Соңғы жылдары Сыр өңірінде құрылыс саласы айтарлықтай дамыды. Тек облыс орталығының өзінде 12 шағын аудан бой көтеріп, кезегін күткендер 270 көпқабатты тұрғын үйден баспана алды. Аудан орталықтарында да осындай үйлер салынып, қоныс тойын тойлағандар көбейе түсті.
Құрылысшылар күні аясында қалада тағы 3 нысанның іргетасы қаланды. Сонымен қатар Қармақшы ауданындағы Төретам кенті мен Ақай ауылына, Арал ауданындағы Сексеуіл кентінде ауылішілік газ құбырын тарту, Шиелі ауданы Тартоғай елді мекенінде автоматтандырылған газ тарату стансасының құрылысы басталды.
Облыс орталығында құрылысы басталған нысанның бірі – жаңа үлгідегі Неке сарайы. Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев отбасылық өмірге жолдама беретін Неке сарайының халықаралық жастар күні аясында бой көтеруін жақсы ырымға балап, жолашар тілегін айтты.
– Бір қуантарлығы, аймағымызда демографиялық өсім жылдан-жылға жақсарып, шаңырақ көтерген жастардың қатары артып келеді. Биыл 6 айда 2 276 жұп некеге тұрып, отбасылық өмірге қадам басты. Келешекте неке сарайында отбасы құндылықтарын дәріптейтін әлеуметтік-мәдени іс-шаралар да тұрақты түрде өткізілетін болады, – деді облыс басшысы.
Өңір басшысы көп алдында сөйлеген сөзінде астана болған Ақмешіттің ажарын кіргізген құрылысшылар еңбегіне айрықша тоқталды. Қазір басшылыққа тұрғындар тарапынан айтылатын талап-тілектің басымы қалада заманауи сәулеттік үлгідегі жаңа нысандар қатарын көбейту болып отыр. Осыған байланысты жасалған жұмыстар аясында туған топырағына жанашыр меценат азаматтар бірлесе отырып, құны 45 млрд теңгені құрайтын 391 нысанның жобасы әзірленді. Бұл бастамалар келесі жылдан бастап іске асады. Аз уақыттың ішінде өңірге 20 млрд теңге инвестиция тартылды.
Соңғы 10 жылда облыста 33 клуб, 6 музей, 1 мемлекеттік архив ғимараты салынып, қазір өңірде 409 мәдениет және өнер мекемесі халыққа мәдени қызмет көрсетіп келеді. Көп ұзамай осылардың қатарына 1 мың орындық Өнер орталығы қосылады. Құны
3,7 млрд теңге болатын екі қабатты өнер сарайы бір жарым жылда салынып бітеді. Құрылысшылар күні іргетасы қаланған орталықта келешекте симфониялық, эстрадалық және ұлттық өнер бағытындағы концерттік бағдарламалар мен түрлі форматтағы қоғамдық іс-шаралар өткізіледі.
Соңғы жылдары Сырдың сол жағалауынан бой түзеген тұтас бір шағын аудан тағы сол құрылысшылар еңбегінің жемісі екендігі даусыз. Келешекте бұл ауданнан қасбеттері заманауи талаптарға сай келетін 7-9 қабатты тұрғын үй, физика-математикалық мектеп ғимараты бой көтермек. Балалар жылына тарту ретінде «ҚазГерМұнай» кәсіпорны Оқушылар сарайын салып беруді өз міндетіне алды.
Осы сол жағалауда іргетасы қаланған Қан орталығы жылына қан мен оның компоненттерін донациялау көрсеткішін 500-ден 10 мыңға дейін жеткізеді деп жоспарланып отыр. Бұл жоба тиісті министрліктермен тығыз жұмыс істеу арқылы республикалық бюджет есебінен қаржыландырылады. Барлық қажетті құралмен жабдықталған қан орталығы облыс халқына сапалы қызмет көрсетіп, экологиялық аймақ тұрғындарының денсаулығын жақсартуға мүмкіндік бермек.
Келер жылы қоныс тебушілер қатары көбейе бастаған сол жағалауда бір ауысымда 100 келушіге арналған емханасы бар 300 төсектік орындық көпбейінді аурухана құрылысы басталады.
Осы күні қаладағы жаңа қоныс – Бәйтерек шағын ауданында су жинағыш құрылғы құрылысы басталды. Құны
1 млрд теңгеден асатын жоба жеке тұрғын үйлерді тұрақты қысымда сапалы ауыз сумен қамтуға мүмкіндік береді. Құрылыс барысында 7 ұңғыма бұрғыланып, 3 резервуар салынады.
Қала орталығында ұйымдастырылған салтанатты жиында облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев соңғы 5 жылда тұрғын үй құрылысы көлемі 108 пайызға өскенін атап өтті. Биыл «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында 1 294 пәтерлік 31 тұрғын үй құрылысын салып, жыл соңына дейін аяқтау жоспарда бар.
Қызылорда облысы