Ақпанда бір барып қайтқан едік. Араға бес ай салып алты адам ұлт ұстазының кіндік қаны тамған Жангелдин ауданын тағы бетке алып барамыз. Астымызда Volkswagen шағын көлігі. Зауыттан шыққанына ширек ғасырдан асса да, жаны сірі неміс мәшинесі әлі бабында екен. Кондиционері мен тоңазытқышына дейін қалтқысыз қызмет етіп келеді. Мақсатымыз – ұлт ұстазының 150 жылдығы қарсаңында бұрын-соңды асфальт көрмеген Ахаң ауылына апаратын күре жол мен осы жолдың бойындағы көпірлерге жөндеу жұмыстары жүріп жатыр, соны көру. Оның сыртында, Торғайдан тартып, Сартүбек, Ақкөл, Ахмет Байтұрсынов ауылдарында да бірталай игі істер атқарылып жатыр. Солардың аужайын барлап, аз уақыттан кейін Торғай төрінде өтетін дүбірлі тойға дайындалып жатқан елдің жағдайын білу.
Жолда
Қостанайдан шыққанда басталған ду-ду әңгіме орта жолдан асқанда сап тыйылып, соңы қалғып-мүлгіген үнсіздікке ұласты. Жол ұзақ. Әркім өз ойымен әуре болып келеді. Мен ойша Алаштың аяулысы Смағұл Сәдуақасұлы шығармасының кейіпкері Сәрсенбекпен сырласып келемін.
– Осы күні ел ішінде билердің көбі бір жақсы сөзді айтса, «Құнанбайдың Ыбырайы айтқан екен» деп отырады. Өзімізге келсек, «Ахмет Байтұрсынұлы айтқандай» деп отырамыз. Мұның себебі не? Себебі бұл адамдар халық көңіліндегі кіршіксіз жандар. ...Бірнеше жүз жылдардан соң халықтың: «Ахмет кием, қолдай гөр! Бір өзіңе сиындым» деп тұрмасын кім білсін? – дейді Сәрсенбек.
Мына сөзден кейін шығармадағы Қабдештің күйін кешіп, «алдымнан алтын сарайдың есігі ашылып кеткендей» болды.
– Сәке-ау! Айтқаныңыз айдай келді ғой! Біздің қазіргі билеріміз жұртқа арнаған жақсы сөзін «Ахмет Байтұрсынұлы айтқандай» деп бастайтын болып жүр, – деймін сүйінші сұрағандай.
Өз болжамының жүз жылға жетпей ақиқатқа айналғанын естіген Сәрсенбек толқып кеткендей көрінді. Жүзі оттай жанып шабыттана сөйлеп кетті. Сөзі уақыт жаңғырықтарына жұтылып барып, талып жетеді. Бірін естісем, бірін естімей қаламын.
Сәрсенбек манағыдай емес, сұстанып алған. Сөйлеген сайын тұқыртып, тұлғаланып барады. Ар сотының мінберінен төніп келіп, бір уыс қып бүріп тастардай айбарланып алған. Жан алқымға тіреліп, тынысым тарылып бара жатқан соң, жан дәрмен ақтала бастадым.
– Иә, дәл айттыңыз! Ахаң – әулие адам ғой! Әулиелігі сол, ол кісіні оқыған сайын өз басым жаным тазарып, бір жасап қалам. Сәл болса да, пенделіктен арылғандай болам. Ахаңды түсініп оқыған адам тазарады, кәкір-шүкір майда мінезден, ұсақтықтан, жасанды жағымпаздықтан арылады. Ниеті түзеледі. Елге адал қызмет етуді ойлайды. Бірте-бірте бәріміз оқитын боламыз...
Сәрсенбек аяп кетті-ау деймін, райын өзгертіп, енді жіби сөйледі. Бірақ не айтқанын ести алмадым. Ойша әңгімені қасымда отырған Ибрахим ақсақалдың телефон қоңырауы үзіп жіберді.
– Шұбалаңның бұрылысынан аудан әкімі күтіп алады, – деді қария әлдекіммен сөйлесіп болған соң.
Бұрылыста
Айтса, айтқандай-ақ, Торғайға жетпей, Шұбалаңның маңынан сол жаққа, Ақкөлге қарай бұрылатын тұста аудан әкімі Шота Оспанұлы күтіп тұр екен.
– Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығы аясында мемлекеттік комиссияның жоспарына енген барлық іс-шаралар бүгінгі таңда 90 пайыз орындалды. Қазір біздің ауданда атқарылып жатқан ірілі-ұсақты жобалардың бәрін аймақ басшысы Архимед Мұхамбетов тікелей өз бақылауына алған. Бұл жөнінде облыс әкімдігінде жетісіне бір рет арнайы жиын өткізіп, тиісті мекемелер мен аудандардан дайындық барысы туралы есеп алып отырады. Бір-екі күнде өтіп кететін дүние ғой деп ойлауға болмайды. Өйткені бұл тойдың біз сияқты шалғай ауданға тигізетін шарапаты мол болайын деп тұр. Мәселен, той қарсаңында осы өңірге жетіспей жатқан бірнеше медициналық, әлеуметтік нысандар іске қосылады. Енді қолдан келген дүниенің бәрін жасап жатырмыз. Біздің ауданның қолы қысқа, мүмкіндігі аз екенін білесіздер. Үлкен кәсіпорындар, ірі кәсіпкерлер жоқ. Сондықтан, көбіне, мемлекетке, сыртта жүрген азаматтардың көмегіне жүгінуге тура келеді. Осы өңірде туып-өскен азаматтардың ешқайсысы аянып қалып жатқан жоқ, қолдарынан келгенше демеу көрсетіп жатыр. Ал мемлекет қаржысына жоспарланған дүниенің бәрі уақытында шешімін тапты, – деді аудан әкімі.
Шота Сәбитбекұлымен қоштасып, Ақкөлге қарай аттанып кеттік. Шұбалаң – Қарасу автокөлік жолының бас жағы адам танымастай өзгеріп, тақтайдай тегіс трассаға айналған. 12 шақырымға жетер-жетпес жолға асфальт төселіпті. Жол жөндеушілердің айтуынша, тойға дейін тағы 40 шақырым асфальтталады. Жұмыс мұнымен тоқтап қалмайды, жөндеу жұмыстары тойдан кейін де жалғасатын болады. Торғай өзені арқылы өтетін ұзындығы 85 метрлік үлкен көпір де күрделі жөндеуден өтіп жатыр.
Қостанайдан таңертең шыққан біз түнделетіп Ақкөлді айналып өтіп, Ахмет Байтұрсынов ауылына бір-ақ тоқтадық.
Шалғай ауылдың шырайы кіре бастады
Нағашыбай есімді қонақжай ағамыздың үйіне түнеп шығып, таңертең ауыл аралауға шықтық. Ақпанда бір келгенде тып-типыл болып жатқан тегіс жерге бірден бірнеше нысан түсіп, мешіт, емхана, балалар алаңқайы мен футбол алаңы салынып жатыр екен. Ат басын алдымен емханаға қарай бұрдық.
Ауылда медициналық пункт бұған дейін де болған. Бірақ ескі емдеу мекемесінің ғимараты әбден тозып, еденінен жел ұрып, терезесі қысы-жазы бір ашылмай тұрған. Суын да медбике сырттан таситын. Ал ұлт ұстазының 150 жылдығына орай, Ахаңның кіндік қаны тамған мекенде бой көтерген жаңа ғимараттың соңғы талапқа сай, ішінде қазіргі емдеу мекемесіне қажеттің бәрі қамтылған, халыққа қажет құнды дүние екенін көрдік.
Емдеу мекемесін «Алюминқұрылыс» серіктестігі салып жатыр. Бригада басшысы Айтжан Әбдімановтың айтуынша, құрылыс жұмыстарының басталғанына бір айдан асыпты.
– Төбесі бітті. Фасадын аяқтадық. Қазір ішкі әрлеу жұмыстары жүріп жатыр. Кәріз құбыры кіріп тұр. Орталық су құбыры тартылды. Жылу келіп тұр. Енді есіктің алдын абаттандыру ғана қалды. Аулаға төсемтас төселеді, 160 шаршы метрі асфальтталады. Шамамен он шақты күннің ішінде құрылыс толық аяқталады. Ішінде аптекасы, акушердің кабинеті, егу бөлмесі, дәретхана, ваннасы бар. Бас-аяғы 11 бөлме болады. Кафельдерді жапсырып болып, қабырғасын аяқтадық. Енді еденді бастап жатырмыз. Құрылысшылардың көбі осы ауылдың жігіттері. Он шақты адамды жұмыспен қамтыдық, – деді Айтжан Әбдіманов.
Медициналық пункттің оң жағында салынып жатқан мешіт құрылысының басында Алматы, Талдықорғаннан келген азаматтар жүр екен.
– Атамыз Ахаңның 150 жылдық мерейтойы қарсаңында ауылда көптеген игі істер басталып жатыр. Бұрын-соңды болмаған фельдшерлік амбулатория бой көтерді. Алланың үйі мешіт салу да көптен ойымызда жүретін. Осы ауылдың 1980 жылы туған түлектері жастары ұйымдастырып, өздерінің күшімен қабырғасын қалап тұрғызып кетті. Ахаңның ауылында осындай жақсы бір іс басталып жатыр дегенді естіп, Шымкент жағынан 4 жігіт келіп, осы мешітті салып береміз, күмбезін қойып береміз деді. Себепті жағдайларға байланысты олар жұмысынан шыға алмай қалды. Содан ол азаматтар 1 жарым млн теңге қаржыларын аударып, қазір жұмыс істеп жатқан жігіттерді жіберді. Осы ауылдың күллі түлектері қосылып жасап жатыр. Ауыл тұрғындары да көмегін аяп қалып жатқан жоқ. Көп болып көтеріп жатқан дүние ғой. Ахаңның ауылы дегеннен кейін, бір танымайтын жігіттер ақша аударып жатыр. Павлодарда бір мүгедек кісі бар екен, 22 жыл балдақпен жүрдім дейді. 9 жыл арбада отыр екен. «Өзім пәтер, күтуші жалдап тұрам. Мынаны естіп, қазақ деген намысым шыдатпай 10 мың теңге жіберіп отырмын. Ахаңның аруағы қолдап, істеріңізге береке берсін!» деп хабарласты, – дейді ауыл тұрғыны Нағашыбай ақсақал.
Мешіттің сол жағына таман үлкен футбол алаңы, одан әрірек балалар алаңқайы салынып жатыр. Футбол алаңының айналасы темір тормен қоршалған, қоршаудың түбінде жұмсақ жасыл төсеніш оралып жатыр. Мұндағы жұмыстарды Әлімбай Жаулыбаев деген кісі басқарып жүр екен. Сәлем беріп, жөн сұрап едік «Осы ауылда туып-өстік. Бүгінде елордада тұрып жатырмыз. Біз үлкен бір мерекенің қарсаңында тұрмыз. Осыған орай, елімізге кішкентай болса да септігіміз тисін, көмегіміз болсын деген ниетпенен ауылға балалар ойнайтын шағын алаң жасап жатырмыз. Мұның материалдарының бәрін Нұр-Сұлтан қаласынан әкелдік. Енді осыны жабдықтап, іске қосып, 6 қыркүйек күні атамызға ас беріп, осы жерде балаларға табыс етпекпіз. Мынау футбол алаңын да аяқтап қалдық. Бүгін жасыл төсенішін төсейік деп жатырмыз, – деді Әлімбай аға.
Ахмет ауылына осыдан бір жарым жыл бұрын орталық су құбыры тартылған. Бүгінде әр үйге ауыз су кіріп тұр. Сары топыраққа бақша егіп, қияр-қызанақ өсіріп отырғандар да көп.
Ахаңның ақ кесенесі
Түске таман Сартүбектегі Ахмет Байтұрсынұлының музей үйі мен ақ кесенесіне келдік. Биіктігі 7 метр, ауданы 16 шаршы метр болатын зәулім кесене алыстан мен мұндалап көрінеді. Ахаңның әкесі Байтұрсын мен ағасы Қали жатқан қорымның алдына Ақтаудың ұлу тасынан қаланыпты. Байтұрсын мен Қалидың басына мәрмәрдан құлпытас қойылып, ақ кесекпен қоршалыпты. Төсемтас төселген.
Ақкөл ауылының әкімі Балғабай Қалиев, осы іске екі ауылдың азаматтарын жұмылдырып, кесененің құрылысын бастан-аяқ басқарып жүрген Нұрғожа Ерназаров ағай да осында екен. Аруақтарға құран оқылып, дұға бағышталды.
– Осы екі ауылдың мен Ахметтің ұрпағымын деген азаматтары 10 млн теңге қаржы жинап тұрғызған кесене бұл. Бұрын бұл жерде Байтұрсын ата мен Қали атаның қорымы тұрды ғой. Содан облыс әкімі келіп, 5 млн теңгеге демеушілік жасап қоршауды ұзартты. Қазір Ақтөбеде тұрып жатқан Боран Опабеков деген азамат тас төсенішті берді. Енді ертең Алматының маңайындағы Ахмет атамыз атылған жерден сүйегін таба алмасақ та, топырағын әкеп осы кесенеге қоямыз, – деді Балғабай Қалиев.
Әкімнің айтуынша, Сартүбектегі Ахмет Байтұрсынұлының музей үйінің құрылысы тамыздың 25-іне дейін аяқталады. Іші кірген адамға Ахаңның балалық шағы өткен ескі заманды елестететіндей етіп жабдықталып, көптеген экспонаттар қойылады. Ахаңның музей үйі қыста электрмен жылытылатын болыпты.
Сартүбек пен Ахмет ауылында салынып жатқан нысандардың ашылу рәсімі қыркүйектің басында, той үстінде өтеді.
Қостанай облысы,
Жангелдин ауданы