• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Экономика 16 Тамыз, 2022

Көршілермен байланыс артып келеді

380 рет
көрсетілді

Атырау – ел экономикасына құйылған шетелдік инвестиция көлемінің шамамен үштен бір бөлігін құрайтын, ірі отандық әрі шетелдік инвес­торлар үшін тартымды өңір. Қазір мұнайлы облыс әлемнің 50-ден астам елімен табысты ынтымақтастық орнатты. Мұнда 1 мыңнан астам бірлескен және шетелдік кәсіпорын жұмыс істейді.

Әлемдік нарықта көшбасшылыққа ұмтылған, экономикасы қуатты елдер қойнауы қазынаға толы өңірмен алыс-берісті, барыс-келісті нығайта түсуге, инвестиция көлемін ұлғайтуға серпін беріп отыр. Мұнайлы өңірдегі та­биғи байлықты игеруге инвес­ти­­ция салған елдердің санатында АҚШ, Ұлыбритания, Италия, Жа­по­ния, Канада, Франция және өзге де бір­не­ше мемлекет бар. Бұл елдердің жетек­ші компаниялары мұнай-газ өнер­кәсібі саласындағы екі ірі кеніш – «Теңіз» бен «Қашағанды» игеруге шо­ғырланған.

Мәселен, Жылыой ауданындағы «Теңіз» кен орнында келешек кеңею және ұңғы ернеуіндегі қысымды бас­қару деп аталатын екі жоба іске асы­рылып жатыр. Бұл жобалардың қанат­тас қолға алынуы «Теңіздің» қойнауындағы 3,2 млрд тонна «қара алтынды» қауіпсіз игерумен байланысты болып отыр. Сол себептен, 2023 жылы іске қосылатын жа­­һандық маңызы зор екі жобаға 45 млрд долларды құрайтын инвестиция салынған. Алдағы жылы екі жоба іске қосылғанда кен орнынан мұнай өндіру 12 млн тоннаға дейін артып, жыл са­йын 37 млн тоннаға ұл­ғаяды. Отандық экономикаға тың серпін беретін жо­баға 300-ге жуық қазақ­стандық ком­пания мердігер­лікке тартылды.

Жоба құрылысына қолданылған 408 модульді құрастырудың үш жыл­дық бағдарламасы іске асырылды. Мәселен, әрқайсысы 500-ден 1 800 тонна аралығындағы салмақты құ­райтын модульдер Қазақстанда, Оңтүстік Корея мен Италияда дайын­дал­ған. Кейін Ресейдің ішкі су жолы арқылы Каспий теңізінің Прорва түбегіндегі жүк түсіру терминалына жалпы салмағы 280 мың метрикалық тоннаны құраған модульдік жүк жеткізілді. Қазақстандық Еrsai, KCOI компаниялары Маңғыстау облысында халықаралық стандарттарға сәйкес 75 құрастырмалы модульдік эстакада мен қашықтан бақылау жүр­гізетін 10 блоктың құрылысын жүр­гізуге атсалысты. Қазақстан мен әлем елдерінің компаниялары қатыс­­қан жобаға қажетті қазақстан­дық тауарларды, жұмыстар мен қыз­­мет­терді сатып алу үшін 10 млрд-тан астам доллар жұмсалды. Жобада жұмыс істегендердің 91 пайызын қазақстандық мамандар құрады. Ал инженерлік, материал­дық-техникалық, өндірістік қыз­мет­тер көрсетуге 2 350-ден астам қазақ­с­тандық компания тартылды. Алдын ала біліктіліктен өткен 1 281 қазақ­стандық компаниямен 630-дан астам келісімшарт түзілген.

Дәл осы жоба үшін 120-дан астам кеме тартылды. Оның ішінде 40 кеме жа­ңадан құрастырылып, кейбірі тасы­малданатын жүк үшін қайта жаң­ғыртылды. Су жолдарымен жүк тасыған кемелер Қазақстан мен басқа нүктелер арасында 140 мың ша­қы­рымнан асатын қашықтықты жүзіп өтті. «Теңіз» кен орнына таяу маңдағы Прорва түбегінде модульдік жүкті қабылдап, тасымал­дайтын жаңа порт пайдалануға берілді. Порт­та теңізге кіретін 71 шақы­рым­дық су арнасы, жүк түсіру, сақтау қондырғылары мен кірме жол бар.

Осындай халықаралық жоба іске асырылып жатқан Атыраумен ТМД құрамындағы елдер де іскерлік байланыс орнатып, ортақ жобаларды іске асырып жатыр. Облыс әкімі Серік Шәпкеновтің мәліметінше, Атырау облысына инвестиция салып, әріптестік әлеуетін арттырған елдің қатарында Германия да бар. Қазір өңірде неміс капиталының қатысуымен көлік-экспедициялық қызметтер, көтерме, бөлшек сауда, мұнай мен табиғи газ өндіру ке­зін­де техникалық қолдау көрсету және басқа салаларда 28 кәсіпорын тір­келген. Жыл басынан бері Гер­маниямен арадағы сыртқы сауда айналымы 23,1 млн долларды құраған. Ал Италиямен іскерлік байланыс мұнай-газ өнеркәсібімен байланыс­ты болып отыр. Бұл елмен сыртқы сауда айналымы 2,3 млрд долларға жеткен. Оның ішінде экспорт көлемі – 2,2 млрд доллар. Италияға негізінен мұнай өнімі экспортталады.

Қазақстанның тәуелсіздігін ал­ғаш таныған Түркиямен де сауда-экономикалық байланыс кең қанат жайып отыр. Қазір өңірде эконо­ми­калық, іскерлік әріптестікті көздеген бауырлас елдің 220 кәсіпорны жұмыс істейді. Жыл басынан бері Түр­киямен сыртқы сауда айналымы 439 млн долларға жеткен. Оның ішінде экспорт көлемі 432,7 млн долларды құраса, ал импорт – 6,3 млн доллар. Түрік капиталы салын­ған кә­сіп­орын­дар көтерме, бөлшек сауда мен құрылыс саласында ынты­мақ­тас­тық­ты арттырған.

Мәселен, BRIMSTONE Sulphur Provider Company компаниясының негізін қалаушы Эфе Мунип Нурдоғду күкірт бетонитін өндіретін өндіріс орнын ашуға ниетті. Инвестиция көлемі шамамен 10 млн долларды құрайтын жобада 50-ге жуық адамды тұрақты жұмысқа тарту көзделген.

– Қазақ елінде күкірттің жеткілікті қоры бар. Алайда біз үшін де жалпы, Қазақстан үшін де шикізатты терең өңдеуді ұйымдастыру, күкірт бентониті түрінде шығарып, шетел нарығына экспорттау әлдеқайда тиім­ді болады. Логистикалық тұрғы­дан алғанда, Атырау облысы – бұл жобаны жүзеге асыру үшін өте ың­ғай­лы инвестициялық алаң. Осы облыстан Қытай, Еуропа мен Ресей нарығына шығудың тиімді тұсы көп, – дейді Мунип Нурдоғду.

Түрік инвесторының айтуынша, Измир қаласындағы зауыт күкірт пен ілеспе өнімдерін Еуропа елде­рі­не шығарады. Бұл өнімдер ауыл шаруа­шы­лығы саласында әсіресе сортаң әрі тұзды жерге табиғи тыңайтқыш ретінде қолданылады.

Атырауға Каспий теңізі жаға­ла­уын­дағы елдердің де назары ауып отыр. Мұның дәлелін, әсіресе Әзер­бай­жанмен арадағы сыртқы сауда айналымы 4,8 млн доллар­ға жет­ке­нінен байқауға болады. Әзер­бай­жан Республикасының Ақтау қаласындағы бас консулы Эльмар Ма­ммадовтың дерегіне сүйен­сек, эко­номикалық байланыс­тарды одан әрі нығайту, бірнеше салада алыс-берісті арттыру, өңірара­лық кәсіп­кер­лікті дамытудың нәти­же­сін­де экспорт 462,2 мың долларға, ал импорт 4,3 млн долларға жетіп отыр.

– Қазір Атырау облысының көлік, азық-түлік, көтерме сауда саласында Әзербайжан Республикасының капиталы салынған 90 кәсіпорын жұмыс істейді. Біз мұндай іскерлік байланысты жандандыра түсіп, бірлескен жобаларды жүзеге асырудың жаңа форматын іздестіріп отырмыз. Бұл эко­номикалық, іскерлік қарым-қаты­нас­ты нығайтуға ықпал етеді, – дейді С.Шәпкенов.

Каспий жағалауындағы тағы бір ел – Түрікменстан да мұнайлы өңір­мен экономикалық әріптестікті жан­дан­дыруға бет бұрды. Әзірге бұл елмен сыртқы сауда айналымы 129 мың доллармен шектеліп отыр. Алайда алдағы уақытта 64,9 мың долларды құраған экспорт пен 64,1 мың доллар көлеміндегі импорттың үлесін ұлғайта түсудің мүмкіндігі бар.

Облыс әкімі С.Шәркеновтің пікі­ріне сүйенсек, Өзбекстанмен алыс-берістен гөрі барыс-келістің нәти­­жесінде ежелден сауда-эконо­ми­калық, көші-қон және мәдени-гуманитарлық салалардағы өзара қарым-қатынасы кең қанат жайған. Мұндай серіктестік тәуелсіздік жылдарында бұрынғыдан да жандана түсті. Көрші ел Атырау облысының сыртқы сауда байланысында маңызды рөл атқарып отыр. Мәселен, өткен жылы мұнайлы өңір мен Өзбекстан Республикасы арасындағы сыртқы сауда айналымы 45,2 млн долларды құрады. Қазір өңірдің көтерме және бөлшек сауда, қызмет көрсету, құрылыс салаларында өзбек капиталы бар 91 кәсіпорын жұмыс істейді. Осындағы жоғары оқу орындарында ала тақиялы елдің 200-ге жуық өрені білім алып жүр.

Ал өткен аптада мұнайлы өңірге кел­ген Хорезм облысы әкімінің орын­­басары Шерзод Исмаиловтың пікі­рін­ше, ауыл шаруашылығы мен жеңіл өнеркәсіп саласында ынты­мақ­тастықты кеңейтудің мүмкіндігі мол. Мұны облыс әкімі де жоққа шы­ғар­майды.

– Қазақстан мен Өзбекстан – өзара қарым-қатынасты жан-жақты да­мытқан, сауда-экономикалық бай­ланысты мықтай түскен бауырлас елдер. Қазір Атырау облысында ауыл шаруашылығы саласындағы жо­баларды жүзеге асыруға бетбұрыс жасалып отыр. Осы бағытта бірлесе жұмыс істесек, тауар айналымын арт­тыруға мүмкіндік туады, – дейді С.Шәпкенов.

 

Атырау облысы