Қазақстан халқы Ассамблеясының «Қазақстан-2050» Стратегиясы: бейбітшілік, руханият және келісім мәдениеті» атты ХХІ сессиясында алдағы уақытта еліміздегі ұлтаралық татулықты, тұрақтылықты нығайту жолында, бірлігімізді бекемдеуге байланысты тапсырмалар жүктелді. Келер жыл «Қазақстан халқы Ассамблеясының жылы» деп жарияланды. Бірлігіміз –жарасымды, мақсатымыз – айқын.
Облыс орталығындағы Достық үйінде өткен жиынға өңіріміздегі барлық этномәдени бірлестіктердің, жастар құрылымдары мен ардагерлер кеңесі, қоғамдық және діни ұйымдардың өкілдері қатысты. Мысалы, Железин ауданындағы «Неупокоев» шаруа қожалығының басшысы Владимир Неупокоевтің айтуынша, тың игеру кезінде келген ата-анасы қазақ жеріне бауыр басып қалыпты.Ұрпақ жалғасты. Ауылда көктемгі науқан басталды, жұмыс, шаруа қожалығында бәрі де күндіз-түні еңбек етуде.
Ақсу қаласы «Славян» этномәдени бірлестігінің төрайымы Валентина Солдаткина алдағы уақытта Ақсу қаласында да Достық үйі бой көтермекші екенін, оның Ассамблея жұмысына серпін, жігер қосары анық екенін, бұл жаңалыққа қуанышты екенін жеткізді. Ал облыстық чешен-ингуш этномәдени бірлестігінің белсенді мүшесі Хаба Махмұдова да саяси қуғын-сүргінге ұшыраған, қазақ жерінен тыныштық тапқан ұлттың ұрпағы екен. Үлкендер бізге ылғи да «Қазақ жұртын құрметтеңдер! Бауырымыз деп біліңдер!» деп тәрбиелеп, аманат айтып кетті.Сондықтан, аманатқа дақ түсірмейміз, Ассамблеяның болашақ балалары өсіп келеді, дейді бізбен әңгімесінде.
Облыс әкімі Қанат Бозымбаев өз баяндамасында еліміздегі бірегей қоғамдық институттың үлгі аларлық қызметтерін айтып өтті. Елбасы облыстардағы Қазақстан халқы Ассамблеясының алдағы атқарар міндеттерін жақсартуды, өңірдегі ұлтаралық тұрақтылықты сақтау бағытында белсенді, жүйелі жұмыс жасау керектігін ескерткен болатын:
– Біріншіден, облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы жұмысына ұйымдастыру және қаржылық жағынан қолдау көрсетіледі. Бұл бағытқа жыл сайын жергілікті бюджеттен 20 миллион теңгеден астам қаражат бөлініп келді. Бірлестік жетекшілеріне гранттар тағайындалады, ұлттық киімдер тігуге қосымша қаржы беріледі. Екіншіден, қазақ тілін және өзге этностардың тілдерін дамыту қажет. Үшіншіден жастарға патриоттық, толеранттылық тәрбие беруге жұмылу басты назарда. Төртіншіден, ұлтаралық келісім тақырыбындағы ғылыми-зерттеу жұмыстарына көңіл бөлінсе, бесіншіден, ақпараттық-насихат, белсенділік қажет, –деген еді облыс әкімі.
Ал, бұл күндері Сұлтанмахмұт Торайғыров атындағы университетте де студенттік ассамблея жанынан арнайы кафедра ашылды. Және де Достық үйі жанындағы «Медиа-орталықта» «Шаңырақ» атты газет шығады. Жиында облыстағы Ертіс, Май, Успен, Баянауыл аудандарында жергілікті ассамблеяның аудан орталықтарындағы филиалдарын ашуға тапсырма берілді. Мемлекеттік тіл – қазақ тілін үйренуші оқушы балалар үшін жазғы каникул күндері лингвистикалық лагерь жұмысын бастамақшы. Өңірде өмір сүріп жатқан түрлі этностардың мәдени құндылықтарын, салт-дәстүрлерін таныстыру жолында этнотуризм, «Үш тұғырлы тіл» бағдарламаларын жүзеге асыру мақсатында туристік маршруттар жолға шығып, балаларға арналған кітаптар, сөздіктер жарық көреді.
Жиын барысында Қ.Бозымбаев ұлтаралық келісім мен татулықты нығайту ісіне үлес қосып жүрген, біздің газетіміздің өткендегі бір санында сұхбат берген «Эльпида» грек этномәдени бірлестігінің төрайымы Людмила Ифандопулоға Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың атынан ҚХА-ның қоғамдық «Бірлік» алтын медалін табыстады.
Фарида БЫҚАЙ,
«Егемен Қазақстан».
Павлодар облысы.