• RUB:
    5.39
  • USD:
    474.62
  • EUR:
    517.19
Басты сайтқа өту
Кино 11 Тамыз, 2022

Режиссерлерге тең мүмкіндік берілуге тиіс

448 рет
көрсетілді

Қазақтар «Қасымханды» түсіріп, қоғамды қақ жарған қызу талқылаудың қоздаған шоғы сөнуге айналғанда, қырғыздар «Манастың уулы – Семетей» атты жаңа тарихи туындының тұсауын кесуге дайындалып отыр.

Кинорежиссурадағы батыл қадам, тың идеяларымен бүкіләлемдік танымалдылығын үстемелей түскен қырғыз киносындағы бұл жаңалық жарыққа шықпаған фильмнің атағын қазірдің өзінде аспандатып тұр.

Маусым айында ТҮРКСОЙ халық­­аралық ұйымының және Қыр­ғызстанның Түркиядағы елші­лігінің ұйымдастыруымен Анкара қаласында фильмнің жабық көрсе­тілімі өтіп, жаңа туындыны Түркия Президентінің бас кеңесшісі Ялчын Топчы бастаған бірқатар мемле­кет билігіндегі шенділер барып та­машалады. Түркияның кино­­театрлар жүйесіндегі прокат бас­шылары, ақылы интернет ар­налардың, телеарналардың басшылары да тегіс қатысып, түр­киялық ақпарат құралдарының жазуына қарағанда, бәрі де фильмге оң бағасын беріп үлгерген. Қазір «Манасты» телеарналар, интернет алаңы, кинотеатр­лар арқылы көрсету жөнінде мәміле жасалып, халықаралық прокатқа шығу мәсе­лесі қозғалып жатыр. «Бір жол, бір белдеу» бағдарламасына сәйкес, фильмді Қытай, Түркия, Америка, Ресей, Франция мемлекеттерінің «ки­ношник­терімен» қауыштырудың қадам­дары жасалуда.

Netflix және Amazon сияқты әлемнің жетекші дистрибьюторларымен де мәмілелер жасалып, жер бетінде миллиардтан астам жазылушысы бар әйгілі америкалық Netflix алпа­уыт киножелісінің стриминг алаңдарына шығудың мүмкіндігі қарастырылуда. Жақын күндері Үндістан мен Қытайда халықаралық тұсаукесер жоспарланған.

600 000 жолдан тұратын, Шығыстың рухани шамшырағындай «Шаһнамадан» 5 есе, «Илиада» мен «Гомерден» 40 есе көп, көлемі жағынан қырғыз әде­бие­тіндегі емес, күллі әлемдегі бірінші шы­ғарма болып есептелетін «Манас-Семетей» дастанының кинематог­рафиядағы алғашқы аяқ алысы осылайша дүбірлі басталып жатыр.

Қырғыздың таңды таңға ұрып жырлайтын ұлы дастанын дүние жүзінің кино алаңына алып шығу жүрек жұтқан режиссердің қолынан келмесе, кез келген көлденең көк аттыға жалынан сипата қоймасы анық. Ал осы «Манастың ұлы – Семетейді» түсірген қос режиссердің бірі қазақ режиссері десек, қалай қабылдар едіңіз? «Қалайша?» деген сұрақтың бірден көмейге кептелетіні рас. Иә, қазақ киносына бөлінген мемлекеттің миллиардтаған ақшасы ұзақ жылдардан бері Ақан Сатаев, Рүстем Әбдіраш, Ермек Тұрсынов деген үштіктің арасында ғана үздіксіз айналып жатқанда, Дархан Қожахан деген есім көпшілікке ешнәрсе аңғартпауы да мүмкін.

Алайда қырық жылға жуық «Қазақ­фильм» киностудиясында жұмыс іс­тейтін, көрермен жылы қабылдаған «Құ­ла­нның ажалы», «Жансебіл», «Қа­зақи оқиға», «Сардар», «Кек», «Көш­пен­ділер», «Әурелең», «Балуан Шо­лақ», «Ақын» секілді белгілі фильмдер­де екінші режиссер, сондай-ақ «Мұхтар Мағауин», «Мұнар...Мұнар...Мұнарым... – Иран Ғайып», «Аяған», «Алмалыда ауылым», «Алтайдың алтын тамыры – Ұлықбек Есдәулет», «Генерал Ер­таев», «Сағадат Нұрмағамбетов. Соң­­ғы сұхбат», «Аралдың арда пер­зенті – Ұзақбай Қараманов» деректі фильм­дерінде режиссер, продюсер, редактор ретінде қолтаңбасын қалдырған Дархан Қожаханды қырғыздағы сыралғы әріп­тес­тері мәртебелі «Манас» фильмін түсі­руге қолқа салды. Тарихи фильм түсіруде тәжірибесі бар, тасада келе жат­қан режиссерімізді қырғыз киносы ар­қы­лы танудың тағы бір мүмкіндігі туып тұр, ендеше режиссердің шығарма­шы­лық сипатын ширата түсудің де бір себебі бұл. Енді бәрін ретімен баян­дап көрейік.

«Президент және бомж» атты кинотуынды түсіруді бастап, қоғамның қабылдауы мен көрермен сұранысына орай кейін тағы үш сериямен толықтырып, қырғыз киносындағы белгілі есімдердің біріне айналған Өмірзақ Толобеков ұзақ толғаныстан соң нартәуекелге бел буып, «Манас» жобасын жүзеге асыруды ұйғарады. Мамандығы – журналист, 1994 жылы Мәскеуде Әдебиет институтында оқыған. Мәскеудегі Халықаралық жазушылар одағында қырғыз әдебиеті бойынша кеңесшілік қызмет атқарған. На­рық келіп, күнкөрісі қиындаған жұрт әдебиетті кейінгі қатарға ысырып, руха­нияттың ыдырауы басталғанда, кино өне­­рі­нің жарқын болашағын болжа­ған­­дай, алғашқы киноповестерін жазып, кәсіп ретінде шындап айналыса бастайды.

Кеңестік республика кезінде кинематографиясы көш басынан көрінген «Қырғызфильм» кейінгі жылдары қо­ғамда өріс алып, еңсе көтертпеген саяси оқиғалардың деградациясына ұшы­рамай, керісінше, дәстүрге адалдығын танытып даму жолында екінші тынысы ашылып, киносымен-ақ елдің көңіл күйін демеп келеді. Жобаларын сәтті жүзеге асырған қырғыз продюсері мен қазақ режиссерінің шығармашылық серіктестігі шиеленістен шаршаған қырғыз елінің бірлігін нығайтуды көз­деу­­ден туды. «Президент және бомж» Оскарға ұсынылып, Оскар Акаде­миясында көрсетілгеннен кейін осы комитеттің төрағасы, қырғыздың мықты халық жазушысы Мар Байжиев: «Өмірзақ, сен Мәскеуде жұмыс істеген екенсің. Байқаймын, қолың ұзын, байланыстарың да күшті. Сенің халықаралық деңгейге шығуға мүмкіндігің бар. «Манасты» түсір­сең қайтеді?» деп ұсыныс жасайды. «Түсіруге болады, бірақ екі себеп­пен бас тартамын. Біріншіден, оған үлкен қаражат керек. Ал қырғыз эконо­ми­касының жағдайы белгілі. Екін­ші­­ден, фильм жарыққа шыққан соң қырғыздар міндетті түрде «Манастың түгін қалдырмай, тал­қандап тастапты» деп кінә артып шығады» деп тартыншықтайды продюсер.

«Ақбатафильм» – Өмірзақ Толобе­ков­тің жеке кинокомпаниясы. Президент Садыр Жапаров продюсердің ұсынысын қолдап, «қырғыз руханиятына қызмет қылатын Өмірзақ ағаның жақсы жобасы бар екен» деп ел бизнесмендерін осы сценарий желісімен фильм түсіруге көмектесуге шақырады. Ө.Толобеков продюсер ретінде фильмді түсіруге екі режис­серді шақырады. Қырғыз академия­лық драма театрының режис­сері, Қыр­ғыз Республикасының халық әртісі Эгемберди Бекболиевті және екінші режиссер ретінде «Қазақфильмнің» тарихи туындыларына екінші режиссер болып қатысып жүрген Дархан Қожаханды шақырады.

Дархан Қожаханмен сұхбаттасқа­нымызда, ол «Манас» туралы әңгімесін әріден бастады. Бір Алатаудың саясын «түске дейін – менікі, түстен кейін – сенікі» деп, еншісін бөліп-жармаған бауырлас қырғыз халқының жарты миллионнан астам жолдан тұратын «Манас» тарихи эпосының тағдырында қазақ хал­қы да аз рөл ойнамаған. «Манас» жырын «Ұлы дала Илиадасы» деп атап, алдымен орысқа, орыс тілі арқылы бүкіл әлемге танылуына зор еңбек сіңірген Шоқан Уәлиханов болатын. Бұдан бөлек, әйгілі манасшы Саяқбай Қаралаевтың көзі тірісінде ертеректе белгілі режиссер Болат Шәмшиевтің те түсірген деректі фильмі бар. Режиссердің айтуынша, соғыс аяқтала сала, 1940-жылдардың соңын­да Қырғыз Республикасының үкіме­ті «Манас» фильмін түсіру жөнінде қаулы қабылдайды. Алайда соғыстан кейінгі ауыр жағдай Манастың көркем шежіресін жасауға мүмкіндік бермейді. Бұған қоса, 1950 жылдары «Манас» эпосының басына қара бұлт үйіріліп, тарихта қалу-қалмауы неғайбыл заман туғанда қырғыз ағайынның «алақандай намысын алып беруге» атсалысқан, атса­лысқан емес-ау, қырғыз ұлтының «Манассыз» өмір сүруінің мүмкін емесін дәлелдеп, тағдырын тарихтан сызып тастауға құлшынып отырғандардың даурықпа талас-тартысына дәлелді нүктесін қойып, Манастың басын мәңгіге арашалап берген ұлы Мұхтар Әуезов екенін сөз орайы келгенде айта кеткен жөн. Әуезовтің бұл ерлігін қырғыз халқы әлі күнге ұмытқан жоқ, құрметпен айтып отырады. «Жырдың өркендеп, даму тарихына қазақтың да қатысы болған» деген көршілік базынамызға енді Дархан Қожаханның да елеулі еңбегі қосылды деп толықтыра түссек, қырғыз ағайын да сөзімізден сөкеттік көре қоймас.

– «Манастың ұлы – Семетей» пьесасы қырғыз театрында қырық жылдан бері қойылып келеді. Драматургиядағы осы нұсқа продюсер Ө.Толобековтің де көңілінен шығып, ұзақ уақыт әбден пісіріп, ширатып барып, пьеса желісі бойынша киносценарий даярлауды қолға алған екен. Кез келген фильмдегі негізгі мәселе – басты кейіпкерді адаспай тану. Басты рөлдегі актер сенім ұяла­та алса, көрермен әрі қарайғы оқиға­ға да күмәнсіз сенеді. Сондықтан Семетейдің образына дәл келетін актерді ұзақ іздедік, небір екі иығына екі кісі мінгендей қобы жауырын, апайтөс, алпамса жігіттер сұрыптаудан өтті. Кү­деріміз үзіле бастағанда Нұрлан Мұ­ра­туулы деген жас жігіт табыла кетті. Жас та болса, камера алдындағы актерлік харизмасын тілмен айтып жеткізе алмаймын. Негізгі рөлдердің бәріне қырғыз театр және кино өнерінің бетке ұстар тәжірибелі актерлерінің біразы тартылды. Қырғызстанның Эл артисті Темирлан Сманбеков, Манастың анасы Қаныкейдің рөлін Қырғыз Эл артисті Калича Сейдалиева ойнайды. Манастың әйелі, Семетейдің анасының рөлі қырғыз еліндегі ең танымал әртіс­тердің бірі Альбина Имашеваға жүк­телді. Бір таңғаларлығы, ақы, ақшаға келгенде, қырғыз әртістерінің «тәбеті» біздің әртістердікіндей емес, қанағаты басым. Атағынан ат үркитін халық әр­тіс­терінің өзі шағын ғана эпизодтық рөл­ді ықыласпен қабыл алады екен. Әри­не бұл жерде қазақ пен қырғызды салыстырудың реті жоқ, бәрін қаржылық мүмкіндік шешеді ғой, – дейді Д.Қожахан.

Дархан ағамыздың айтуынша, қырғыз киносында операторлық жұмыстың мықты мектебі қалыптасқан. Кино саласын өркендетумен ғана айналысқан тұтас буынмен қалай мақтанса да, жарасады. Ш.Айтматов қырғыз кинема­тографиясының басшысы болып тұрғанда кино өнерін жандандыруға бар күшін салғаны белгілі. Қырғыз киносы дәуірлеп тұрған кезде жастарының мол шоғырын Мәскеуден арнайы оқы­тып алған. «Манас» фильмінде де режиссерлер қырғыз жерінің мақтаныш тұтар жағрапиялық көрінісі көз тартар сұлулығын тұтас оператор камерасынан қағыс қалдырмаған. Қырғыз жерінің жылт-жылт еткен меруерті мен маржаны – Ыстықкөл жағалауы да толығымен қамтылды. Шудың шүйгін жайлауы мен ерке Талас бойы да ежелден қырғыз операторларының шабыттана жұмыс істейтін қастерлі мекені. Сонымен бірге қаржы үнемдеу мақсатында Бұқар мен Қоқанды қамтитын оқиғалардың бәрі де компьютерлік графиканың көмегімен, ал кейбір эпизодтар қазақстандық әріп­тес­терінің серіктестігімен Алма­ты мен елордада түсірілді. Қазір гра­фи­ка­ның заманы, Семетей әкесі өлген соң Бұқардағы нағашыларының қолын­да өседі. Сол замандағы Бұқар шаһа­рының бейнесі Өзбекстанға бармай-ақ, графика көмегімен жасалды. Бас­тап­қыда продюсердің Семетей мен Қоңырбайдың соғысатын көрінісіне 2 000 адам шақыратын ойы болған екен. Бірақ графиканы жасайтын мамандар «алдыңғы қатарға 100-200 адам қойсаңыз жеткілікті, компьютермен өзіміз ұлғайтып аламыз» дейді, расында да, батальды көріністері жер қайысқан қалың қолмен сәтті орын­далған.

Бір қызығы, Дархан Қожаханның кинодағы ең алғашқы қадамы «Қырғыз­фильмнен» басталған. Ол кезде, 1988 жылы шетелде қалып қойған қырғыз боксшының өмірі туралы түсірілген «Нокдаун» деген фильмге жас режиссер ассистент болып келген еді. Кейінгі жылдарда да қырғыз киносынан қол үзген жоқ. Міне, тәжірибесі толысқан шағында тарихи туынды тү­сіруге қайта оралды. Өмірін тек кино өнерімен ғана байланыстырған режис­сердің бұл тараптағы ойы қызық әрі тереңге тартады. «Көркем фильмдерде тарихи дәлдіктің сақталуы басты шарт емес екенін режиссерлер айтудай айтып келеді. Қазір батыс киносында ағыл­шын аристократтарын қара нәсілді актерлер ойнап жүр. Кез келген тарихи картинаның басты мақсаты – белгілі бір тарихи тұлға немесе оқиға арқылы қызықты баян құрастыру, көрерменге ой түсіру, рух ояту, тіпті болмағанда, тарихтағы сол кезеңді көпшілікке таныс­тыру. Детальдің дәлдігін, абсолютті шындықты күтіп отырған көрермен бұл көрген дүниенің деректі емес, көркем фильм екенін түсінуі керек. Режиссер шығармашылық қиялын шарықтатпаса, өткен дәуірді өз қиялымен дамытып, бүгінгі күннің идеясымен сабақтастыра алмаса, оның несі режиссер? Қай жері кино?» дейді күйініп.

Тарихи тақырыптағы фильмдерге байланысты сынның көп айтылатынын меңзеген сауалымызға Дархан ағамыз осылай жауап қатты. Дамыған қырғыз демократиясы тек саясатта ғана белсенді емес, ол киносының да қуатты қозғаушы күші, сын әр тараптан және өте өткір айтылады. Фильм экранға шықпай жатып төпелеген сынның астында қалған Толобековтің айтуынша, жалпы жұрттың сынмен ісі жоқ. Сын өнер мен мәдениетке белсенді араласатын адамдар тарапынан айтылады. «Манастың» да маңдайынан сипамады. «Тарихи шындықты бұрмалап көрсетті», «Түсірмеу керек еді, түсірген соң «Троя» сияқты мол қаражатпен түсіру керек еді», «Аз қаражатпен несіне әуре болып түсіріп жатыр?» деген әділетті-әді­летсіз айтылатын пікірлер продюсерге әлсін-әлсін бағытталып жатады. Тіпті «Манас пен Семетейді қозғамау керек, аруағы ұрады» деп мың бұралаң жол­ды бастан кешіріп, теледидардан көрсетіліп, радиодан беріліп, спектакльдер сахналанған ұлық шығармадан мистика, миф іздегендер де табылды. Мұндайда, аруақ сыйлап өскен елдің баласы емес пе, продюсердің көңілі секем алып та қалған кезі болған. Батальды көріністерде ат құлап, адам жығылатын эпизодтарды каскадерлер орындап жатқанда, әлгіндей бұралқы сөзді құлағы шалған Өмірзақ ағамыз актерлердің арқа-мойны аман болса екен деп «Аллалап» әртістердің айналасынан шықпай, шарқ ұрып, дамылсыз дұға жасап жүріпті. Құ­дай өзі жар болып, тау-тастың шатқа­лы, өзен-көлдің ортасындағы қиын трюктардың бәрін актерлер аман-сау орындап шыққан. «1960-жылдары үнді­лер «Махабхаратаны» түсірді, кейін кинокомпанияның көп қаражатқа қолы жеткенде, екінші нұсқасын түсірді. Сол секілді, «Манасты» да әлі мың қайтара түсірудің мүмкіндігі бар, оған эпостың рухани қарым-қуаты толығымен жетеді, құнары мол, түгесілмейтін, әлеуеті мол шығарма екенін мәртебелі көрермен түсінсе екен», дейді Ө.Толобеков.

Сериал емес, екі сағаттан артық жү­ре­тін толықметражды фильмді продюсер Үкіметтен бір тиын да алмастан өзі қаражат тауып түсірді. Продюсер фильмнің жалпы бюджеті 1 млн доллар болғанын айтады. Қалған құрал-жабдық, киім сияқты реквизиттерді «Қазақ­фильм­нен» жалға алған. Анима­циясы, орыс тіліндегі дыбысталуы Ре­сей­де жасалды. Прокаты сәтті жүзеге асы­рылса, продюсер кәсіпкерлердің қаржы­сын қайтарып беруді де ойлайды. Онда кәсіпкерлер демеуші емес, серіктес болып шығады.

Қырғызстанға қарағанда Қазақстанда кино саласына бөлінетін қаржы әлде­қайда көп.

Осы орайда айта кетейік, «Құрман­жан датқа» фильмін мемлекет қаржы­ландырып, 1,5 млн долларға түсірілді. Қырғыз халық әртісінің бір күндік қа­ла­м­ақысы – 70-80 доллар. Еңбек сіңір­ген әртістерге 40-50 доллар төле­неді. Ө.Толобековтің айтуына қараған­да, «Манасқа» бар махаббаты мен сүйіспеншілігін салып тұрып таза энтузиазммен түскен актерлер үшін қырғыз кино өнерінің намысы және қырғыз елінің ынтымағы бәрінен биік тұрады. Фильм екі айға жуық уақыт түсіріліп, түсірілімі аяқталғаннан кейін де кейбір детальдар мен эпизодтарды қосымша қайта түзетіп түсіру жұмысы тағы бір жылға созылды.

Тарихи тақырыптағы фильм түсіру дегеніңіз – қиын, жауапты, сонымен бірге алғысымен бірге қарғысы қатар жүретін, қазақша қисындағанда, ризалығы да, «рахметі» де жоқ рақымсыз жұмыс. Дәлдікпен жазылатын сценарий, дұрыс қисын, сол тарихи кезеңге дәл келетін киім, қару-жарақ, драмаға сәйкес өзге де декорация мен детальдар, дайындықпен келген әртістер тобы, әгәрәки, осының біреуі тарихи шындықпен үйлеспеді деп табылса, есіл еңбектің бәрі еш болып, режиссерді продюсерімен қосып қара есекке теріс мінгізеді. Соған қарамастан, «Манастың», қырғыз руханиятының алдындағы жауапкершілікті арқалай отырып, жеке адамның тағдыры арқылы қырғыз халқының тұтас тарихын толғаған көркем туынды түсіруге бел буып, күрделі һәм ұлтқа керек үлкен жұмысты атқарған түсіру тобының еңбегіне сәттілік тілейміз.

25 тамыздан бастап қырғыз елінің барлық кинотеатрында көптен күткен «Манастың ұлы – Семетей» фильмі прокатқа шығады.

 

АЛМАТЫ