АСТАНА. 7 мамыр. Мемлекет басшысы барша қазақстандықтарды патриоттық, ерлік пен жауынгерлік даңқ мерекесімен құттықтады. Бұл туралы akorda. kz хабарлады.
Әскери шеруді Қорғаныс министрі Серік Ахметовтен салтанатты жағдайда қабылдап алғаннан кейін Нұрсұлтан Назарбаев: «Тәуелсіздік жылдары мемлекетіміз кәсіби армия қалыптастырды, ел мүддесіне толық сай келетін әскери доктрина түзілді. Біздің қасиетті топырағымыз әуеде де, жерде де және суда да қорғаныс аясында. Біз барлық көршілес елдермен достық қарым-қатынастамыз. Қазіргі уақытта армия әрдайым сақадай сай болуға тиіс. Бұл – әскери қызметшілер алдына мемлекет қойып отырған міндет», – деді.
Бұдан соң Мемлекет басшысы жаңадан қабылданған «Қазақстан-2050» стратегиясының ел дамуындағы маңызды рөліне де тоқтал келіп: «Біздің тұрақты экономикамыз, біртұтас қоғамымыз, дайындықтан өткен қуатты армиямыз бар. Біз жаңа Қазақстан рухына, прогресс және жасампаз болашақ қалыптастыру рухына адалмыз. Бұл – елімізді әлемдегі ең дамыған 30 мемлекеттің қатарынан көруді армандайтын барша қазақстандықтардың мақсаты. Бүкіл өңірлеріміз, қалаларымыз, аудандарымыз бен ауылдарымыз бір қарқынмен дамып келеді. Біздің басты байлығымыз – татулық пен келісім. Елдің әрбір азаматының борышы – халқымыздың бірлігін сақтап, оны қорғау», – деді.
Жолдыбай Базар.
Дереккөз: akorda. kz.
Фото: «ҚазАқпарат».