• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
09 Мамыр, 2014

Гитлердің кабинетінде велосипед тепкен қазақ

402 рет
көрсетілді

1945 жыл. 2 мамыр. Берлин тізе бүккен күн. Қала жанып жатыр. Лаулаған от, тұтасқан өрт, қою түтін. Қарақұрым тұтқындар тобы. Көшеде шашылып жатқан жүздеген өлік. Бұлардың бәрінің дерлік қолында қыса ұстаған автомат пен граната. Олар ұрыс үстінде өлген және де бәрі дерлік қызғылтқоңыр түсті китель киген. Бұлар фашистік партияның белсенділері, империялық кеңсені қорғаған жанкештілер. Фашистерді әлгінде ғана жусатып салып, кеңсе ғимаратына басып кіргендердің арасындағы қараторы, жақ сүйектері шығыңқы, жалпақ бетті жап-жас қазақ жауынгер Гитлердің кабинеті – қабылдаулар залы – вес­тибюль – кіреберіс ауыз үйде велосипед теуіп жүр. Қалада ұрыс әлі де толық тоқтай қоймаған. Автомат даусы, зеңбірек гүрсілі естіліп қалады. Солдат оған назар аударып жатқан жоқ. Бір иығына іліп алған автоматы, белдігіне байлаған каскасы ыңғайсыздық жасап, велосипедтен бірде құлап түсіп, енді біресе ызғыта жөнеледі. Иә-иә, бүкіл әлемді табанының астына салмақ болған Гитлердің кабинеті – қабылдаулар залы – кіреберіс ауыз үй – вестибюльде жап-жас қазақ жауынгер велосипед теуіп жүр! Бұл жігіт кім болды екен. Бер­линге шабуыл, империя­лық кеңсе мен Рейхстаг шайқас­тары жөнінде азды-көпті оқыған­да­ры­мыз болғанымен, нақ Гитлердің кабинетінде велосипед теуіп жүр­ген қазақ туралы естіген де, білген де емеспіз. Жақсыны білмек, көрмек керек! Есімі кім? Тегі кім? Қазақ елінің қай аймағынан болды екен? Біраз-біраз сұрастырып көрсек, көрген, білген, естіген ешкім жоқ, бәр-бәрісі бейхабар болып шықты. Сонда, қазақ жау­ынгер жігітінің Гитлердің каби­нетінде велосипедпен серуен салғаны жөніндегі дерек қайдан алынған? «Степан Кольчугин», «Өмір және тағдыр» және басқа шығармаларымен белгілі жазушы Василий Гроссманның (1905-1964) Мәскеудің «Правда» баспасынан 1989 жылы «Годы войны» кітабы басылып шыққан. Дерек осы кітаптан алынып отыр. «2 мая. День капитуляции Бер­лина... Новая имперская канцелярия... Кабинет Гитлера. Зал приемов. Гигантский вестибюль, по которыми падая, учится кататься на велосипеде смуглый широкоскулый молодой казах» (456-бет). Міне, осылай! Бұны В.Гроссман ұзынқұлақтан естіп емес, өз көзімен көріп жазған. Ол одақтық әскери газет «Красная звезданың» тілшісі ретінде 1941 жылдың тамызынан майданда болады. Мәскеу, Сталинград, Курск шайқастары, Днепр, Беларусь, Польша... Берлин тізе бүккен 2 мамырда осы қалада еді. Жаңа империялық кеңседе, Гитлердің кабинетінде болатын. Осында ве­лосипед теуіп жүрген қазақ жауын­герін көреді. В. Гроссман майданда көргендерін күнделік дәптеріне жазып отырған. «Годы войны» кітабы негізінен жоғарыдағыдай жазулардан құралған. Кітапта қазақ жігіттің – жауынгер солдаттың аты-жөні атал­маған. Белгісіз. Есімі беймәлім болғанымен, біз қазақтың бір баласының бүкіл Еуропаны дерлік жаулап алған Гитлердің кабинетінде – кіреберіс ауыз бөлмеде велосипед теуіп, сайран­дағанын білейік! «Міне, қазағың осындай»! Осыдан тура 200 жыл ілгеріде біздің аталарымыз Наполеонды қуалап, Парижге кіріп, Сена өзеніне аттарын суарған. Рақымжан Қошқарбаев ағамыз Рейхстагқа шабуылдаған мыңдаған жауынгерлер арасынан бірінші болып оның қабырғасына қызыл жалау тікті! «Әне, қазағың сондай!» – дейік! Сәділ КӘДЕЕВ. ШЫМКЕНТ.
Соңғы жаңалықтар