Қарағанды шаһарда шаруамды бастаймын деп талап қылған жастарды бетінен қақпай, қанатының астына алды. Оған дәлел – таяуда 10 жас кәсіпкер әрқайсысы 1,5 млн теңгенің грантына қол жеткізді.
Кеншілер астанасында тұңғыш рет ұйымдастырылған бұл конкурсқа жалпы саны 110 өтінім түскен екен. Құрамына мемлекеттік органдардың, бизнес-қоғамдастықтың өкілдері, депутаттар мен қоғам белсенділері енген комиссия жүздің ішіндегі жүйріктерді анықтады.
Қала әкімінің грантына лайықты болған жас кәсіпкердің бірі – Виктория Пак. Оның құрған шағын кәсіпорны AVISHU маркасымен киім тігеді. Мысалы, биыл жаз маусымында Викторияның тігін цехы облыс бойынша «Жасыл ел» жастар еңбек жасақтарының жауынгерлерін түгелдей бірыңғай формамен киіндірді. Енді жас кәсіпкер жаңа желіні іске қосып, спорттық киімдер тігіп шығармақшы.
Органикалық қалдықтардан ең құнды тыңайтқыш – биогумус алу үшін модельдік учаске құрғысы келетін Арайлым Серікбайға да қала әкімінің гранты ауадай қажет болатын. Өз жобасын вермикультурамен байланыстыратын жас биолог әрі кәсіпкер Арайлым алдағы уақытта ниет білдіргендер үшін вермикультура бойынша курстар мен семинарлар ұйымдастырғысы келетінін айтады.
– Бұл технологияны саяжайларда, бақшаларда, мектеп алаңдарында және басқа да жерлерде қолдануға болады. Грант қаржысына қажетті жабдықтар сатып аламын, қаражаттың бір бөлігі полиграфиялық өнімдерді шығаруға жұмсалады, – дейді болашақтағы биология ғылымдарының докторы.
Жалпы, қала әкімінің грантын алғандардың арасында қаражатты фитнес-клуб, тандыр, ұлттық өнер мектебін, екінші цифрлық технологиялар орталығын ашуға, подологиялық орталықты кеңейтуге, геодезиялық қызметтерге және басқа да жобаларға салуға ниетті жас кәсіпкерлер болды.
Қарағанды қаласының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев жас кәсіпкерлерге бөлінген гранттардың шағын бизнестің шаруасын өркендетуге сеп болатынына нық сенімді.
– Кәсібімді дөңгелетіп, шағын бизнестің дамуына үлес қоссам деген мақсаткер жастардың құлшынысы қуантады. Біз алдағы уақытта да осындай бастамашыл, еңбекқор және іскер жастарға барынша қолдау көрсете беретін боламыз, – дейді қала басшысы.
Жас кәсіпкерлерді қолтығынан демеп, қамқорлыққа алу жалпы облыс бойынша кеңінен етек алған. Мысалы, әкімдердің гранттары қалалар мен аудандарда бөлінген. Ал алдағы қыркүйек айында облыс әкімінің грантына өтінімдер қабылдана бастайды. Биыл бұл гранттардың сомасы екі есеге артып, әрқайсысының мөлшері 2 млн теңгеге жеткен. Сәтін салса, аталған қаражатты сынақтан сүрінбей өткен 100 жас кәсіпкер иемденетін болады.
ҚАРАҒАНДЫ