Алматы қалалық білім басқармасы басшысының орынбасары Айдын Сайлаубай мектеп оқушыларына оқулық сатып алу үшін 3 миллиард теңгеден аса қаржы бөлінгенін айтты, деп хабарлайды Egemen.kz.
Спикердің айтуынша, 25 тамызға дейін мегаполис мектептеріне оқулықтар толық жеткізілуі тиіс.
«Жергілікті бюджеттен оқулықтар мен көркем әдебиетті сатып алуға 3 млрд 263 млн 457 мың теңге бөлінді. Биыл 2 сынып оқушылары жаңа оқулықтар алады. 1-11 сынып оқушылары 25 тамызға дейін 100% тегін оқулықтармен қамтамасыз етіледі», деді Айдын Сайлаубай.
Сонымен қатар, ол интеллектісі бұзылған балалар оқитын мектептерге арналған оқулықтар сатып алынатынын атап өтті.
«Жаңа оқу жылында 300 млн теңге сомасына көркем әдебиет кітаптары және 37,11 млн теңгеге интеллектісі бұзылған арнайы мектептерге арналған оқулықтар, соқыр балаларға арналған рельефті-нүктелі Брайль қарпіндегі оқулықтар және нашар көретін балаларға арналған ірілендірілген қаріптері бар оқулықтар сатып алынады», деп толықтырды спикер.