Елімізде мәдени-бұқаралық және спорттық іс-шараларда қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету үшін ұйымдастырушыларға жеке күзет ұйымдарын тартуға мүмкіндік беретін нормалар қабылданды. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Олжас Құспеков әлеуметтік желідегі парақшасында хабарлады, деп жазады Egemen.kz.
Депутаттың айтуынша, бұл өзгерістер концерттер мен спорттық матчтар сияқты коммерциялық іс-шараларға полиция күшінің көптеп тартылуына байланысты қалыптасқан тәжірибені өзгертуге мүмкіндік береді.
«Бүгінде мәдени-бұқаралық және спорттық іс-шараларда қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету үшін жеке күзет ұйымдарын тартуға мүмкіндік беретін нормалар қабылданды. Бұл алдағы уақытта, мысалы, Энрике Иглесиас концерті кезінде Ішкі істер министрлігі қызметкерлерін тарту міндетті болмайтынын білдіреді», деп жазды Олжас Құспеков.
Алматыдағы Дженнифер Лопестің концерті қанша табыс әкелді
Оның айтуынша, бұған дейін коммерциялық іс-шараларда тәртіпті сақтау үшін мыңдаған полиция қызметкері жұмылдырылып келген. Соның айқын мысалы − Дженнифер Лопес концерті. Бұл шарада қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін ІІМ қызметкерлері мен әскери қызметшілерден 3500-ден астам адам тартылған.
Депутат келтірген мәліметке сәйкес, тек 2024-2025 жылдары ішкі істер органдары 5 мыңнан астам бұқаралық іс-шараның қауіпсіздігін қамтамасыз еткен. Әрбір шараға жүздеген полиция қызметкері жұмылдырылған.
Ал мұндай іс-шараларға жұмылдырылатын полиция ресурстарының жыл сайынғы шығыны 8-16 млрд теңге шамасында бағаланады. Яғни іс жүзінде бұл шығындарды мемлекет көтеріп келді, ал коммерциялық іс-шараларды ұйымдастырушылар табыс тауып отырды.
Дженнифер Лопестің концерті Астанаға 12 мың шетелдік турист әкелген
Сонымен қатар Қазақстанда жеке күзет қызметінің дамыған жүйесі қалыптасқан. Қазір елде 4 мыңға жуық жеке күзет ұйымы және 100 мыңға жуық лицензияланған күзетші жұмыс істейді. Енді заңнама бұқаралық іс-шараларда қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету үшін мұндай компанияларды шарт негізінде тартуға нақты мүмкіндік береді.
Жаңа модель ресурстарды тиімді қайта бөлуге жол ашады. Іс-шара ұйымдастырушылары өз шараларының қауіпсіздігіне жауап береді, жеке күзет компаниялары бұл жұмысты кәсіби деңгейде атқарады, ал полиция көшелерді патрульдеуге және қылмыстың алдын алуға көбірек көңіл бөледі.
Олжас Құспеков бұл нормалардың қабылдануы қолданыстағы тәжірибені өзгертуге бағытталған жүйелі жұмыстың нәтижесі екенін атап өтті. Оның сөзінше, енді бұл өзгерістер іс жүзінде іске аса бастайды.