• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
09 Мамыр, 2014

Әлемдегі жалғыз мұражай

1303 рет
көрсетілді

Көкшетау медициналық колледжінің «Мейірбандылық және ержүректілік» қоғамдық мұражайы 1982 жылы қала жұртшылығы мен оқушылардың бастамасымен ашылған болатын. Бұл – Флоренс Найтингейл атындағы медальмен марапатталған мейірбикелерге арналған әлемдегі жалғыз мұражай. – Медаль 1854-1856 жылдары Қырым соғысы кезінде мейір­бандылық мейірбикелерінің отрядын бастаушы ағылшын сани­тарының атын иеленуде, – дейді бізбен әңгімесінде мұра­жай кеңесінің төрайымы, колледж директоры, медицина ғы­лымдарының докторы Светлана Мұратбекова. – Әлемнің барлық түкпірінде бұл медальмен 1408 мейір­бике марапатталған, со­ның ішінде бесеуі Қазақстан Респуб­ликасынан. Олар: Антонина Дмитриева, Рәзия Ысқақова, Анна Дми­триенко, Мария Смирнова және Вера Широкая. 2011 жылы біздің колледждің түлегі, Санкт-Петербург қала­сындағы наркология ауруха­на­сының бас мейірбикесі Любовь Клокова Ф.Найтингейл атындағы медальмен марапатталды. Бұл оқиға ерліктің бейбіт күндерде де жалғасын табатынын айғақтайды. Ал 1990 жылы қоғамдық мұражай «халықтық» атағына ие болды. Мұражайдың арнайы төсбелгісі бар. Ол біліктілігімен көзге түскен таңдаулы мейірбикелерге табысталып, есімі мұражайдың Құрмет кітабына енгізіледі. Бүгінгі күні 77 мейірбике осы марапатқа ие болып отыр. Мұражай кеңесі «Мейір­бан­дылық» волонтерлік қозғалысы бойынша арнайы бағдарлама әзірлеп, жемісті жұмыс атқару­да. Оның басты мақсаты қала­ның емдеу ұйымдарымен ты­ғыз қарым-қатынас орнатып, нау­­қас­тар мен мүгедектерге көмек көрсету. Сондай-ақ, еріктілер қоз­ғалысының белсенді мүшелеріне Ұлы Отан соғысының ардагері, Ф.Найтингейл атындағы медаль лауреаты, М.П.Смирнованың атын­дағы шәкіртақы тағайын­далған. Көкшетау медициналық кол­леджі өз шәкірттерінің білім өрісін кеңіту мен емдеу шараларының озық тәжірибелерін насихаттауда өнеге таныта білуде. Мәселен, 2011 жылдың сәуірінде медициналық колледждердің оқу бағдарламасы шеңберінде Халықаралық гума­нитарлық құқықты интеграциялау сұрақтары бойынша респуб­ликалық семинар-кеңесі өткізілді. Ал 2012 жылы қоғамдық мұражайлар арасында болған облыстық байқауда колледж мұражайы 1-орынға ие болды. Былтырғы 13 ақпанда колледж базасында Қазақстан Рес­пуб­ликасы медициналық колледж­деріне арналған Халықаралық гуманитарлық құқық (ХГҚ) мәселелері бойынша online режі­мінде конференция өтті. Мұнда Ұлы Отан соғысы және еңбек ардагерлерімен, Ауғанстан соғысына қатысушылармен, кол­ледждің «Құрмет белгісі» төс­белгісінің иегерлерімен кездесу­лер, ерлік және патриоттық са­бақ­тары, тақырыптық экскурсия­лар, Флоренс Найтингейл жолын жалғастырушылармен хат алмасулар, «Ашық есік күндері» тұрақты түрде өткізіліп тұрады. Бақберген АМАЛБЕК, «Егемен Қазақстан». КӨКШЕТАУ.