• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
08 Мамыр, 2014

Бірлік және достық жолымен

294 рет
көрсетілді

Мәдениет үйінде Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары, Парламент Сенатының депутаты Анатолий Башмаковтың қатысуымен облыстық ассамблеяның ХІХ сессиясы өтті. Онда Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқы Ассамблея­­сының ХХІ-сессиясында сөйлеген сөзінен туындайтын міндеттерді жүзеге асыру шаралары белгіленді. Аймақ басшысы облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы­ның төрағасы Самат Ескендіров жиынды кіріспе сөзбен ашып, «Қазақстан-2050» Стратегиясы: бейбітшілік, руханият және келісім» тақырыбында өткен сессияда Елбасы бірлікті ел болу, ұлтты ұлы істерге ұйыстыру, бейбітшілік, руханият, келісім құндылықтары­ның бастауы мәдениеттен басталатынын, толеранттылық, достық пен бауырластық идеялары қазақстандықтар үшін өмір сүру мазмұнына айналғанын атап көрсеткенін жеткізе келіп, ортақ Отанымызды өркендету жолында солтүстікқазақстандықтардың аянбай еңбек ететініне сенім білдірді. Облыстық ассамблея мен тиісті ведомостволар алдына Ассамблеяның және Ата Заңымыздың 20 жылдық мерейтойларын өз дәрежесінде атап өту, «Бейбітшілік пен келісімнің «Жол картасы» меге-жобасы аясында» Достық эстафетасын лайықты қарсы алу, облыстық ассамблеяның сайтын жасау, «Жасыл ел» бағдарламасы бойынша достық пен келісім саябағын ашу сияқты бірқатар тапсырмалар жүктеді. Одан әрі Еуразиялық интеграцияның Мемлекет басшысы белгілеп берген Стратегияның басым бағыттарына тоқталды. Қызылжар өңірі Ресейдің шекаралас Түмен, Омбы, Қорған облыс­тарымен экономикалық, сауда-саттық өрісін кеңейтіп келеді. Кеден одағы шеңберінде 2010 жылдан бері жалпы тауар айналымы 15 пайызға өсіп, 777 миллион долларды құрады. Экспорт 2,5 есе, импорт 8,5 пайыз ұлғайды. «Барбанг» күрдтер қауым­­дас­тығының облыстық филиалының жетекшісі Ра­шид Надиров, Ғ.Мү­сірепов ауда­нын­дағы «Трем­би­та» украин этно­мәдени бірлес­тігі­нің мү­шесі Наталья Петрова өз ұсы­ныс-тілектерін мемлекеттік тілде жеткізді. Басқосуда А.Башмаков Елбасы тапсырмаларын жергілікті жерлерде кеңінен насихаттау жайын атап өтті. «Қор орталығы» ЖШС директоры Жасұлан Ахметовке, «Видергебурт» неміс этномәдени бірлестігінің төрайымы Эльвира Ковзельге Қазақстан халқы Ассам­блеясының қоғамдық «Бірлік» алтын медалі салтанатты түрде тапсырылды. Ұлтаралық бірлікті сақтауға және насихаттауға елеу­лі үлес қосқан бір топ адам Ассам­блеяның Құрмет грамотасымен, Алғыс хатымен марапатталды. Облыстық ассамблея төраға­сы­ның орынбасарлығына «Вай­нах» чешен-ингуш қоғамдық ұйы­мының төрағасы Мұса Дадаев сайланды. Сессияға қатысушылар облыс жұртшылығына арнап үндеу қабылдады. Өмір ЕСҚАЛИ, «Егемен Қазақстан». Солтүстік Қазақстан облысы.