Тамылжыған тамызда Өскеменнен қай бағытқа шыға қалсаңыз да, жолды жағалай қаулаған күнбағысқа қарап таңғалар едіңіз. Бірақ мұндай сұлулықтың маусымы тым қысқа. Күнбағыс бір, бір жарым апта ғана гүл атып, құлпырып тұрады. Сондықтан да шығар, дәл осы уақытта фотографтар, мобилографтар күнбағыс алқабын арнайы шығып таспаға тартады.
Сап-сары дала. Қыздың кестесіндей көркем. Бұл майлы дақылдың тұқымы себілген соң тез қылтияды, тез көтеріледі. Аз ғана уақыт гүл жарып, жайқалады. Жайқалған тұсында маңайынан бал араның ызыңы жиілеп, көбелектер қонғыштайды. Өткен-кеткен жолаушылар аялдап, суретке түседі. Гүлі түсіп, дәні піскен тұста бастары салбырап, бүкірейеді. Бұл кезде құстар шоқып, кескін-келбетін одан сайын кетіреді. Ертең диқан келіп орып алғанша сүрең тартып, жүдей береді. Жүдеген сайын дәні піседі. Бейне бір адамның ғұмырындай...
Шығыс Қазақстандағы егістік алқабының көбін күнбағыс алып жатқан секілді. Бәлкім, солай да шығар. Ауыл шаруашылығы басқармасы мамандарының мәліметінше, биыл 189 мың 571 гектар жерге күнбағыс егіліпті. Аз емес. Соған қарай жергілікті жерде май бағасы арзандаса дейсің ғой. Күнбағыс қамбаны толтырып, қалтаны қампайтқанымен, топырақтың бар нәрін сорып алады. Технология бойынша бір рет егілген аумаққа үш-төрт жылға дейін қайтіп күнбағыс егуге болмайды.
Ал күнбағыстың тарихына үңілсек, еуропалықтар Американы ашқан кезде Мексиканың жазығынан басы күндей гүлдерді көрген екен. Әуелде оны «күн гүлі» деп атап, кейіннен пайдасын білген. Еуропа-Азияға алғаш осыдан 400 жыл бұрын келген күнбағыс бүгінде Қазақстанның Шығыс, Солтүстік өңірлерінде көптеп өсіріледі.
Шығыс Қазақстан облысы