке елордалық зиялы қауымның Абай ескерткішіне гүл қою рәсімінен басталды.
Ұлттық академиялық кітапханада Абай күніне арналған «Абай тағылымы» атты әдеби-мерекелік жиын ұйымдастырылды. Атап айтсақ, «Абай әлемі» атты кең көлемді кітап көрмесі мен сирек қордағы материалдар ұсынылған көрме өткізілді. Сондай-ақ елімізге белгілі абайтанушылардың қатысуымен өткен дөңгелек үстелде ақын өмірі мен шығармашылығы туралы түрлі тақырыпта баяндамалар оқылды. Одан бөлек Абай шығармаларын мәнерлеп оқу марафонына мектеп оқушылары қатысып, өз өнерлерін көрсетті. Ақын мұраларын білуге арналған викторинамен жалғасқан мерекелік жиын басқа да танымдық іс-шараларға ұласты.
«Әр халықтың, ұлттың бүгінгі күнмен астасқан мәселесін кешегімен, ертеңгімен жалғастыратын ұлы тұлғалары болады. Біз үшін де көне түркі жазулары мен Абай идеясы – сондай ұлы құндылық. Сондықтан да Абай күнін атап өту – ұлт үшін үлкен рухани есеп. Мемлекет басшысының Жарлығымен биыл үшінші рет атап өтілетін Абай күніне арналған жиынымыздың мақсаты – хакім Абайдың теңдессіз мұрасын халыққа жеткізу, жас ұрпақтың санасына ақын идеясын сіңіру», дейді Ұлттық академиялық кітапхана директоры Ғазиза Құдайбергенқызы.
Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен өткен мерекелік жиынға Қазақстандағы дипломатиялық елшіліктер, филология ғылымдарының докторы Шәкір Ыбыраев, күйші, композитор Жанғали Жүзбай, абайтанушы, ғалым Сұлтан Ыбырай, филология ғылымдарының кандидаты Ербол Тілешов, абайтанушы, ғалым Ернат Қашқынов және басқа да әдебиетшілер мен зиялы қауым өкілдері қатысты.
Сонымен қатар Абай күнін елордалық полицейлер де атап өтті. Мерейлі мереке аясында Нұр-Сұлтан қаласының Полиция департаменті ақынның 177 жылдығына арналған бірқатар іс-шара ұйымдастырды. Мәселен, департаментте Абайдың асыл мұрасын насихаттайтын «Тұлғаға тағзым» атты кітап көрмесі қойылды. Сондай-ақ департаменттің ведомстволық музей басшысы, тарих ғылымдарының магистрі Шынар Уайсова жеке құрам арасында Абай Құнанбайұлының өмірін насихаттау, ақынның шығармашылығы арқылы патриоттық рухты тәрбиелеу бойынша дәріс өткізді.
Айта кетейік, дәрістің мақсаты – ақын мұрасының қазақ руханиятында алар орны, ұрпақ тәрбиесіндегі маңызы мен оның құндылығы, ұлттық идеологияны қалыптастырудағы рөлі жөнінде кеңінен ақпарат беру, сол арқылы тәртіп сақшыларының патриоттық, ерлік, жігерлік сезімдерін нығайту болып отыр.
Іс-шара барысында полицейлер ғұлама ақынның өлеңдерімен, абайтанушылардың зерттеулерімен тереңірек танысып, күнделікті қарбалас жұмыстарынан бір уақыт алшақтап, пайдалы мағлұмат алды.
Абай күніне орай Қазақстандағы АҚШ елшілігінің қызметкерлері де Абай өлеңдерін оқып, бейнежазба таратты.
«Қазақстанға келгелі бері біз де хакім Абай Құнанбайұлының өлеңдерімен танысуды жөн көрдік. Сонымен қатар үзінді болса да кейбірін жатқа айтқымыз келеді», дейді Брайан есімді қызметкер өзінің бейнеүндеуінде.
Атап айтсақ, АҚШ елшілігінің қызметкерлері «Сенбе жұртқа, тұрса да қанша мақтап», «Құлақтан кіріп, бойды алар» өлеңдерін оқыса, ал Джон есімді тағы бір қызметкер «Көзімнің қарасы» әнін орындап берді.
Ақынның туған күніне арналған бұл марафон Бейжіңде де жалғасты. Бейжіңнің Орталық «Чаоян» саябағындағы «Цзиньтай» музейінде Абай күнін мерекелеу аясында Абай оқулары өтті. Іс-шара 2014 жылы наурызда Қытай астанасының орталығындағы «Чаоян» саябағында орнатылған Абай ескерткішіне (авторы – әйгілі қытай мүсіншісі Юань Сикун) гүл қою рәсімінен басталды.
Абай оқуларын ҚХР министрліктері мен ведомстволарының, ШЫҰ Хатшылығының өкілдері, Қытайдағы ТМД елдері дипломатиялық өкілдіктерінің басшылары, қазақстандық және қытайлық студенттер тыңдады. Сондай-ақ мәдени жиын қонақтары қазақ және қытай тілдеріндегі Абай шығармаларының жинақтарымен танысты.
Қазақстанның ҚХР-дағы елшісі Шахрат Нұрышев құттықтау сөзінде Абайдың шығармашылығы, оның қазақ философиясы мен әдеби тілді қалыптастырудағы рөліне тоқталды. Елші 2015 жылдан бастап Бейжің, Шанхай, Далянь және Сиань жоғары оқу орындарында «Қазақстан орталықтары» мен қазақ тілі кафедралары ашылғанын, онда қазақ әдебиеті, мәдениеті, тарихы және Абай шығармалары зерттелетінін баяндады.