• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
09 Мамыр, 2014

Асыл тұқымды қойдың берері мол

400 рет
көрсетілді

Мемлекеттік саясатқа сай Жетісу же­рінде де мал тұқымын асылдандыру жұ­мысы жүйелі түрде жүргізілуде. Фермер Алмасбек Садырбаев ауыл шаруашылығы саласы ғалымдарымен бірлесе өзі бас­қа­ратын «Көктем» шаруа қожалығында инновациялық ғылыми жұмысқа жол ашып, екінің бірі тәуекел ете алмайтын тың қадам жасады. Нақтылай түссек, Жаңа Зеландия, Австралия және АҚШ-тан «гемпшир», «суффольк» атты асыл тұқымды қошқарлардың мұздатылған ұрықтарын  әкеліп, өз бағымындағы Жетісу өңірін жерсінген саулықтарды ұрықтандырып екі жылдан бері төл алуда. Негізі осыған дейін ТМД елдерінде өсірілмеген қойларды төлдетіп сарқандықтар ерекшеленіп отырғанын баса айтқан дұрыс. Бұл ретте Сарқан ауданының әкімі Тұратбек Шарапиевтің іскер азаматтарды бірден қолдап, мал басын көбейтулері үшін аудан аумағынан заңнама шеңберінде қажетінше жер телімін бөліп бергенін Елбасының сарабдал саясатына сай жасалған батыл қадамы деп те бағалаған ләзім. «Гемпшир» қойының түр-тұрпаты туралы айтсақ, басы мен сирақтары қызғылттау немесе қоңырқай түсті болып келеді, ал «суффольк» қойының басы мен тізесінен төмен тірсектері бақайшағына дейін қа­ра түсті болады. Асыл тұ­қымды қойлардың жон арқасы, яғни жоталары тегіс әрі ақшыл келеді. Қошқары 124 кило, ал саулықтары 90 кило тартады. Еті диеталық тағам тү­ріне жатады. Былтырғы жылы 250 бас қошқар сатып едік, биыл 300 бас асыл тұ­қымды қошқар сатуды жоспарлап отырмыз. Сұраныс жақсы, кесімді бағамыздан тү­сірмей саудаласпай алып кетеді. Сөйтіп, елімізде асыл тұқымды қой санын көбейтуге өзіндік үлесімді қосу­дамын. Тағы бір айта кетер жайт, алты жыл­дан бері Қазақ мал шаруашылығы және мал азығын өндіру жөніндегі ғылыми зерттеу институтының ғалымдарымен бірлесе осындай жетістікке қол жеткізіп отырмыз», деді Алмасбек Садырбаев. Қорыта айтқанда, Шопан ата тұқымын өсіру қазақтың атакәсібі. Ықылым заманнан бері жерсінген қазақы құйрықты қой, еділбай тұқымды қойлары тұрғанда мұхиттың арғы жағынан қой тұқымын әкелу бар да, сол малдың жерсінуі тағы бар. Бұл ауыл шаруашылығы саласының өзекті мәселесінің бірі болып табылады. Демек, іскер азаматтар жол тауып әкелумен бірге сол еңбегінің жемісін алты жылдан соң паш еткенін ұстамдылық деп бағалаған дұрыс. Құдайға шүкір, сан сыннан өткеннен кейін  қойлары Жетісу жерін жерсінгендіктен то­лық­қанды төл алып, сол төлінің алдын са­тып, жемісін көрсетіп отыр. Мұндай фермерлерді қолдау арқылы Елбасы айтқан меже 60 мың тонна етті экспортқа шығару мүмкіндігіне ие боларымыз анық. Нұрбол ӘЛДІБАЕВ, «Егемен Қазақстан». Алматы облысы.