• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
09 Мамыр, 2014

Алғашқы тоқсан қорытындыланды

342 рет
көрсетілді

Биылғы жылдың алғашқы тоқсанының қорытындысы бойынша Қызылорда облысында өңдеу өнеркәсібінде – 8, ауыл шаруашылығында 3 пайызға өсім бар. Дегенмен, өнеркәсіп саласы 2,9 пайызға, инвестиция тарту 14,3 пайызға азайған. Бұл туралы облыстық экономика және бюджетті жоспарлау  басқармасының басшысы Сәуле Құлымбетова хабарлады. Басқарма басшысы инвес­тицияның төмендеуін «Бейнеу – Бозой –Шым­кент» газ құбырының және «Ба­тыс Еуропа – Батыс Қытай» автобаны құрылысының негізгі жұмыстарының аяқталуымен байланыстырды. Өткен жылдың осы мерзімімен салыстырғанда құрылыс саласы да біршама бәсеңдеп қалған.  Осыған дейін 59,4 мың шаршы метрге  тұрғын үй салынса, оның барлығы жеке секторға тиесілі екен. Айта кетейік, биыл «Қолжетімді бас­пана-2020» бағдарламасының шеңберінде республикалық және облыстық бюджеттен 7057,4 миллион теңге қаржы бөлініп отыр. Бұл үйлердің құрылысы екінші тоқсанда басталады деп жоспарланған. Алғашқы тоқсанда 1758 жаңа жұмыс орны ашылды. Жұмыс­сыздық деңгейі 5,2 пайызды құраған. Ақпан айында облыста орташа жалақы 92263 теңгені құрады. Бұл өткен жылмен салыс­тырғанда 102,2 пайызға артқан деген сөз. Қазіргі негізгі мәселе азық-түлік бағаларының өсуі. Бұл бағытта ірі сауда орталықтарымен 46 меморандум жасалды. Соның нәтижесінде олар базар бағасынан негізгі азық-түлікті 5-10 пайызға арзан сатуда. Оған қоса тұрақты түрде ауыл­шаруашылық жәрмеңкелері өткі­зіліп тұр. Бүгінде облыс бюджеті 199 миллиард теңгеге жетті. Әлеуметтік сала басты назарда. Биылдың өзінде облыста 78 әлеуметтік нысанның құрылысы басталады. – Көрсеткіштер кейбір сала­да төмендеп кеткен. Бірақ ол жұ­мыс жасалмай жатыр дегенді білдірмейді. Жыл жаңа басталды. Тендерлер енді өтіп жатыр. Қа­зір Арал мен Қазалы шағын қа­лалар тізіміне енді. Бұл – респуб­ликадан қолдау болады деген сөз. Өңірдің келбетін өзгертуге жұмыс жасаңыздар. Таяуда «Қазақстан темір жолы» АҚ-пен меморандумға қол қойдық.  Енді әуежайдың жолау­шылар терминалының құрылысы салынады. Шыны зауытының газдандыру мәселесін инвестициялық форум нәтижесінде шештік. Бұл жұмыстар алдағы уақытта да жал­ғасын табатын болады, – деді облыс әкімі Қырымбек Көшербаев. Ержан БАЙТІЛЕС, «Егемен Қазақстан». ҚЫЗЫЛОРДА.