• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
Аймақтар 11 Тамыз, 2022

Түркістанда медициналық-ақпараттық Call-орталық ашылды

178 рет
көрсетілді

Түркістан облысында тәулік бойы жұмыс істейтін бірыңғай медициналық-ақпараттық Call-орталық ашылды. Денсаулық сақтау саласындағы сапаны жақсарту үшін облыстық қоғамдық денсаулық басқармасы жанынан құрылған Сall-орталыққа өңірдің кез келген тұрғыны 1305 қысқа нөмірін теру арқылы хабарласа алады.

Облыстық медициналық қызметтердің жұмысын үйлестіруді жақсарту, азаматтардың барлық өтініштерін уақтылы бақылау, сондай-ақ ақпараттық-талдау орталығын құру, тұрғындарға сапалы қызмет көрсету негізгі міндеті  болып саналатын орталықтың ашылу салтанатына облыс әкімінің орынбасары Арман Сабитов, қоғамдық денсаулық басқарма басшысы Марат Пашимов қатысты. «Тұрғындар Call-орталыққа қоңырау шалып, белгілі бір медициналық мекеменің немесе нақты маманның жұмысы туралы шағым жасап,денсаулық сақтау саласында кәсіби жауаптар ала алады. Call-орталыққа келіп түскен шағымдар шұғыл түрде қаралып, операторлардың қызмет көрсету сапасын бақылау жөніндегі бас дәрігерлердің орынбасарларымен тікелей байланысы арқылы пысықталатын болады. Шағымдар негізінде тоқсан сайын облыстың медициналық ұйымдарының рейтингтері жасалады», дейді Марат Пашимов.

Орталықта 12 адам жұмыс істейді. Оның ішінде 10 оператор бар. Олардың бәрі – медицина саласының өкілдері. Түркістан облысы бойынша 1305 нөміріне ұялы телефондардан қоңырау шалу тегін.  Орталық медицина мекемелері мен халық арасындағы байланысты жақсартып, қызмет сапасын арттырады деп жоспарланып отыр.