Бұл награда арада 70 жыл уақыт өткенде майдангердің ұлы Бақытбек Мұқашұлының қолына табыс етілді.
Мұқаш Сатабаев соғысқа 41-дің күзінде Ақсудың Құркөл ауылынан аттаныпты. Соғыста ауыр жарақат алып елге оралады. Облыстағы Лебяжі, Ақсу аудандарының өрт сөндіру бөлімшесінде еңбек етіп, 1974 жылы қайтыс болады. Кейін, соғыс аяқталған соң, 1947 жылы Мұқаш Сатабаевқа Смоленск қаласы маңындағы шайқаста көрсеткен батылдығына орай «Ерлігі үшін» медалі беріледі. Бұл ресми құжат осы уақытқа дейін Ресей Қорғаныс министрлігінің орталық мұрағатында сақталып келіпті.
Енді, міне, сол медаль майдангердің ұлының қолына тиді. Облыс орталығындағы «Достық» үйінде Ресейдің Өскемендегі бас консулы Сергей Анненков награданы Бақытбек Мұқашұлына салтанатты түрде табыс етті.
– Марқұм әкеміздің медаль алғанын 2012 жылы ғана білдік. Облыстағы қорғаныс істері жөніндегі департамент арқылы Ресейдің Қорғаныс министрлігімен байланыс жасап, медальді елге алдыруға әрекет жасадық. Бұл – біздің әулет үшін абырой. Марапатты әкеміз өзі білмей кетсе де, ерлігі соңында қалған ұрпағына жетті, – дейді Бақытбек Мұқашұлы.
Фарида БЫҚАЙ,
«Егемен Қазақстан».
ПАВЛОДАР.