Еліміздің рухани ордасы Алматыда «Абай күніне» арналған бірқатар шаралар шоғыры өтті. Мегаполис тұрғындарына ерекше көңіл күй сыйлаған мазмұнды жобалар рух мерекесінің маңызын арттыра түскенін айтуға тиіспіз.
«Абай күнін» мерекелеу ақын ескерткішінің алдына гүл шоқтарын қойып, ұлы тұлғаның рухына тағзым етумен басталды. Іс-шараға қабырғалы қаламгерлер бастаған зиялы қауым, қала билігінің өкілдері мен жас абайтанушылар қатысты. Аға буын жастарға тағылымды ой тастап, Абай әлеміне таза көңілмен үңілуге шақырды.
«Алатау» дәстүрлі өнер театрының қыз-жігіттері метроға түсіп, жолаушыларды Абай әндерімен сусындатты. Музыкалық аспаптар асынған кәсіби шеберлер бәзбір тұтас театр метроға көшіп келгендей әсер сыйлады. Осылайша, сұлу сөз бен сырлы саздан қуат алған алматылықтар жұмысқа шат көңілмен аттанды. Өнерпаздарға ризашылық көңілін білдірген тұрғындар алғысын айтып, қариялар батасын берді.
«Расында жұмысқа ерекше көңіл күймен бара жатырмыз. Бүгін халқымыздың ұлы ақынының туған күні екенін біреу білсе, біреу білмеуі мүмкін. Өзім де бұл күн ресми түрде «Абай күні» деп аталғанын бүгін біліп отырмын. Бұдан былай жүрген жерімде айта жүремін. Өнерпаздарға көптен-көп рахмет, Абай әндерін бәріміз қосыла шырқадық», дейді қала тұрғыны Бейбіт Есенбаев.
«Абай күнін» айрықша атап өткен «Алатау» театры кешке қарай «Күн артынан күн туар» атты театрландырылған концертімен көрерменге әдемі әсер сыйлады. Кеште хакімнің «Көзімнің қарасы», «Айттым сәлем Қаламқас», «Татьянаның әні», «Қараңғы түнде тау қалғып» секілді танымал әндері орындалды.
Ә.Қастеев атындағы өнер музейінде «Абай шығармаларына арналған иллюстрациялар» тақырыбында танымдық дәріс өтіп, кемеңгер тұлғаның кенептегі кесек бейнесін паш еткен арнайы көрме ұйымдастырылды. Ұлы тұлғаның образдары мен шығармаларына арналған қылқалам шеберлерінің кескіндемелік, графикалық және мүсіндік туындылары атаулы күннің маңызын салмақтай түсті. Өнертанушы Сандуғаш Мырзабекова жүргізген дәріс барысында Абай бейнесіне және оның мұрасына суретшілер көзімен қайта қарауға шақыратын пайымды пікірлер айтылды. «Қоғам өзгерді, әлемдік өркениетке еркін араласып, рухани дүниеге жаңаша қараудың үлгісін тани бастадық, жаңа әдістемелер мен технологиялар тасқыны да ағылып келіп жатыр. Суретшілеріміз үшін Абай бейнесі, оның шығармаларындағы образдар тың кейіпте ашыла бастады», дейді өнертанушы.
Шаһардағы тағы бір мәдениет ошағы Мемлекеттік Орталық музейде өткен «Жүректің көзі ашылса» атты әдеби-шығармашылық кеш шымылдығы «Темірен» театры сахналаған моно-драмамен ашылып, ақындар мен әншілердің ән-жыр шашуына ұласты. Жиналғандарды өнер ордасының директоры Рашида Харипова, Қазақстан Жазушылар одағы төрағасының орынбасары Бауыржан Жақып бастаған қонақтар құттықтап, тұтас ел көлемінде аталып өтіп жатқан «Абай күнінің» маңызына тоқталды. Дәстүрлі әнді дәріптеген Еркін Шүкіманов, Саят Нұрғазиндер Абай әндерін тебірене шырқап, Әлібек Шегебай, Әсел Оспан, Айгүл Жұмаділ қатарлы ақындар ойшылға арнаған өлеңдерін оқыды. Музей төрінен орын алған «Ұлы даланың ұлы ақыны» көрмесі Абай бейнесіне тереңнен үңілуге шақырады. Топтама музей қорындағы ақын өмірі мен шығармашылығына қатысты шоқтығы биік шығармаларды қамтыған.
Таным ордасының талай тарихын көздің қарашығындай сақтап отырған Алматы музейі де Абай күнін мерекелеуден қалыс қалған жоқ. Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық музей қорынан арнайы әкелінген экспонаттар келушілер назарына ұсынылды. Музей қонақтары Абай әлеміне қатысты тың деректерге қанығып, ақынның туған жері, өскен ортасы туралы әзірленген бейнематериалмен танысты.
Сондай-ақ бұл күні Ұлттық кітапханасында, жоғары оқу орындарында поэзия кештері өтіп, Абай мұрасы асқақтады. Ұлы ақынның асыл мұрасын насихаттау мен жас ұрпақ бойына сіңіруге бағытталған игі шаралар Алматы қаласында тамыз айының соңына дейін жалғасады.
АЛМАТЫ