9 Мамыр күні қарсаңында аудан орталығы Көктөбе ауылында тұратын Мағау Сыздықов атамызға бір күндік еңбекақыларын есепшотқа аударған дәрігерлер, мұғалімдер, кәсіпкерлер, басқа да сала қызметкерлері сый-құрмет көрсетті.
Семейдің Келмембет деген ауылында өмірге келген Мағау атамыз 1942 жылы майданға аттанады. Ол соғыс жылдары 830-шы артиллериялық полк қатарында Украинадағы ұрыс қимылдарына қатысқан. Соғыстан кейінгі жылдары Украинадағы қорғаныс зауытына жұмысқа алынған. Содан елге оралған бейбіт күндерде өндіріс саласында, әк шығаратын зауытта еңбек етеді.
Бүгінде бұл кісі үбірлі-шүбірлі үлкен әулеттің атасы, 8 бала сүйіп, 21 немере,13 шөбере көріп отыр. Көктөбеліктер үлкен-кішісі бар орталарындағы жалғыз қалған соғыс ардагеріне құрмет көрсетуде. Аудандық әкімдік атамыздың үйіне күрделі жөндеу жасап, жаңартып берді.
Фарида БЫҚАЙ,
«Егемен Қазақстан».
Павлодар облысы,
Май ауданы.