Шығыс өңіріндегі барша ұлт пен ұлыс өкілдері Риддер қаласында бас қосты. Онда еліміздегі бірлік пен берекені паш еткен «Бір шаңырақ астында» атты достық форумы өтті. Шығыс өңіріндегі Қазақстан халқының бірлігі мерекесіне биыл 50 мыңнан астам адам қатысты. Бұл – тұрақтылық пен ұлтаралық татулықты баршаның қалайтынын, бейбітшілікке мүдделі екенін байқатады.
Аталған мереке еліміздің әр азаматының, әр мұғалімнің, әр кеншінің, әр оқушының мемлекеттің тұтастығы мен тұрақтылығын, бірлігін сақтауға үлкен үлес қоса алатынын, яғни қоғам дамуында өзіндік орны маңызды екенін сезіндірді.
Форум барысында Қазақстан халқы Ассамблеясының «Бірлік» медалімен «Арарат» этномәдени бірлестігінің төрағасы Юрик Варжапетян марапатталды. Сонымен бірге, еліміздегі ұлтаралық келісімді нығайтуға қосқан үлесі үшін Достық үйлеріне Қазақстан халқы Ассамблеясының құрмет грамоталары мен 2 миллион теңгеге жуық қаржылай сыйлық тапсырылды.
– Мен көптеген жылдар бойы осы этноорталыққа жетекшілік етіп келемін. Бүгінгі марапат мен үшін үлкен абырой. Күннен-күнге өркендеп, көркейіп келе жатқан елімізге мемлекеттік Туымыздың түсіндей ашық та жарқын аспан тілеймін. Қазақстанда көптеген ұлт өкілдері тату-тәтті тұрады. Ұлттар мен ұлыстардың өзара бірлігі, тонның ішкі бауындай болуы барлығымызды қуантады. Соңғы уақытта алысты айтпағанда, жақын елдерде саяси тұрақсыздыққа бастаған түрлі оқиғаларды көріп отырмыз. Сондықтан, Елбасымыздың елімізді айрандай ұйытып отырған ерен еңбегін жоғары бағалаймыз, – деді Ю.Варжапетян.
Айта кеткен ләзім, аталған форум бір шаңырақ астында еңбек етіп жатқан, яғни облыстағы барлық этномәдени бірлестіктердің, аудан әкімдіктері өкілдерінің, Достық үйлері басшыларының басын қосты.
Форум қатысушыларының бірі, белсенді риддерлік жас Андрей Курсантов еліміздің халқы – бір, шаңырағы – ортақ екенін жеткізіп, барша қазақстандықтарды достықтың жоғары биік үлгісін көрсетуге шақырды. Он екінші мәрте ұйымдастырылған Достық форумы соңында «Ладушки», «Шығыс жұлдыздары», «Диверсис» сынды этномәдени бірлестіктердің шығармашылық топтары өз өнерлерін паш етті.
Думан АНАШ,
«Егемен Қазақстан».
Шығыс Қазақстан облысы,
Риддер қаласы.