• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Әдебиет 15 Тамыз, 2022

Ата жұртта

657 рет
көрсетілді

Өткен ғасырдағы жетпісінші жылдардың соңы мен сексенінші жылдардың басында әдебиетімізге талантты бір толқын келді. Олар «әдебиетке мен келдім» деп кеуде қағып өрекпіген жоқ, көркемсөз табалдырығын сыпайы аттады. Алайда бұл буынның көркемсөз өнеріндегі жолы жеңіл болды дей алмаймыз, олардың алаңсыз шығармашылықпен айналысып, том-том кітап жазуға мүмкіндіктері болмады. Бір-екі кітабы жарық көріп, елге таныла бастағанда қайта құру басталып, тоқырау заманына килікті. Қаламақы да көзден бұл-бұл ұшты. Сондай түрлі қиындыққа қарамастан олар шығармашылықтан алыстамай, ел сүйіп оқыған көркем дүниелер жазды. Қазір олардың да жасы жетпістен асып, аға буынға айналды. Осы буынның бірегей өкілі, жазушы-драматург, филология ғылымдарының докторы, профессор Серік Асылбекұлы.

Серік аға аз жазса да саз жазған қаламгерлер санатынан болса да, оның шығармашылығында хал­қы­мыздың болмысы мен бі­тімі, дар­хандығы мен адал­дығы, кейде тіпті дарақылау көрінетін мақтан­сүйгіштік міне­зі жеріне жете, кестелі бейнеленген. Жалпы, жазушыны шағын жанрдың шебері деп танимыз. Оның әңгімелері мен хикаяттарындағы оқиға шымыр құрылып, серіппедей тартылып тұрады. Кейіпкерлер бейнесі де шынайылығымен баурап әке­теді. Бастысы, қаламгердің кез келген шығармасынан ұлт­тық бояуды жазбай танисыз. Осын­дай жылы жазылған көркем әңгі­месінің бірі – «Ата жұртта» деп аталады. Бұл әңгіме де алып бара жат­қан оқиға жоқ, араға жыл­дар салып, қаладан туған ауы­лына оралған азаматтың ту­ған жеріне келгендегі жүре­гін мұңға батырған сезім сәт­тері көркем суреттелген. Бір жа­ғы­нан, бұл туындыны авто­био­гра­фиялық шығарма деп айтуға бо­лады. Өйткені мұндағы бас кейіпкер Қорғанбектің болмысынан автордың, яғни Серік Асылбекұлының өзін көреміз.

Әңгімеде артық суреттеу, көп­­­сөзділік мүлде кездеспейді. Бас-аяғы жинақы, оқиға да бірден бас­талады.

«Қорғанбек елсіздегі көне бейіт басында бірауық үн­сіз тұрды да қойды. Бір сәт төрт­құ­лақтың көлеңке бетіндегі кішкентай қы­зыл тасқа орна­тыл­ған сурет­ке назары түсіп кетіп еді, әкесі марқұм суықтау, шүңірек көз­дерімен бұған тесіле қарап қалған екен. Қорғанбек өзінің жанарын қалай тайдырып әкеткенін білмей де қалды. «Кешір, көке! Жер шалғай, уақыт осылай, әйтпесе сенің мені сарылып күтіп жататыныңды білмей жүргем жоқ, – деді ол ішінен күбірлеп» деген сөй­лемді оқығанда сіздің де жүре­гіңізді нәзік мұң басып, туған ауылыңызға барып, өмірден өткен әкеңіздің басында тұр­ғандай сезімді бастан кешесіз. Жазушы шеберлігі дегеніміз осы шығар.

Әңгімеде айтылатын «Ақиін» деген ауыл бір кезде отыз-қырық үйі бар елді мекен болған. Қазір бұл жерде совхоздың жүгері бригадасы мен қорықшы Өскентай ақсақалдан басқа ешкім жоқ. Қаладан келген қонақты ертіп жүрген досы Қазантай екеуі бір кезде әке-шешесімен сыйлас болып, жақын туыстай араласқан майдангер Өскенбай ақсақалға қиыс жолдан әдейі бұрылып, сәлем беруге келеді. Айдалада жалғыз үй болып, әңгімелесуге қара таба алмай, іші толып қалған қария екі жолаушының келгеніне дән риза болып, өткен-кеткенді айтып, шер тарқатады.

Осы жердегі үзіндіге назар аударсаңыз:

«– Иә, айтпақшы, ертең мей­рам ғой, – деді Қазантай ертең тоғызыншы мамыр екені есінен қалай шығып кеткеніне өзі де таң қалғандай үнмен. – Баяғыда деймін-ау, нағашыеке, осы Ақиінде мейрам сайын ат шауып, палуан күрестіріп, бүкіл ел болып жататын еді-ау дегенге Өскенбай қария елең ете қалып, «ол кезде бұл ара қалың ел емес пе» дейді де соғыстан кейінгі бір оқиғаны баяндайды. Дәл осы оқиға арқылы жазушы халқымыздың бойынан қазір алыстап бара жатқан бірсөзділік, қонақжайлық, турашылдық се­кіл­­ді ғажап қасиеттерін қария әңгі­ме­сімен керемет жеткізеді.

«Ол кезде еркек – әулие, баяғы Құлмамбетиярдың Сары­сының бұрынғы әйелінің үстіне жас қатын алып, есіріңкіреп жүрген шағы, – деп бастаған Өскенбай ақсақал, сөзін одан әрі жалғап, – Осындай бір мей­рамның алдында тәмам адам мына дүкеннің алдында жиналып қалды. Ұмыттым – әйтеуір сол күні ауылдағы біреу келін түсіріп, соның то­йына шыққан бетіміз еді. Әлгі Сарының қызып алып, Тінәлі марқұмға тиісе бастауы бар емес пе. Тінәліге «күресесің бе, күресесің бе» деп тап-тап береді. Тінәлі марқұм ірі, қапсағай кісі болғанмен, нәті жуастау жігіт еді ғой, жарықтық. Тайсақтап қаша береді әлгі шапаттай немеден. Содан біз қарап тұрамыз ба, Айдекең бар, сенің әкең Кәтеп марқұм бар, қазір көзі тірі ғой, әлгі осы ауылдың бар жас қатыны «бригәт қайнаға» атап кеткен өмір бойы бригат боп кеткен Тілепбай бар, мысықмұрт Елемес бар – бәріміз жабылып келіп Тінекеңді «күрес, күрес» деп ортаға алдық. Амалы құрыған Тінекең қыбыжықтап ортаға шықты. Алғашында қой­қалақтап олай-бұлай қашқа­лақтай береді әлгі немеден. «Қап, мынаны-ай!..» – деп біз тұрмыз ішімізден кіжініп. Жастау кезіміз ғой. Қойшы, бір кезде екеуі ұстасты-ау. Әйгілі ұста емес пе, Тінә­лінің қолы қарулы еді ғой, осы ауылдың барлық тамының қабырғасын сол көтерді десем, өтірікші болмаспын, оның үстіне ірі, қапсағай жігіт, көзді ашып-жұмғанша Сарыны дүкеннің алдындағы мыстай айтақырдың үстіне алып ұрды» дей келіп, жарты сағат есінен таңып жатқан Құлмамбетиярдың Сарысының орнынан атып тұрып, Тінәлінің жағасынан алып, «Кәне аяғыма жығыл, әйтпесе, менің жалғыз өзім емес, екі қатынымнан туған үрім-бұтағымның қолы сенің жағаңда кетеді. Менің жасым кіші болғанмен, жолым үлкен, жығыла кетсең не кетеді, әңкиген әумесер неме?» деп Тінәліге дікең-дікең етіп, ақыры Тінәлі кешірімге бір құнан қойын со­йып, Сарыға айыпқа үстіне шапан жауып, ауыл ақсақалдарының батасын алып, әзер құтылғанын оқып, ауыл адамдарының ешқандай қоспасыз дара болмысын көріп, тәнті боласыз.

Қорыта айтқанда, белгілі жазушы Серік Асылбекұлының қазақтың қоңыр мінезін қоңыр әуенімен айшықты да көркем бейнелеген туындыларын оқы­ғанда көңіліңді әуезді ән тербеп, нәзік сезімге бөлейді.