Агрохимия – ауыл шаруашылығындағы маңызды сала. Өсімдіктердің қорегін, тыңайтқышы мен химиялық заттарды дұрыс қолдану жүйесін зерттейтін бұл ғылым бізде өркен жайып тұр деуге келмейді. Қазақстан жыл сайын 600 мың тоннадан астам минералды тыңайтқышты басқа елдерден сатып алып отыр. Ал отандық агрохимия секторында 84 кәсіпорын жұмыс істейді.
Басқа да сан алуан өндіріс заттарын өндірмейтіні сияқты, Қазақстан тыңайтқышты да өндірмейді. Тек сырттан сатып алып күнелтеміз. Бірақ аграрлық әлеуетіміз біршама зор. Ал сапалы тыңайтқышсыз әрі дәмді, әрі мол өнім аламыз деу құр әурешілік. Бұл мәселе Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың да назарынан тыс қалған жоқ. Президент Үкіметтің кеңейтілген отырысында дәл осы мәселеге ерекше мән беріп, агроөнеркәсіп кешенін дамытпай азық-түлік қауіпсіздігі туралы сөз қозғаудың реті жоқ екенін айтқан еді.
«Біз импорттық тұқымға қатты тәуелдіміз. Үкімет тәжірибелі шаруашылықтар базасында бастапқы тұқым шаруашылығын дамытуы керек. Бизнестің құрылғыларды жаңартуына, сондай-ақ агроғылымды кешенді түрде ынталандыруға көмектескен жөн. Өнімділік деңгейі агротехнологияны қаншалықты сақтағанымызға байланысты болмақ. Біздің елде фермерлер қажетті тыңайтқыштың тек төрттен бір бөлігін ғана қолданады. Бұл тыңайтқыштың тым қымбаттығына байланысты. Біздің тыңайтқыштар нарығы импортқа және бірнеше отандық өндірушіге өте тәуелді. Сонымен қатар жуырда жүргізілген тексеру барысында отандық фермерлер үшін бағаны ұлғайту фактілері анықталды», деді.
Президенттің айтуынша, «Қазфосфат» ЖШС тыңайтқыштың айтарлықтай көлемін KAZ Chemicals Trading House еншілес компаниясына сатып, аталған компания 30 пайызға дейін сауда маржасын қосқан. Монополияға қарсы шаралар арқылы аталған жағдай дереу түзеліп, өндіруші өзінің заңсыз табысын қайтарып жатыр. Жалпы, Қазақстан жыл сайын 600 мың тоннадан астам минералды тыңайтқыш импорттайды, соның 80 пайызы (500 мың тонна) Ресейден әкелінеді.
«Тыңайтқыш тапшылығына және оның қымбатшылығына жол бермес үшін Үкімет кешенді шаралар қабылдауы керек. Елімізде барланған қорға ие калий және фосфорит кен орындары бар. Оларды өнеркәсіптік дамытуды қолға алып, отандық тыңайтқыштар өндірісін жолға қою керек. Әйтпесе, тыңайтқышқа деген импорттық тәуелділіктен шыға алмаймыз», деген еді Мемлекет басшысы.
2022 жылдың қаңтар-сәуірі аралығында елімізде 215,3 мың тонна тыңайтқыш өндіріліпті. Өндіріс көлемі былтыр да осы көлемде болған. Соның 147,3 мың тоннасы – азотты тыңайтқыштар. Бұл ретте азотты тыңайтқышты өндіру 1 пайызға төмендесе, фосфорлы тыңайтқыш өндірісі 1,4 пайызға артқан. БҰҰ-ның азық-түлік және ауыл шаруашылығына жауапты директоры Цюй Дунъюйдің айтуынша, Украинадағы жағдай тыңайтқыш өндірісінде де дағдарыс тудырып жатыр. Бұған дейін АҚШ тапшылықты болдырмас үшін Ресейдің тыңайтқыш импортына салынған санкция күшін жойған еді. Ал Ресей болса өз кезегінде минералды тыңайтқыштар экспортына белгіленген шектеу квотасын 2022 жылдың маусымынан желтоқсанына дейін созып тастады. Осылайша, Ресей әуелі ішкі сұранысты қанағаттандыруды көздеп отыр.
«Қазақстандық химия өнеркәсібі биыл бірінші тоқсанда азоттық тыңайтқышқа деген сұранысты 63,7 пайызға қанағаттандырды (былтыр 50,9 пайызға). Өндірістің қысқаруына қарамастан бір жыл ішінде азотты тыңайтқыш импорты 41,9 пайызға қысқарды. Ресурстардың жалпы көлеміндегі импорт үлесі 36,3 пайызға төмендеді. Бұл ретте азотты тыңайтқыш экспорты да 2 есе қысқарып, биыл қаңтар-наурызда 25,8 мың тоннаны құрады. Ішкі нарықта 151 мың тонна азотты тыңайтқыш сатылды.
Ал отандық өндірушілер фосфорлы тыңайтқышқа деген ішкі сұранысты толық өтеп отыр, сектордағы импорт үлесі шамалы ғана. Фосфорлы тыңайтқыш экспортының көлемі өзгеріссіз – 1,5 мың тонна деңгейінде қалды», делінген Energyprom мәліметінде.
Біздің нарықта пайдаланылатын тыңайтқыштың 80 пайызы Ресейден келеді дегенді жоғарыда айттық. 2020 жылы отандық тыңайтқыш нарығы құрылымында импорттық жеткізулер ішкі өндірістен 1,1 есе асып түсті. Сауда балансының сальдосы теріс мәнге ие болып, 119,2 мың тоннаны құрады. Қазақстан Ресейден бөлек Израиль, Норвегия, Украина, Испания, Түркия, Нидерланды елдерінен тыңайтқыш тасымалдайды. Сондай-ақ отандық химия өнеркәсібінің өнімдерін негізінен Өзбекстанға (39 пайыз), сосын Ауғанстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Қытай, Сербия, Түрікменстан және Грузия елдеріне сатады.
Таяуда Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінде қазақстандық агрохимия кешені саласын дамытуға арналған жиын өтті. «Ашық сағат алаңы» жобасы аясында ұйымдастырылған бейнебайланыс форматындағы басқосуға ведомство басшылары мен отандық химия өнеркәсібі саласындағы кәсіпорын өкілдері қатысты. Жиынды вице-министр Марат Қарабаев ашып, химия өнеркәсібінің ел экономикасындағы маңыздылығын баяндады.
«Ұлттық экономиканың стратегиялық әлеуетін нығайтуда қайта өңдеу ісінің жаңа салалары елеулі рөл атқарады. Осы ретте бүгінде мемлекет тарапынан химия өнеркәсібінің қазіргі ахуалы мен ондағы түйткілді мәселелерге жіті назар аударылып отыр. Мемлекет басшысы жуырда өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында тыңайтқыш тапшылығы мен оның құнын асыра бағалаудың алдын алу үшін кешенді шаралар қабылдауды жүктеген болатын», деп атап өтті вице-министр.
Индустриялық даму комитеті төрағасының орынбасары Тұрар Жолмағамбетовтің айтуынша, арнайы экономикалық аймақтар әлеуетін химия өнеркәсібін дамыту жолында пайдалану қажет.
«Еліміздегі химия өнеркәсібіндегі басты бағыттардың бірі – минералдық-шикізат ресурстары кешенін тиімді пайдалану және оларды қайта өңдеу. Стратегиялық маңызды саланы өркендету үшін Тараз, Атырау және Павлодар қалаларында арнайы экономикалық аймақтар құрылып, отандық химия өнеркәсібін жаңғырту жұмыстары жүйелі жүргізілуде. Басты мақсат – еліміздің кіріс әкелетін саласы ретіндегі химия өнеркәсібін дамыту», дейді ол.
Елімізде азоттық тыңайтқышты өндірумен Маңғыстау облысында орналасқан «ҚазАзот» АҚ айналысса, Жамбыл облысындағы «Қазфосфат» ЖШС фосфорлы тыңайтқыштар өндірісін жолға қойған. Мамандардың айтуынша, тыңайтқыш импортына деген тәуелділіктен арылып, отандық өндірістің түтінін түзу ұшыру үшін – субсидиялаудың жаңа тетіктерін іске қосу, ғылыми базаны жетілдіру, мұнай-химия өнімдерін өткізу нарығының ауқымын кеңейту сынды мәселелерді шешу қажет.