Мәдениет және спорт министрлігінің Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығының қызметкерлері Түркияда іссапарда болып, ел тарихына қатысты құнды деректерді елге әкелу бойынша жұмыс жүргізді, деп хабарлайды Egemen.kz.
Аталмыш жұмыстар мемлекеттік «Архив-2025» кешенді жоспарын іске асыру мақсатында атқарылып отыр.
Зерттеушілер еліміздің тарихына қатысты жазба мұралар мен құнды құжаттарды тапқан. Атап айтқанда Османлы архивінің қорын зерттеу барысында 27 қордан, 248 іс, Сүлеймания мешіті медреселерінде құрылған кітапханада 106 топтамада 70 мың томға таяу жазба, 120 мың томдай баспа ескерткіштер жинақталса, Сүлеймания кітапханасында қазақ жерінен шыққан ортағасырлық авторлардың 19 еңбегі анықталып, көшірмесі алынды.
«Іс-сапар кезінде табылған құнды қолжазбалардың бірі – XIV ғасырда алтын әріптермен жазылған Алтын Орда ханы Өзбек ханға тиесілі Құран. Сонымен қатар ғылыми іссапар барысында ақын Зейнел Сүрмелінің ұлы Махмуд Сүрмелі Ұлттық орталық қорына көзінің қарашығындай сақтаған әкесінің түпнұсқа қолжазбаларын, сол замандағы бүкіл әлемдегі қазақ қауымдастығымен алмасқан хаттары мен өзінің 1500 өлең жолын ресми түрде тапсырды», деді Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығының директоры Жандос Болдықов.