Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов педагогтердің республикалық тамыз конференциясында мектеп пен колледждерде директорлардың тапшылығы байқалып отырғанын айтты, деп хабарлайды Egemen.kz.
«Мектеп пен колледждерде, балабақшаларда білікті директорлардың тапшылығы байқалып отыр. Қазіргі кезде біраз орын бос тұр. Әрине, мұғалімнің еңбегі мен біліктілігі өте маңызды. Бірақ барлық мәселені шешкенімен, білікті әрі білімді директор болмаса, онда басқа жасалып жатқан жұмыстар тиісті нәтижесін бермейді. Директорлардың жалақысы мұғалімдермен салыстырғанда аз екені белгілі», деді Асхат Аймағамбетов.
Осы орайда министр директорларға үлкен жауапкершілік жүктелетінін еске салды.
«Оларға түрлі айыппұлдар салып кетеді. Ата-аналармен және мұғалімдермен жұмыс істеу керек. Алайда директорлардың алатын жалақысы өте төмен. Сондықтан осы бағытта жаңа оқу жылында бұл мәселені шешу тұрғысында тиісті жұмыстарды атқарамыз. Қазір 400-ден астам директор жаңа оқу орындарына барып, жұмысын жалғастырып жатыр. Осы әріптестерімізге үлкен алғысымды айтқым келеді», деді ведомство басшысы.