• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
09 Мамыр, 2014

Мүлікті заңдастырудан ұтарымыз не?

263 рет
көрсетілді

Бүгінгі таңда Қазақстанның экономикалық рыногы қаржы салуға өте тартымды болып отыр. Елдегі рыноктық қарым-қаты­настардың дами түсуі, сондай-ақ жаһандық экономикалық байланыстардың бір-біріне деген тәуелділігі артқан кезде азамат­тардың қаржылық жағдайы мен рөлінің маңызы арта түсуде. Жалпы, «көлеңкелі экономика» айналымының орын алуы кез келген ел үшін теріс салдарлы. Заңсыз мүліктің артуы, «көлеңкелі экономиканың» пайда болуы қоғамдағы құндылықтар жүйесін бұзып, құқықтық немқұ­райдылыққа әкеп соғады. Заңды экономикалық айналыстан шыға­рылған мүлік елдің дамуына үлес қоспағаны былай тұрсын, мемлекеттің жалпы экономикалық дамуындағы көрсеткіштері мен дамуының шынайы бейнесін бұрмалайды. Бұл өз кезегінде елдің даму көрсеткіштеріне нақты болжам жасауға мүмкіндік бермей, шынайы жоспар құруға кері әсерін тигізеді. Сондықтан экономикалық санда жоқ мүліктің теріс әсері екіжақты. Не мемлекетке, не иесіне пайдасы жоқ. Санда жоқ мүліктен салық түспейді. Қалыптасқан жағдайды өзгерту мақсатында қабылданып жатқан шаралар бұрынғыдан өзгерек. Өйткені, ел­дің экономикалық жағдайын жақ­сартуға әлеуеті жететін көлемді заңдастырылмаған мүлік, әсіресе, ақ­ша түріндегі қаржылық құралдар  заңды экономикалық айналыстан сырт қалып отыр. Мүлікті заңдастырудың не­гізгі ережелері жарияланды. Атап айтқанда, заңдастырылатын қаржы азаматтардың кірісі болып есептелмейді, сонымен қа­тар, қылмыстық, әкімшілік және басқа да жауапкершіліктен құ­тылады. Жалпы, заңдастырудың өткізілу мерзімі 2014 жылдың 1 шілдесі мен 2015 жылдың 31 желтоқсаны аралығы. Айта кетер жайт, өткен жолғы заңдастырудың нәтижесінде туындаған мәселелер бойынша заңдастыруға жатпайтын мүліктерге байланысты шектеулер орын алмақ. Егер ақша заңдастырылса, заңды айналысқа екінші деңгейлі банктерде арнайы ашылған ашық жинақ шотына салыну арқылы жүреді. Та­ғы бір ерекшелік, қаржыны заңдас­тырудың басқа жолдары да қарастырылған. Заңдастырғысы  келген ақшаны екінші деңгейлі банктерде 3 жылға дейін сақ­тап, рыноктық ставка бойынша үстемелерін ала алады. Екінші жолы, ол ақшаларды тезірек қолданғысы келсе, оны ел экономикасына инвестиция жасау мақсатында мемлекеттік құн­ды қағаз, облигация, ұлттық басқарушы холдингтер мен ком­паниялардың «Халықтық ІРО» бағдарламасы бойынша сатып алу арқылы қолдана алады. Үшін­шіден, азаматтардың жеке­шелендірудің екінші толқыны шеңберінде нысандар сатып алуға мүмкіндігі болады. Ақшасын заң­дастырғысы келетін азаматтар жоғарыда келтірілген тетіктерді қолданғысы келмесе, бюджетке 10 пайыз төлеп, қаржысын қалауынша қолдана береді. Мү­лікті заңдастыру жергілікті ат­қару органдарындағы арнайы комиссияға өтініш беру арқылы жүзеге асырылады. Заң­дастыру барысындағы шы­ғындарды заң­дас­тырушы көтереді. Мұндай шара тек біздің елде орын алып отырған жоқ. Әлемдік экономикада ол жаңалық та емес. Еуропа елдерінің бірқатары, АҚШ-тың біршама штаттары мұндай шараны бірнеше рет өткізген. Себебі, заңсыз айналымдағы қар­жыны көлеңкеден шығару бар­лық елдердің мәселесі болып отыр. Кіріс пен капиталды заң­дастыруда Үндістан алда келеді – 5 рет өткізген. Португалия 4 рет, Франция, Австрия, Ирландия 2 реттен өткізген. Италия мен Бельгия, тіпті, Германияның өзі де бұдан қалыс қалмаған. Елімізде мұндай тәжірибе бар екенін айтып өттік, әрі мұндай шара тиімді нәтижелер беріп отыр. 2001 жылы 480 млн. АҚШ доллары заңды айналысқа енсе, 2006-2007 жылдары 845 млрд. теңге немесе 6,8 млрд. АҚШ долларын құрайтын мүлік пен қаржы заңдастырылған, ал бюджетке 60 млрд. теңге түсім түскен. Заңдастырылған дүние-мүліктің көлеңкеден шыға салысымен бюджетке салық және басқа да қаржылық операциялар жүргізу арқылы пайда әкелетінін атап өту керек. Түсімнен өзге, көлеңкелі экономика көлемі азая­ды. Ішкі және сыртқы көздерде жұмыс істемей тұрған қаржыны қосымша қаржы көзі ретінде ел экономикасына несиелеуді арттырып, көлеңкелі айналысты төмендету, бюджет түсімі өсуіне әсер етеді. Венера ТҮГЕЛБАЙ, «Егемен Қазақстан».