Үстел теннисінен зор үмітімізге балаған Алан Құрманғалиев бізді тағы да толайым табысымен қуантты. Жас спортшы Швецияның Хельсингборг қаласында өткен WTT Youth Contender халықаралық турнирінде 15 жасқа дейінгі теннисшілер арасында чемпион атанды.
Алан Құрманғалиев осының алдында Мажарстан мен Тунисте ересектер арасында өткен жарыстарда сәтсіз өнер көрсеткен болатын. Қазақстан құрама командасының бас жаттықтырушысы және чемпионның жеке бапкері Эльмира Әлиева жас спортшының осы жеңілістен лайықты қорытынды шығара білгенін айтады.
– Алан U-17 санатындағы сегіздікке кіру жолында Үндістаннан келген мықты қарсыласына есе жіберіп алды. Біз осы ойынға мұқият талдау жасадық та, қателіктермен жұмыс істедік. Сол себепті, Алан корей спортшысымен болған финалдық жекпе-жекке сақадай-сай дайындықпен шықты, – деді Э.Әлиева.
Хельсингборгтегі турнирде қарағандылық теннисші әуелі даниялық Янус Бедстедті 3:0 есебімен тізе бүктірді. Одан кейін үндістандық Баламуруган Раджасекаран мен неміс Фридрих Кун Фон Бургсдорфты 3:1 есептерімен және швед Питер Алестедтті 3:0 есебімен жарыс жолынан шығарды. Жартылай финалда ол кореялық қарсыласы Ли Сынсуды 3:0 есебімен бетқаратпай жеңді. Ал финалда болған аса тартысты өткен матчта оңтүстіккореялық тағы бір теннисші Квон Хектен басым түсіп, турнирдің чемпионы атанды.
Еске салар болсақ, бұл – Алан Құрманғалиев сынды талантты теннисшінің халықаралық турнирлерде жеңіп алған 15-ші медалі.
Қарағанды облысы