ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов жеті айдағы Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуына баға берді, деп хабарлайды Egemen.kz.
«Жеті айдың қорытындысы бойынша жалпы ішкі өнімнің өсімі 3,3%-ке жетті. Ел экономикасының өсуіне негізінен нақты сектор үлес қосып отыр. Мәселен, өңдеу өнеркәсібі саласында тамақ өнімдерін өндіру шамамен 3%-ке, сусын өндіру 9%-тен астам өсті. Жеңіл өнеркәсіпте өсім 5%-тен жоғары болды. Химия өнеркәсібінде 11%-ке жуық, мұнай өңдеуде 4%, машина жасау өнімдерін шығаруда 8%-ке жуық өсім тіркелді», деді Премьер-Министр Үкіметтің бүгінгі отырысында.
Сонымен бірге елдегі металлургия өндірісі 5%, құрылыс саласында 8,6% деңгейінде өсім бар. 7,7 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Қызмет көрсету саласы бойынша сауда 6%-ке, көлік 5,5%-ке және байланыс саласы 6,5%-тен астам өскен.
«Жеті айдың қорытындысында Қарағанды мен Солтүстік Қазақстан облыстарында және Шымкент қаласында барлық көрсеткіштер бойынша оң динамика қалыптасқан.
Жауапты мемлекеттік органдар мен өңір әкімдіктері жұмысты жандандырып, мақсатты макроэкономикалық көрсеткіштерді қамтамасыз етуі керек. Өсу динамикасын сақтап тұру үшін экономиканы одан әрі әртараптандыру, инвестициялық жобаларды іске асырып, жұмыс орындарын құруды күшейтіп, жалғастыру қажет», деді Ә. Смайылов.
Оған қоса, шілде айының қорытындысы бойынша елдегі жылдық инфляция 15% болған.
«Мәселен, өткен аптада монополияға қарсы агенттікке қанттың қымбаттауы мен тапшылығына қатысы болуы мүмкін компания қызметін тексеруге тапсырма бердім. Бұл проблеманың көтерілгеніне біраз болды. Сондықтан мұндай жағдайды жауапты органдар ертерек анықтап, алдын алу керек.
Инфляцияны тежеу үшін қажетті құралдар бар. Мемлекеттік органдар мен әкімдіктер оларды тиімді пайдалануы тиіс.
Тағы да назар аударатын жағдай – өңірлердегі делдалдық схемаларды тексеру комиссияларының жұмысын жандандырып, әлеуметтік маңызы бар азық-түлікке баға үстемесінің 15% мөлшерінде болуын ерекше бақылауда ұстау керек. Сондай-ақ әкімдіктер ауыл шаруашылығы өнімдерін форвардтық сатып алу үшін келісім-шарттардың уақытылы жасалуына да бақылауды күшейтуі керек», деді Үкімет басшысы.