• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
09 Мамыр, 2014

Жүз жастағы майдангер

389 рет
көрсетілді

Индер ауданының Есбол ауылында Байғазы Байетұлы деген соғыс ардагері тұрады. Майданнан ауыр жараланып келген. Өзінің айтуынша, алған жарақатына байланысты І топтағы мүгедек болып есептеледі. Бірақ, елге оралған бетте мұндай санаттағы жандарды жұмысқа ала қоймаған. Сол себептен мүгедектігін ІІ топтағы санатқа ауыс­тыруына тура келіпті. Сөйтіп, мал шаруашылығы саласында ветсанитар, кейіннен ветфельдшер қызметтерін абыройлы атқарыпты. – Жаратқан Иеміз қуат беріп, биыл 100 жасқа толып отырмын, айналайын, –дейді бір ғасырлық көктемін қарсы алған Байғазы қария. – 1914 жылы Қызылқоға ауданындағы Тайсойған өңірінде дүниеге келіп­пін. Мен 16 жасқа толған 1930 жылы әкеміз Байет пен анамыз Қази үш баласымен осы Есбол ауылына көшіп келіпті. Сол кезде бұл жер Кулагино аталатын, кейін «Правда» деген колхоз болды. Мені де сол ұжымшар мүшелігіне қабылдады. Сөйтіп, пішен шабу, егін егу, мал бағу се­кілді қат-қабат жұмыстарын ат­қарып жүрдік. Екінші дүниежүзілік соғыс басталған сәтте орда бұзар отыз­ға толмаған жас жігіт еді. Ер аза­маттың бәрі майданға аттанып жатты. Кезек Байғазыға да келді. 1942 жылдың басында соғысқа аттанып жүре бер­ді. Осы кезде майдан даласы от пен оққа оранып жатыр еді. Алғашында екі айлық оқу-жат­тығудан өтіп, мергендігімен көз­ге түскен қазақ жауынгері көп­пен бірге Харьков, Минск қа­лаларын жаудан босатуға ат­са­лысты. Кейін Сталинград тү­біндегі шайқастың бел ортасынан табылды. Сталинградты қорғауда бірне­ше рет жарақат алды. Әсіресе, Дзержинск стансасы үшін болған ұрыс майдангердің есінде ерекше сақталып қалған. Өйткені, дәл осы бекет түбінде жаудың қарша бораған оғы бас көтертпей, бір адым алға жылжу мүмкін болмады. Оның үстіне төбеден түскен бомба да майдан даласын астан-кестен етіп жатты. – Өліп жатқандарға ешкімнің де қарауға мұршасы жоқ. Кейін шегінуге де болмайды. Тек алға жылжу қажет. Жаудың бекінісін бұзып, бетін қайтаруға ұмтыла бердік. Көп адам қырылып қалды ғой. Біздің ротаға Дзержинск стан­сасын азат ету тапсырмасы берілді. Әуеден тасталып жатқан бом­баның есебі жоқ. Оқ қарша борап тұр. Есімді медсанбатта жидым... Сол шайқас зардабы қазақ жа­уынгеріне оңай болмады. Ба­сы­нан ауыр контузия алыпты. Жарақаты бір бұл емес. Қара санының етін жұлып кеткен жері тағы бар. Әс­кери госпитальдарда ұзақ емде­ліп, 1943 жылдың аяғында елге мүгедек болып оралды. Жеңістің сағаты соғылардан бір жыл бұрын өмірлік жары Жәмішпен дәм-тұзы жарасып, шаңырақ көтерді. Отбасында іңгәлап он сәби өмірге келді. Байғазы қария өз ұрпағынан 30-дан аса немере сүйді. Ал шөберелерінің қатары 40-қа жақындады. – Жаратқан Иеміздің сыйы ғой, бұл, – дейді майдангер қария жүз жасауының құпиясына қанық­қымыз келіп қойған сауалымызға орай. –Көмек сұраған жанның бәріне қамқор қолымды создым. Сондайда үлкендер: «Анаңның жасына жет, айналайын!», деуші еді. Сол үлкендердің берген батасы мен алғысы Алланың құлағына шалынған шығар. Шешем Қази 1976 жылы 114 жасында өмірден өтіп еді... Бұл күнде мәуелі бәйтерекке айналған Байғазы қарияның қара­шаңырағының шаттығын кенже ұлы Марат шалқытып отыр. Оның өзі де келін түсірген. Балаларынан өрбіген шөберелері алдына отырып алып: «Ата, мынаны қашан алдыңыз?» деп әрбір орден-ме­даль­дарының сырын білуге таласады. Бір ғасырлық ғұмырында көрген қиындығына мойымаған майдангер: «Ауылдың Мұрат Орақов пен Мәрзия Жұмағалиева деген дәрігерлерін шақырсам болды, күн-түн демей қасымнан табылады. Жылы сөзімен көңілімді көтереді, ем-домымен сырқатымды емдейді. Ауданның басшылары ауылға келіп, жағдайымды сұрап тұрады. Ал балаларым мен немере-шөберелерімнің маған деген көңілі тіптен алабөтен, бәрі де мәпелеп отырғанына ризамын», дейді. Қаққан қазықтай тік отыратын еңсесі биік майдангер құжат бойынша бүгін, 9 мамырда жүз жасқа толады. Біз де Есбол ауылынан қарт майдангердің ұрпағының ортасында аман-есен отыруына тілектестігімізді білдіріп аттандық. Жолдасбек ШӨПЕҒҰЛ, «Егемен Қазақстан». Атырау облысы, Индер ауданы, Есбол ауылы. Суретте:  жүз жастағы майдан­гер Байғазы Байетұлы шөбере­лері­нің ортасында.