Мемлекеттік шекара – Ту, Елтаңба және Әнұранмен қатар тәуелсіз елдің ажырамас нышаны болып саналады. Халқымыз үшін қастерлі ұғым болып саналатын мемлекеттік шекараны қорғау, ата-бабадан қалған жерді күзету – үлкен абырой, маңызды жауапкершілік. Биыл Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің құрылғанына 30 жыл толады. Кәсіби мереке қарсаңында ҰҚК төрағасының орынбасары – Шекара қызметінің директоры, генерал-майор Ерлан АЛДАЖҰМАНОВ ведомствоның қалыптасуы мен даму перспективалары туралы айтып берді.
– Ерлан Ерғалиұлы, Шекара қызметінің қалыптасуы мен жауынгерлік жолы халықтың өзі куә болып келеді. Тәуелсіздіктің 30 жылдығы тарихында қазақстандық шекарашылар даңқты жол қалыптастыра білді. Сөз басында осындай жарқын оқиғалар мен маңызды істерге тоқталсаңыз.
– Ол рас. Мәселен, қазақстандық шекарашылардың тәжік-ауған шекарасының учаскесінде ТМД-ның сыртқы шекараларында бейбітшілік пен қауіпсіздікті сақтау жөнінде атқарған миссиясын еске алсақ та жеткілікті. Қазақстандық біріккен атқыштар батальонының құрамында сегіз жыл ішінде жасыл күнқағарлы жүздеген жауынгер өңірдегі бейбітшілік пен тұрақтылық жолында тапсырманы абыроймен атқарды.
Ел тәуелсіздігі қалыптасуының қиын кезеңінде шекарашылар республика аумағының тұтастығының бұзылуына жол бермей, мемлекеттік шекараны сенімді қорғау арқылы мемлекеттің қорғаныс қабілеті мен ұлттық қауіпсіздігін нығайтуға үлес қосты.
Шекара қызметінің отыз жылы адамзат тарихының ауқымында аз уақытты қамтитындығы анық, бірақ егер сіз осы жылдар ішінде шекарашылардың басынан өткерген қиын жолын саралап қарасаңыз, жеке құрамның Отан шекарасын сенімді қорғаудағы қыруар еңбегіне көз жеткізесіз.
– Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев шекара қауіпсіздігіне ерекше назар аударуды тапсырды. Мемлекет басшысының нұсқауларын орындау бойынша қандай жұмыстар атқарылып жатыр?
– Әлемдегі жаңа сын-қатерлер мен геосаяси жағдайдың күрделенуі Шекара қызметін жедел дамытуды және бүкіл мемлекеттік шекараны жайластыруды талап етті. Бұл жерде айта кететіні, Қазақстан басшысы ҰҚК-нің жаңғырту стратегиясын қолдап, алқа отырысында сөйлеген сөзінде бірқатар нақты тапсырма қойды. Олардың біріншісі – әлемдік тәртіптің өзгеруі жағдайында «осы жаһандық эксперименттің қарапайым бақылаушылары» ғана болмау. Кейінірек, республикалық «Ана тілі» газетіне берген сұхбатында Қазақстанның жаһандық аренадағы ұстанымын атай отырып, мемлекеттік шекараның мызғымастығы мәселесінің маңыздылығына баса назар аударды.
Бастапқыда біз техникалық құралдардың жаңа үлгілерін пайдалана отырып, мемлекеттік шекараларды бақылауды ұйымдастыру бойынша шетелдердің озық тәжірибесін зерделедік. Нәтижесінде, қызметтің жұмысын жетілдіру бойынша ұсыныстар әзірленді. 2022 жылғы 17 мамырда Президент «ҚР ҰҚК кейбір мәселелері туралы» №893 Жарлыққа қол қойды. Жоғары саяси қолдау алып, қойылған міндеттерді шешу үшін біз Шекара қызметін ауқымды реформалауға кірістік.
Жаңғырту барысында аумақтық қағидат бойынша қайта құру жүргізіліп, шекара ведомствосының қазіргі заманғы құрылымы жасалды. Шекараны қорғау тәсілдері мен әдістері, бөлімшелер мен шекара нарядтарының іс-қимыл тактикасы, шекара ведомствосының нормативтік-құқықтық базасы жетілдіріліп, жан-жақты қамтамасыз ету тетігі жолға қойылды.
– Ал осы жүргізілген реформалардың нәтижелері қандай?
– Нақты сандарға тоқталатын болсақ, осы жылдың бірінші жартысында өткен жылмен салыстырғанда шекара кеңістігінде құқық бұзушыларды ұстау 48 пайызға өскені байқалады.
Құрлық учаскелеріндегі мемлекеттік шекараны қорғау кезінде күштер мен құралдарды кешенді қолдануға мүмкіндік беретін шекаралық операцияларға баса назар аудару қажет. Шекаралық кеңістіктегі операциялар барысында 250-ден астам құқық бұзушы ұсталып, жауапкершілікке тартылды.
Қарулы Күштер мен Ұлттық ұланның операцияларға тартылған бөлімшелері басқарудың және біздің бөлімшелерімізбен өзара әрекеттесудің тиімді тәжірибесін алатынын атап өткен жөн.
Теңізде биологиялық ресурстарын заңсыз өндіруге қарсы шаралар нәтижесінде 69 жүзу құралы ұсталып, 460 шақырымнан астам балық ауы тәркіленді. 1,9 млрд теңгеден астам экономикалық залалдың алдын алды.
Президенттің қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз ету жөніндегі Жарлығын орындау мақсатында 14 наурыздан бастап өткізу бекеттерінде жалпы сомасы 3,5 млрд теңгеден астам валютаны әкетудің 177 фактісінің жолы кесілді.
«Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауын орындау жөніндегі Жалпыұлттық жоспарға» сәйкес қос азаматтығы бар адамдарды анықтауға бағытталған кешенді іс-шаралар атқарылды. Осы жылдың бірінші жартысында Қазақстан азаматтарының шет мемлекеттердің жол жүру құжаттарын пайдалану фактілерінің 23 пайызға өскені анықталды.
«Көлеңкелі криптовалюта майнингі» деп аталатын ұлттық энергетикалық қауіп-қатер проблемасын шешу туралы мемлекеттік органдарға берілген ел Президентінің тапсырмасын орындау бойынша жұмыс жалғасып келеді. Жыл басынан бері майнингтік жабдықты алып өтпек болған 26 әрекет тоқтатылды. Сондай-ақ 4 598 көші-қон заңнамасын бұзушы және 14 көлік компаниясы әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Өндіріп алынған айыппұлдардың жалпы сомасы 48 млн теңгеден асты.
Жалпы салмағы 31 млн теңгеге бағаланған 45 килодан асатын зергерлік бұйымдарды шекара арқылы алып өтуге әрекет жасау фактілерінің өсуі байқалады. Түрлі калибрлі қару-жарақ пен оқ-дәріні заңсыз алып өтудің 203 фактісі тіркелді. Жалпы сомасы 3 млрд теңгеден астам сомаға тыйым салынған және тасымалдауға шектелген өнімдер мен контрабанда заттарын алып өтуге жол берілмеді.
Есірткі трафигінің қолданыстағы арналарына қарсы іс-қимыл шеңберінде 107 жағдайда есірткі құралдарының шекара арқылы өтуіне тосқауыл қойылды. 22 шілдеде қазақ-өзбек шекарасында аса ірі мөлшердегі – шамамен 35 кило героин есірткі затының ұсталуы ең айқын жетістіктердің бірі болып табылады. Қаскөйлер есірткіні жүк көлігінің бензин багында жасырып, алып өтпек болған.
– Қазіргі уақытта ел басшылығы тарапынан әскери қызметшілерді әлеуметтік қамтамасыз етуге көп көңіл бөлінеді. Бұл мәселелер ведомствода қаншалықты шешімін тауып отыр?
– Реформалар ведомствоның құрылымын, шекараны қорғау әдістерін ғана емес, әскери қызметшілердің әлеуметтік жағдайын да қамтыды. Шекарадағы қызмет өте күрделі екені белгілі. Біздің басты міндетіміз – шекарашы үшін қызмет пен тұрмысқа қажетті жағдай жасау.
Мемлекет басшысы Ұлттық қауіпсіздік комитеті басшылығының ҰҚК мен Шекара қызметі лауазымдарын біріздендіру туралы өтінішін қолдады. 2021 жылғы 1 қаңтардан бастап ведомство әскери қызметшілерінің жалақысы орта есеппен – 75, ал шекара бөлімшелерінде тіпті 110 пайыздан астамға көтерілді. Мемлекет есебінен әскери қызметшілер мен олардың отбасы мүшелерін медициналық қамтамасыз ету жүзеге асырылады.
Сонымен қатар күнтізбелік есептеуде кемінде 8 жыл қызмет атқарған сарбаз (матростар), сержант (старшиналар) лауазымдарында келісімшарт бойынша әскери қызмет атқарып жүрген әскери қызметшілердің Қазақстанның жоғары оқу орындарында ақылы негізде оқуға жұмсалған шығындарын оқыту құнының 50 пайызы мөлшерінде бюджет қаражаты есебінен өтеп алуға құқығы бар.
Шекара бөлімшелерінің, әкімшілік және тұрғын үй ғимараттарының жаңа кешендерін салу мәселелері жоспарлы түрде шешілуде. 2004-2018 жылдар аралығында шамамен 68 нысан (офицерлік және сержанттық құрамдағы тұрғын үйлер, шекара бөлімшелері, өткізу пунктері, әскери қалашықтар) салынды және пайдалануға берілді. Ғимараттар мен құрылыстар XXI ғасырдың талаптарына жауап беретін шекара бөлімшелерінің заманауи кешендері түрінде салынған.
2013 жылы Маңғыстау облысының Бейнеу елді мекенінде барлық инфрақұрылымы бар шекаралық әскери қалашық пайдалануға берілді. Қордай ауданы бойынша шекара басқармасының Қордай елді мекеніне жақын жердегі құрылысын мақтанышпен айта аламын.
2017-2020 жылдар аралығында ҰҚК ШҚ Қызылорда, Түркістан, Ақтөбе және Атырау облыстары департаменттерінің жауапты аумақтарында модульдік үлгідегі 16 бөлімше салынды, онда шекарашыларға қызмет көрсету және толыққанды тұрғын үйге қажетті барлық жағдай жасалған.
– Ерлан Ерғалиұлы, Шекара қызметі қандай бағыт ұстанған? Ведомствоның одан әрі даму перспективалары туралы айтып берсеңіз.
– Шекара бөлімшелері үшін, әсіресе шалғай учаскелерде қызметтік тұрғын үй мәселелерін шешу мақсатында шекара заставаларының модульдік кешендерін сатып алу және орнату жалғасады.
Қамтамасыз ету мәселелері бөлігінде энергия үнемдеу технологияларын, баламалы энергия көздерін енгізуге, ауыз судың автономды көздерін және тұщыландырғыштарды қосуға баса назар аударылатын болады. Алдағы уақытта мемлекеттік шекараның Қазақстан – Ресей учаскесінде шекара бөлімшелерінің 20 кешенін салу жоспарланып отыр.
Кептелістерді барынша азайту мақсатында және трансұлттық дәліздерді қалыптастыруды ескере отырып, Шекара қызметі мемлекеттік шекарадағы өткізу пунктерінің инфрақұрылымын жақсарту, оларды техникалық, автоматтандырылған және сервистік жарақтандыру, шекараны кесіп өтетін адамдар үшін барынша қолайлы жағдайларды қамтамасыз ету жөніндегі шаралар кешенін қабылдайды.
Өткізу пунктері инфрақұрылымының тепе-теңдігін сақтау мақсатында 2025 жылға дейін Қазақстан-Ресей шекарасындағы 30 автомобиль өткізу пунктін дамытудың жол картасы бекітілді.
Қазақстан – Қырғызстан учаскесінде 2020-2025 жылдар кезеңінде 7 өткізу пунктін қайта жаңарту көзделген. «Қордай» өткізу пунктін қайта құру өткен жылдың наурыз айында аяқталды.
Осы іс-шараларды іске асыру жақын арада «жылдамдық + тиімді бақылау + қауіпсіздік + жайлылық» қағидаты бойынша өткізу пунктерін құруға мүмкіндік береді.
Бұдан бөлек ресейлік әріптестермен Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитеті мен Ресей Федерациясының Федералдық қауіпсіздік қызметі арасында Қазақстан-Ресей шекарасындағы темір жол өткізу пунктерінде бірлескен бақылау жүргізудің тәртібі мен нысандары туралы хаттамаға қол қойылды.
Бұл хаттама Қазақстан – Ресей мемлекеттік шекарасын темір жол көлігімен кесіп өту кезіндегі формальдылықтарды, бақылау ұзақтығын қысқарту, сондай-ақ бірлескен іс-қимыл арқылы оның тиімділігін арттыру бойынша практикалық қадам болып табылады.
Автомобиль өткізу пунктеріндегі бірлескен бақылау хаттамасының ұқсас жобасы қаралу сатысында.
Таяу болашақта біз жағдайды неғұрлым тиімді бақылауға және оның өзгеруіне әсер етуге мүмкіндік беретін деректерді өңдеу мен басқарудың бірыңғай автоматтандырылған жүйелеріне, интеграцияланған қазіргі заманғы техникалық құралдарды жабдықтауға және енгізуге баса назар аударуды жоспарлап отырмыз.
Мемлекеттік қорғаныстық тапсырыс шеңберінде сенімділігі, экологиялық қауіпсіздігі, жүріп өтуі және дербестігі жоғары 5 және 6 буынды автомобиль техникасымен жарақтандыру аяқталады.
Техникалық құралдарды бірыңғай деректерді өңдеу орталығына интеграциялау негізінде «интеллектуалды» қағидаты біртіндеп енгізілуде.
Шекараны қорғаудың техникалық құралдарын жасанды интеллект алгоритмдерімен келіп түсетін ақпаратты өңдеумен интеграциялауды көздейтін «Ақылды шекара», «Ақылды шекара бөлімшесі», «Ақылды өткізу пункті» жобалары іске асырылуда.
Әзірленген тұжырымдамалардың мәні техникалық құралдарды, оның ішінде шекарашыларда бар құралдарды бірыңғай зияткерлік платформаға біріктіру, сондай-ақ олардан алынған ақпаратты өңдеу және талдау үшін жасанды интеллект алгоритмдерін пайдалану болып табылады.
Биылдан бастап шекараны қорғауда пилотсыз ұшу аппараттары қолданылуда, олар өз тиімділігін көрсетті. ҰҰА-ны пайдалана отырып, шекараның құрлықта да, теңіз учаскесінде де заңсыз әрекеттерді анықтауға және уақтылы жолын кесуге болады. Қазіргі заманғы тепловизиялық және бейнебақылау камераларын қолдануға негізделген шекараны қорғауды қашықтықтан бақылау белсенді түрде енгізілуде.
Каспий теңізінде жаңа катерлер мен кемелер, заманауи техникалық бақылау бекеттері пайдалануға қабылданады, бұл су шептерін қорғауды айтарлықтай күшейтуге мүмкіндік береді.
Ауқымды жаңғырту барысында Қазақстан шекарасы бүгіннің өзінде жаңа келбетке ие болды. Әрине, ол «ақылды шекара» ұғымына сәйкес келуі және мемлекеттік шекарада және шекара кеңістігінде ұлттық қауіпсіздіктің қазіргі заманғы қауіп-қатерлеріне қарсы тұру үшін барынша мүмкіндіктерге ие болуы үшін әлі де көп нәрсе жасау керек. Ортақ күш-жігерімізбен біз өз мақсатымызға қол жеткіземіз және барлық жоспарды іске асыратынымызға сенемін.
Егемен Қазақстанның қасиетті шекарасын қорғауға сеніп тапсырылған адамдар үшін, сондай-ақ барлық кезеңдегі шекарашы жауынгерлер үшін басты қағида мемлекет пен қоғам алдындағы жауапкершілік болып қала береді. Шекара қызметінің жеке құрамы Қазақстан Президенті мен халқы қоятын талаптарға сай, біздің шекарамызды кез келген қолсұғушылықтан қорғауда қырағылық, ұстамдылық, батылдық, табандылық пен ерік танытады деп сенемін.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен
Бану ӘДІЛЖАН,
«Egemen Qazaqstan»