Атырау облыстық ауруханасында алуан түрлі ауруды анықтайтын FibroScan аппараты іске қосылды. Енді бұл аппаратпен бауырдың зақымдануын, цирроз бен онкологиялық аурудың белгісін анықтауға жол ашылып отыр. Жаңа аппаратты «Теңізшевройл» ЖШС демеушілік көмекпен алып берді.
Облыстық аурухананың функциональды диагностика дәрігері Алтынай Нұрышеваның айтуынша, осындағы гепотологиялық орталықта мұндай аппарат алғаш рет 2013 жылы алынған. Ал жаңа аппаратпен енді балалардағы сырқатты анықтауға мүмкіндік жасалып отыр.
– ҒibroScan – бауырдың зақымдану деңгейін дұрыс бағалауға, болжауға, ағзадағы созылмалы диффуздық аурулардың динамикасына, яғни гепатиттің өршуі мен оның циррозға ауысуына бақылау жүргізетін аппарат. Жаңа аппаратпен бауырдағы онкологиялық аурудың ошағы да анықталады, – дейді Алтынай Нұрышева.
Оның айтуынша, ауру белгілерін анықтау еш жарақатсыз әрі қауіпсіз жүргізіледі. Науқасқа зерттеу жүргізудің кері әсері жоқ. Пациентті алдын ала тексеру, дайындау, стационарға жатқызу қажет емес.
– Жергілікті дәрігердің жолдамасымен келген әр адам жаңа аппараттан тексеруден өте алады. Тексеру 10-15 минутқа созылады. Оның нәтижесі пациентке бірден беріледі. Ал бауырды фибросканерлеу бірнеше рет жүргізілуі мүмкін. Мұндай тексерудің диспансерлік бақылау мен терапияның тиімділігін қадағалау кезінде маңызы зор, – дейді А.Нұрышева.
Атырау облысы