Ата кәсібіміз – мал шаруашылығына қазір жастардың қызығушылығы баяулау екені рас. Төрт түліктің бабын тауып, тіпті өнімін үйлестірудің де ретін толық біліңкіремейтіндер бар. Осындайда үлкендеріміздің шопанға да «диплом» керек деп астарлап, малшыға асқан жауапкершілік қажет екенін меңзейтіні шындыққа саяды.
Шалқар аудандық жастар ресурстық орталығы дала төсінде қызатын осы кәсіпке қала баласының қызығушылығын арттыру мақсатымен жастардың бір күнін шаруа қожалығы басында өткізуді ұйымдастырды.
Жастар барған Шалқар ауылдық округіне қарасты «Қаражиде» шаруа қожалығы 1997 жылы құрылған. Төрағасы Есенкелді Жансүгіров осы қожалықтың іргесі қаланған күннен бастап шаруашылық басында. Бақтыбай деп аталатын жер оның жаз жайлауы. Жол бойы ауыл көрінісіне көз тігіп, ат байлаған қонақтарды Есенкелді аға мен зайыбы Айсәуле апай кең пейілмен қарсы алды.
– Қожалықты құрған күннен бастап, отбасыммен осы жердемін. Өйтпесең, ісің алға баса ма?! Қазір бәрі мыңғыртып мал ұстағысы келеді, бірақ оның соңына түсіп бағуға құлқы жоқ. Өзің бас-көз болып отырсаң, шаруаның да берекесі артады. Күн ұзағына тыста еңбек ететін адам үйге кіргенде ағарғаны толы дастарқаны жайылып тұрмағасын шаруасы жайлана ма?! Сондықтан біз бала-шағамызбен осындамыз. Өзімізге тиесілі 3 мың гектардан астам жеріміз бар. Мемлекеттік бағдарлама көмегімен жайлаудан су ұңғымасын қаздырып жатырмын, – дейді шаруашылық төрағасы Есенкелді аға.
Алты баланың анасы Айсәуле апамыз ағарғаны мол үйге береке ұялайды деп, жастарға түйені қалай сауудың, ботасын бөлек ұстап, идірудің тәсілдерімен таныстырды.
Отағасы ер балаларға қой қырқудың, оны сойып, етін жіліктеп қонаққа табақ тартудың жолдарын көрсетті. Жастар осы іс-шара аясында атқа мініп, өрістен қой қайтарып, сақманның соңғы сәттеріне куә болды. Және де аң аулауға да әуесқойлығы бар шаруаның өз аузынан ат баптаудың, жеті қазынаның бірі – тазы итті асырауда қаперде ұстайтын жайттарды естіді.
Игі іс-шараға қатысқан облыстық жастар ресурстық орталығы жастар бөлімінің басшысы Азат Оразалин, аудандық жастар ресурстық орталығының басшысы Жанна Әбденова көлдей көңілімен бір күндік шаруасын ысырып қойып, жастармен емен-жарқын тілдесіп, төрт түлікті өрісте тең өргізудің жай-жапсарымен бөліскен шаруашылық иелері Есенкелді аға мен Айсәуле апаға шынайы ризашылығын білдірді.
Жастардан күтер үміт көп. «Болашақ жастардың қолында» дейтініміз де сондықтан. Ұлықұмның етегінде ата кәсіпті отбасымен жүргізіп отырған еңбек адамдары жастарға: «Уақыттарыңды бағалаңдар, еріншек болмаңдар», деп тілектерін білдірді.
Мұхтар МЫРЗАЛИН
Ақтөбе облысы,
Шалқар қаласы