Мәжіліс депутаттары Берік Бекжанов, Берік Оспанов пен Фахриддин Қаратаев Шымкент қаласына барып, Әл-Фараби аудандық жұмыспен қамту орталығының ұжымымен кездесті. Бұл жөнінде палатаның баспасөз қызметі хабарлады.
Шымкент қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Балмаржан Нарбекова атап өткендей, аудандық орталықта бүгінде 20 қызметкер қала тұрғындарына қызмет көрсетеді. Мегаполис мәртебесін алғалы қаладағы төрт ауданда аудандық жұмыспен қамту орталықтары ашылып, осы бағытта шараларды іске асырып келеді.
Депутаттар Amanat партиясының 2021-2025 жылдарға арналған сайлауалды бағдарламасын іске асыру мақсатында дайындалған Жол картасын тиімді жүзеге асыру мәселелерін пысықтап, атаулы әлеуметтік көмек тағайындалған тұрғындар туралы кеңінен ақпарат алды.
Б.Бекжановтың айтуынша, орталық еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтар бойынша қысқа мерзімді кәсіптік оқытуды жоғары деңгейде ұйымдастырған.
«Жетім балалар, мүмкіндігі шектеулі жандар, пробация қызметінің есебінде тұрған адамдар мен бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған азаматтар жұмыспен қамтылған. Осыған байланысты еліміздегі жұмыссыз жүрген азаматтарға қолдау көрсетіп, еңбекке араластыратын орталықтардың жұмысын арттыру керек», деді депутат.
Кездесу барысында жол картасында жоспарланған агрокешен аймағын, жылыжай, сондай-ақ студенттерге арналған жатақханаларды уақытылы салу мәселелері талқыланды.
Ал Мәжіліс депутаты Тілектес Адамбеков Қарағанды облысындағы Абай шахтасына барып, еңбек ұжымымен кездесті. Жиында шахтерлер зейнеткерлік жасты төмендету мен елдегі азық-түлік пен жылжымайтын мүлік бағасының өсуіне шағымданды. Депутат зейнеткерлік жасты өзгерту мәселесі Үкіметте де, депутаттық корпуста да қаралып жатқанын жеткізді.