• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
08 Мамыр, 2014

Ерлік сабағы

614 рет
көрсетілді

Ұлы Отан соғысы адамзаттың есінде мәңгі қалады. Адамдарға қасірет әкелген бұл соғыста Ұлы Жеңіс жолында қаншама боз­дақтың өмірі қиылды десеңізші. Облыстық ІІД баспасөз қызметінің деректері бойынша, облыстан майданға алынған 2,5 мың милиция қызметкерінің тек 440-ы елге оралыпты. Қазір солардың арасынан ғұмыр бойы құқық қорғау саласында еңбек еткен бес Ұлы Отан соғысының ардагері қалыпты. Ақтөбелік полицейлер Ұлы Жеңістің 69 жылдығы қар­саңында өздерінің Ұлы Отан соғысының майдандарында ер­лікпен соғысқан ардагерлеріне құрмет көрсетуде. Облыстық ішкі істер департаменті ардагерлер ке­ңесі ұйымдастырған «Ерлік са­бағы» атты кездесуге әзірге көзі тірі бес майдангердің екеуі және бір еңбек майданына қатысушы кел­ді. Олар облыстық ішкі істер де­партаментінің мұражайында жас по­лицейлермен және заң институты тыңдаушыларымен кездесіп, май­­­дан жолдарынан естеліктер айтты. Қан қасап майдан жолдарынан өткен Жұмай Әлішев фашистік бас­қыншылардан Киев, Варшава, Прага, Вена қалаларын азат ету ұрыстарында жан алып, жан беріп шайқасты, Берлинді алуға қатысты. Ол ең алғаш зеңбірекші ретінде Курск иінінде немістермен бетпе-бет келіп, ұрысты. Майданда үш рет жараланды. Майдангер соғыс­тан кейін ұзақ жылдар бойы зейнеткерлікке шыққанша құқық қорғау органдарында жұмыс істеді. Михаил Диденко майданға 1944 жылы алыныпты. Он жеті жастағы бозбала 5-екпінді армия құрамында пулемет тобының ко­ман­дирі болып соғысты. Алғаш рет ұрысқа Минск түбіндегі Зват дерев­нясы үшін болған шайқаста кірді. Вилньюсті фашистерден босатуға, Кенигсбергті алуға қа­тысты, жеңісті Пилау портында қарсы алды. Жыл санап майдангерлер қа­тары сиреп барады. Сондықтан олардың әрбір кездесуі жастардың бойында патриоттық сезімді қалып­тастыруға, ұрпақтар сабақ­тастығын сақтауға ықпал жасайды. Сатыбалды СӘУІРБАЙ, «Егемен Қазақстан». Ақтөбе облысы.