Атырауда бұрын-соңды болмаған халықаралық шахматшылар фестивалі басталды. Осыған орай ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев турнир ұйымдастырушылары мен қатысушыларына құттықтау жолдады.
«Бұл – еліміздің спорт саласындағы айтулы оқиға. Қазақстанда шахматқа деген қызығушылық жылдан-жылға артып келеді. Осы спорт түрінің өркендеуіне мемлекет тарапынан барлық жағдай жасалуда. Халықаралық турнирлерде ел намысын лайықты қорғап жүрген шахматшыларымыз аз емес. Спортшыларымыздың жуырда Үндістанда өткен шахмат олимпиадасындағы жетістіктері – соның айқын дәлелі. Көптеген халықаралық спорт шеберлері қатысатын «Atyrau Chess Festival-2022» додасы шахмат өнерін одан әрі дамытуға үлес қосады деп сенемін!» делінген Мемлекет басшысының құттықтауында.
Халықаралық фестивальді ұйымдастырған Азия және әлем чемпионы, халықаралық гроссмейстер Динара Сәдуақасованың айтуынша, оған 300-ге жуық шахмат әуесқойы қатысып жатыр. Оның ішінде Қазақстанмен қоса, АҚШ, Нидерланд, Литва, Украина, Тәжікстан, Өзбекстан, Беларусь және Ресей Федерациясы секілді елдердің ойыншылары бар.
– Халықаралық алғашқы фестивальді Қазақстанда шахматты спорт түрі ретінде танымал ету және дамыту, саламатты өмір салтын насихаттау, сондай-ақ жас спортшылардың шеберлігін арттыру, жас таланттарды іздеу мақсатымен өткізіп отырмыз. Фестивальдің жүлде қоры 13 миллион теңгеден асады. Сонымен қатар Қазақстан-Британия техникалық университеті (ҚБТУ) бакалавриат пен магистратурада оқуға грант бөледі. Грант иегерлерінің есімі турнирдің жабылу салтанатында жарияланады, – деді Д.Сәдуақасова.
Атырау облысының әкімі Серік Шәпкеновтің пікірінше, алғаш рет өткізіліп жатқан мұндай сайыс өскелең ұрпақты отансүйгіштікке, саламатты өмір салты құндылықтарына тәрбиелеу үдерісіне оң әсерін тигізеді. Бұл өңірде 1984 жылы спорт мектептерінде шахмат үйірмесі ашылған. Қазір облыста шахмат спортымен 18 355 адам шұғылданады. Оның ішінде ауылдардағы үйірмелерге 11 330 адам барып жүр.
Фестивальге кәсіби спортшылар мен халықаралық гроссмейстерлерден бөлек, Д.Сәдуақасованың шахмат академиясынан 58 тәрбиеленуші қатысып жатыр. Мәселен, 6 жасқа дейінгі категорияда облыс чемпионы болған Әли Сапаров екі жылдан астам уақыт аталған академияда білім алған. Ол енді алғаш рет халықаралық сайыста бақ сынауға бекінген. Тағы бір қатысушы – Нұрпейіс Үмбетқалидың жасы 13-те. Шахмат академиясында тәжірибелі жаттықтырушылардан дәріс алған ол республикалық жарыста жеңіске жеткен. Енді ол да бірінші рет халықаралық шахмат жарысында бақ сынауды мақсат еткен.
Атырауда халықаралық шахмат фестивалі алғаш рет өткізіліп отырғанына қарамастан, жарысқа қатысушылар ұйымдастыру деңгейіне ризашылығын білдірді. «Шынымды айтсам, таңданысымды жасыра алар емеспін. Фестиваль жоғары деңгейде ұйымдастырылған. Қазір Қазақстанда көптеген шахмат турнирі өткізіліп жүр. Бұл фестиваль ұйымдастыру тұрғысынан – үздіктердің бірі», деді Нұр-Сұлтан қаласынан қатысып жатқан халықаралық шебер Павел Гнусарев. Ал АҚШ-тың Колорадо штатынан келген гроссмейстер Тимур Гареевтің пікіріне сүйенсек, «Atyrau Chess Festival-2022» – керемет фестиваль. Мұндай сайысқа қатысудың өзі көңілге қуаныш сыйлайды.
Әлемдік додаларда топ жарып, қазақтың даңқын асырған гроссмейстер Динара Сәдуақасованың айтуынша, әрқайсысының нәтижесі әйгілі швейцариялық жүйемен бағаланатын үш негізгі турнирді өткізу көзделген. Шеберлік сабақтары мен бір мезгілде өтетін ойын сеанстары ұйымдастырылады. Бұдан бөлек, фестиваль аясында төрешілер емтихан тапсырып, FIDE төрешісі атағын алатын халықаралық арбитрлердің алғашқы семинары өтеді.
Атырау облысы