• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Қоғам 16 Тамыз, 2022

Өзге планетадан келгендей

476 рет
көрсетілді

Қоғам өміріне көңіл терезесінен қарап, кездескен кейбір жағдайлардың күнгейі мен көлеңке жағын ой елегінен өткізіп жүресің. Осындайда бір көріністерге таңырқай қарап, санаңда қорыта алмай, әрі-сәрі күй кешіп, тіпті есеңгіреп қалатын кезің де болады.

Мына жағдаяттан кейін мен біздің қоғамда басқасы басқа «өзге планетадан ортамызға енді келіп жатқан қазақтардың» жеткілікті екеніне аз-кем көз жеткізе бастадым. Бұған дейін, нақтысы отыз жыл бойы ол жақта не істеп жүргеніне таңмын. Сондай-ақ «өзге әлемде» өз ұлтының үніне құлағын тарс бекітіп алып жүрген әлі талай қазақтың бар екенін іштей сезіне түстім.

Біздің қазекеңдер «өзге әлемге» қалай еніп кеткені белгілі ғой. Оны несін айтайын. Десек те, ол жақтан барлығы әлдеқашан оралып қойған болар деп жүргенмін. Олай емес екен.

Осыдан бірер жыл бұрын жақын маңдағы қалаға пойызбен жолға шықтым. Вагон ішіндегі көрші-жолсеріктерім – бір-бірімен бұрыннан таныс, бағыттары бір, жастары деңгейлес, елуден асыңқыраған бір еркек пен үш әйел болды. Көрші қаланың қазақтары екен. Тілдері орысша. Өзара әңгімелерін жарастырып, жарыстырып отыр. Әртүрлі тақырыпта сөз қозғап, қызу пікір таластырып дамылдар түрі жоқ. Дәл қастарында отырғандықтан құлағыңды бітеп алмасаң сөздерін естімеу мүмкін емес.

Сөз сыңайларына қарағанда бәрі де жоғары білімді, оқыған. Екеуі дәрігер, бірі инженер, бірі заңгер сияқты. Орысша сайрап отырған олар әңгімеден әңгіме тудыра келіп, бір кезде біздің жанымызға жақын тақырыпқа ойысты.

Шашын сарыға бояған әйел әдеттегідей орысшалап таңырқай сөйледі (Олардың өзара тілқатысуларын қысқаша жобалап ана тілімізге аударып берейін).

– Білесіздер ме, бізде Шоқан, Абай, Әуезов, Мұқанов сияқты тұлғалардан басқа да мықтылар көп екен ғой. Қай күні орысша бір хабардан Бөкейханов, Жұмабаев, Байтұрсынов, Аймауытов деген де керемет қазақтар болғанын естідім.

– Олар соншалықты не тындырған екен? – деді толық келген ақсары әйел.

– Жобасы біздің қазақтар үшін көп нәрсе істепті, – деді әлгі сары шаштысы.

– Мен ондай қазақтардың барын аздап естігенмін, бірақ... – деп, үшінші әйел әрі қарай сөзін жұтып қойды.

– Мен де олар туралы аз-кем білемін, бірақ әлгілердің не істеп, не қойғанына қызықпаппын. Ал Жангелдин, Иманов, Мұратбаев деген қазақтар туралы жақсы білемін, – деді ер кісі самарқаулау тіл қатып.

– Сосын, тұра тұр, тұра тұр, қазір, иә, айт­пақ­шы Дулатов деген де кісі болыпты. Сосын, сосын, тағы бір кісі, иә, Кенесары деген де ханымыз болған екен, – деді сары шашты әйел.

Әңгіме осы сарында жалғаса түсті. Әр­қайсысы өздері естіген қазақтың бұрын­ғы және қазіргі замандағы бірқатар тұл­ғаларының аты-жөндерін кейде дұрыс, кейде бұрыс айтқан болады.

Менің қан қысымым көтеріліп отырды. Айтарға сөз таппадым. Дегенмен бар күшімді жинап, «Сіздер маған басқа әлемнен келген адамдар секілді көрініп отырсыздар. Сіздер айтқан тұлғалардан басқа да қазақтың маңдайына біткен арыстар көп қой. Өздеріңіз қазақ бола тұра ұлтымыздың ұлылары туралы жөнді білмейтіндеріңіз өкінішті. Тәуелсіз ел болғалы отыз жылға жуықтады, ал сіздер қазақ үшін өмірін қиған алыптар туралы енді естіп жүргендеріңізге таңғалып отырмын», дедім. Бәрі маған ажырая, жақтырмай қарады.

Келесі стансадан түсіп қалдым. «Ойпыр­май, не болып кетті өзі. Сонда отыз жылдан астам уақыттан бері қазақ үшін жанын қиған арыстарымыздың есімдерін енді естіген қазақтар да бар екен-ау», деймін өзіме өзім.

Қазақтың барлық бетке ұстар тұлғалары аз насихатталып жүрген жоқ еді ғой, мынау не енді? Сонда біз сонша уақыттан бері өз қазағымызға өз үнімізді толық жеткізе алмағанымыз ба? Бұл елде екі тілдің қатар қолданылуының, қазақтың қайраткерлері мен құндылықтарының, идеологиялық басымдықтарының тек қазақ тілінде насихатталуының кесірі ме, кім білсін? Бұл ақпараттық-танымдық кеңістіктегі қазаққа тән алаңның тарлығы не әрекетсіздігінің көрінісі ме? Әлгіндей қазақтар өз ұрпағын қалай тәрбиелеп жүр, кімді, нені үлгі етіп, кімді, нені мақтаныш етіп айтып жүр? Басқа әлемде лағып жүрген қазақтар өз ортасына қашан оралады?