Қарағандыдағы облыстық кардиохирургия орталығында аса күрделі оталарды жасайтын жоғары білікті мамандар еңбек етеді. Мысалы, жыл басынан бері аталған медициналық мекемеде аортасы үзілген бес науқасқа ота жасалған.
Дәрігерлердің айтуынша, бұл патологияның қауіпті тобына емдеуден өтпейтін жоғары қан қысымы бар және атеросклерозы бар адамдар жатқызылады екен.
Мамандар аортаның жыртылу жағдайларының 80%-ы бақытсыз жағдаймен аяқталатынын айтады. Себебі ең үлкен тамыр мен оның қабығы толық жыртылса, адам қанды көп жоғалтып, жүріп кетуі әбден мүмкін.
Таяуда аталған орталықтың кардиохирург дәрігерлері қолқа тамыры үзілген науқасты ажалдан арашалап қалды. Жасы 58-ге келген қала тұрғыны өзін нашар сезінгендіктен жедел жәрдем кардиологиялық орталыққа жеткізген екен. Бұл жерде оған аортаның жарылуы диагнозы қойылды.
Жоғары санатты кардиохирург, кардиоорталықтың директоры Арыстан Мағзұмов тамырдың жарылуы екі кезеңнен тұратынын айтады. Бірінші жағдайда аорта үзіліп кетеді екен де, адам бірден көз жұматын көрінеді. Ал кейде ішкі бөлік жарылып, тамыр сыртқы қабатында ұсталып тұрады екен.
– Бұл – аман қалуға мүмкіндігі бар пациенттер. Өйткені жыртылған жерді протездеу жұмыстарын жүргізуге мүмкіндік бар. Ал бұл науқаста аортаның көтеріліп келе жатқан бөлігі ғана зақымдалмай, тамырдың үзілуі жоғарыға шығып кеткен. Тамыр көп болғандықтан, аталған аумақты протездеу де қиын болды, – дейді А.Мағзұмов
Расында да, жоғары бөлім мен аорта доғасын протездеу операциясы шамамен бес сағатқа созылыпты. Жасанды қан айналым аппаратына қосылған науқастың жүрегінің қағысы біраз уақытқа тоқтатылып, денесі 18 градусқа дейін салқындатылған. Абырой болғанда, операция сәтті аяқталып, пациент екі аптаға жуық жансақтау бөлімінде болып, одан кейін оңалту курсынан өткен.
Қазір науқас өзінің бұрынғы қалпына келе бастағанын айтады.
– Дәл осы жағдайда маған тағдыр екі мәрте сый жасады. Жедел жәрдем фельдшері өте тәжірибелі болып шықты және бірден кардиологиялық орталыққа жіберуге шешім қабылдады. Екінші ретте осындай білікті хирургтерге тап болып, жанымның қалғанын айтуға болады, – дейді ол ризашылықпен.
Орталықтағы ересектер кардиохирургиясы бөлімінің меңгерушісі Сергей Цой бұл патологияның күрделілігі мен қауіптілігі аталған дертке тән келмейтін белгілерге байланысты болатынын айтады.
– Компьютерлік томография, кардиоскопия тәрізді арнайы әдістерсіз клиникалық диагноз қою өте қиын. Диагноздан кейін бір ғана шешім бар – адам мүмкіндігінше тезірек операцияға жатқызылуы керек, – дейді С.Цой.
Айта кету керек, аорта бөлімін протездеу бойынша операциялар МӘМС жүйесі аясында жүргізіледі. Медициналық сақтандыру қоры олардың әрқайсысына 2,6 млн теңгеден қаржы бөледі екен.
ҚАРАҒАНДЫ