Ел экономикасында стратегиялық маңызы басым Атырау облысында 123 жыл бұрын «қара алтынның» алғашқы бұрқағы атқылаған. Содан бері бұл өңірде мұнай-газ өнеркәсібі кең қанат жайды. Жаңа кен орындары ашылып, халықаралық жобалар іске асырылып жатыр. Энергетика министрі Болат Ақшолақов атыраулықтармен кездесуде мұнайлы өңірдің мүмкіндігі мен мұнай-газ саласының негізгі көрсеткіштері туралы айтып берді.
Министрдің дерегіне сүйенсек, Атырау облысында былтыр 48 млн тонна «қара алтын» өндірілген. Ал биылғы жеті айда бұл көрсеткіш 27,7 млн тоннаны құрап отыр. Өткен жылы жеті қат жер астынан мұнаймен бірге өндірілетін газ көлемі 24,9 млрд текше метрге, ал жыл басынан бергі жеті айдың ішінде 14,4 млрд текше метрге жеткен.
Қазір өңірде көмірсутекті шикізат қоры барланған 118 кен орны орналасқан. Көмірсутекті шикізатты игеру үшін 78 келісімшарт жасалған. Қазір кен орындарынан өндірілетін мұнай қоры шамамен 3,3 млрд тонна, ал газ қоры 200 млрд текше метрден асады. Мұнай-газ саласында 30-дан астам компания жұмыс істейді. Бұл компаниялар елімізде өндіретін мұнайдың 55 %-ын қамтамасыз етеді. Өндірілген мұнайдың басым бөлігі «Теңіз» бен «Қашаған» ірі кен орындарынан өндіріліп отыр. Мәселен, Каспий теңізінің қазақстандық секторындағы «Қашаған» кен орнынан биылғы жеті айда 7,2 млн тонна мұнай мен 4,4 млрд текше метр ілеспе газ өндірілген. Қазір бұл «Қашағандағы» тәуліктік мұнай өндіру шамамен 100 мың баррельді құрап отыр.
– Биыл Атырау өңірінде, онымен шекаралас Маңғыстау мен Ақтөбе облыстарында орналасқан төрт жер қойнауы учаскесіне көмірсутектер бойынша жер қойнауын пайдалану құқығын беру үшін аукцион өткізілді. Аукционның қорытындысымен қол қою бонусы шамамен 2,4 млрд теңгені құрады. Бұл бастапқы қол қою бонусынан шамамен 10 есеге артық. Сондай-ақ жақын арада аталған жер қойнауы учаскелерінде геологиялық барлау жұмыстарын жүргізу жоспарланып отыр. Оған 5,3 млрд теңгені құраған инвестиция салынады, – деп мәлім етті Б.Ақшолақов.
Тәуелсіз Қазақстан тарихындағы ең ірі жоба – келешек кеңею-ұңғыма ернеуіндегі қысымды басқару жобасы «Теңіз» кен орнында іске асырылып жатыр. Бұл жоба іске қосылғанда кен орнынан өндірілетін «қара алтын» көлемі 12 млн тоннаға артып, жылына 39 млн тоннаға жетеді. Осы жоба іске асырыла бастағаннан бері «Теңізшевройл» ЖШС қазақстандық тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алуға 14,2 млрд доллар жұмсаған. Жоба үшін 25 мыңнан астам адамды оқытқан. Компания ел экономикасына 7,5 млрд доллар бағыттаған.
Ал «Қашаған» кен орнынан өндірілген газды өңдеу зауытының құрылысы басталды. Жаңа зауыттың қуаты – жылына 1 млрд текше метр газ өңдеу. Дәл осы зауыт іске қосылғанда «Қашағаннан» мұнай өндіру қуаты тәулігіне 450 мың баррельге дейін жетеді. Зауыт жұмысы толық қуатына жеткен кезде 750 млн текше метр көлемінде тауарлық газ, 120 мың тонна сұйытылған газ, 14 мың тонна конденсат, 212 мың тонна күкірт өндіріледі. Бұған қоса жылына 2 млрд текше метр газ өңдейтін жаңа зауыттың құрылысын жобалауды бастау жөнінде шешім қабылданып отыр.
– Қазір Атырау облысында газдандыру деңгейі 98,7%-ды құрап отыр. Өңірдің 660 мың тұрғыны табиғи газбен қамтамасыз етілген. Ұлттық экономика министрлігі бекітетін Атырау облысындағы табиғи газдың түпкілікті бағасы 1 текше метр үшін 5,3 теңгені, ал атаулы әлеуметтік көмек алушыларға 1 текше метр газ бағасы 4,2 теңгені құрайды. Бұл – еліміздегі ең төмен баға, – дейді Б.Ақшолақов.
Министрдің мәліметіне қарағанда, биыл бекітілген республикалық бюджетте үш жаңа жобаны іске асыруға 1 млрд теңге көзделген. Бұл – Исатай ауданындағы Қызыл үй, Жасқайрат ауылдарын газбен жабдықтау, сондай-ақ Қызылқоға ауданының Тасқұдық, Соркөл, Сарықұмақ, Былқылдақты, Қоңыраулы, Кенбай елді мекендеріне газ құбыры желілерін салу жобалары. Аталған жобаларды іске асыру инфрақұрылымды жүргізуге, шамамен 1 300 адамды газбен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, «Мақат-Солтүстік Кавказ» магистралды газ құбыры лупингінің құрылысы» инвестициялық жобасы іске асырылып жатыр. Бұл мұнайлы өңірдің өркендеу қажеттілігін ескере отырып, табиғи газдың қосымша көлемін тасымалдауға жол ашады.
– Атырау облысында 95-ке жуық автомобильге газ құю стансасы бар. Ал 29 мекеме сұйытылған газды сатуды жүзеге асырады. Былтыр өңірде сұйытылған мұнай газын тұтыну шамамен 50 мың тоннаны құрады. Биылғы 7 айда шамамен 36 мың тонна тұтынылды. Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі сұйытылған газдың бағасын мемлекеттік реттеуді сақтап қалды. Биыл жылдың соңына дейінгі мерзімде сұйытылған газдың шекті бөлшек сауда бағалары бекітілді. Соған сәйкес Атырау облысындағы сұйытылған газдың шекті бөлшек саудадағы бағасы 1 литр үшін 50 теңгені құрайды, – дейді Энергетика министрі.
Болат Ақшолақовтың айтуынша, Энергетика министрлігі ұзақ мерзімді баға тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін шаралар қабылдап жатыр. Мәселен, өндіруші зауыттардың шығындарын ішінара өтеу мақсатында шекті көтерме бағаны тоннасына 33 600 теңге (19,7 теңге/литр) деңгейінде бекіту туралы бұйрыққа қол қойылған. Мақсат – бағаның алыпсатарлықпен өсуіне жол бермей, сұйытылған мұнай газын облыстарға бөлуді реинжинирингтеу. Осындай шаралардың бірі – өндірушілердің белгіленген бөлшек сауда бағаларын негізге алып, сұйытылған мұнай газына шекті көтерме бағаларды айқындау жөніндегі қағидаларды әзірлеу. Бұл нарыққа қатысушылар арасында кірістерді әділ бөлуді қамтамасыз етіп, зауыттарды сұйытылған мұнай газын өндіруге ынталандыруға мүмкіндік береді.
Энергетика министрі АИ-80, АИ-92, АИ-93 жанармайы мен дизель отынын бөлшек саудада өткізуге шекті бағаларды мемлекеттік реттеу сақталғанын мәлім етті. Мәселен, Атырау облысында АИ-92 бензинінің орташа бағасы 169 теңгені құрайды. Ал дизель отынының 1 литрі – 230 теңге. Бірақ АИ-95 жанармайына баға белгілеу бәсекелі ортаға берілген. Енді жанармайдың бұл түріне бағаны нарық айқындайды.
– Өйткені АИ-95 және одан жоғары маркалы бензинді өндіру кезінде қымбат тұратын импорттық қоспалар мен жоғары октанды компоненттер шығыны ескеріледі. Мұндай жанармайлардың бағасы мұнай баррелінің құны мен валюта бағамына байланысты болады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жанар-жағармай материалдары нарығын реформалау жөніндегі тапсырмасын орындау мақсатында бірнеше іс-шара қабылданып жатыр. Алдымен, мұнай өнімдерін өндіру және бөлу саласында ашықтық пен транспаренттілікті қамтамасыз етуді қолға алынып отыр. Екіншіден, автокөлікпен мұнай өнімдерін шығаруға тыйым салуды осы жылдың соңына дейін ұзарту туралы бұйрық шығарылды. Үшіншіден, сараланған бағаларды әзірлеу арқылы дизель отынының тапшылығына жол бермеу көзделіп отыр, – деді министр Б.Ақшолақов.
Министрмен кездесуде қоғам белсенділері жұрт көкейінде жүрген түйткілді мәселелерді қозғады. Мәселен, «Атамекен Эко» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Арман Хайруллин ірі жобалардағы өнімді бөлу жөніндегі келісім туралы ақпараттың ашық болуын, экологиялық айыппұлдарды Атырау облысы тұрғындарының қажеттілігіне бағыттауды ұсынды.
«Нейродетки – чудо есть» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Лунара Мақсұтованың пікіріне қарағанда, өңір тұрғындары экологиялық проблемадан зардап шегіп келеді. Оның өзі екі мүгедек баланы тәрбиелеп отыр.
Атырау облысы