• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қоғам 12 Тамыз, 2022

ШҚО-да қаңғыған ит-мысықтарды аулауға 150 млн теңге бөлінді

291 рет
көрсетілді

Шығыс Қазақстан облысындағы аудандарда иесіз жануарлар паналайтын орындар ашылады, деп хабарлайды Egemen.kz.

2022 жылы өңірде қаңғыған ит-мысықтарды аулауға 150 млн теңге бөлінді. Бұл туралы ШҚО Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихаты барысында облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының эпизоотияға қарсы іс-шаралар бөлімінің басшысы Мелис Қайнулдаев айтты.

«1 наурыздан бастап үй жануарларын өлтіруге тыйым салатын және оларды уақытша ұстау, вакцинациялау, зарарсыздандыру және табиғи ортасына жіберуге қатысты «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» жаңа заң күшіне енді. Бүгінде Шығыс Қазақстан аумағында жануарларды аулау және уақытша ұстау ережелері әзірленді. Енді ол облыстық мәслихатқа ұсынылады», деді ол.

Жаңа заңды жүзеге асыру мақсатында иесіз жануарларды уақытша ұстауға арналған торлар орнатылып, аудандарда уақытша ұстау пункттерін құру жұмыстары жүргізілуде. Мұндай пункттер Тарбағатай ауданы мен Риддер қаласында қазірдің өзінде бар.

«Қазіргі уақытта барлық аудан, қала әкімдіктеріне жануарларды уақытша ұстауға арналған пункттердің жобалық-сметалық құжаттарын әзірлеу тапсырылды. Сондай-ақ осы мақсатқа қосымша қаражат бөлу мәселелері қарастырылуда. Ережеге сәйкес, барлық үй жануарларын тіркеу 2023 жылдың 1 қыркүйегінен бастап ұйымдастырылады», деді Мелис Қайнұлдаев.

Оның айтуынша, жыл басынан бері облыста 16 380 ит пен 1017 мысық ауланған.