Облыстық тарихи-өлкетану музейінің қорында әр дәуірден сыр шертетін жәдігерлер жеткілікті. Оның біразы түрлі қазба жұмысы кезінде табылса, енді бір жәдігерлер кездейсоқ жағдайда қолға түскен. Сондай құнды мұраның бірі – су сағаты.
Деректерге сенсек, су сағаты 1965 жылы Шу өзені жағасынан кездейсоқ жағдайда табылған екен. Қыштан жасалған ыдыстың бір бөлігі конус пішіндес болса, екінші бөлігінде ойық кездеседі. Екі тіреуіш аяқтың біреуі жоғалған. Қарсы бетінде қолға ұстауға икемделген тұтқасы бар.
Осы бір ыдысқа қатысты мәлімет көп-ақ. Солардың бірінде су сағаты қажетті судың нақты көлемін анықтау үшін қолданылған деседі. Яғни сол кездегі адамдар алқапқа қанша су кететінін, қанша уақытта суаруға болатынын дәл осы жәдігер арқылы анықтаған. Ешқандай қоспасыз бір қалыпты күйдірілген ыдысты уақытында көзешілер жасаған деген дерек бар.
«Құнды жәдігер Қазақстанды айтпағанда, Орталық Азия аумағында алғаш рет біздің өңірде табылған үлкен олжа екенін айта кеткен ләзім. Жалпы, бұл ыдыстың тарихы VI-VIII ғасырлармен сабақтасып жатыр. Нақты айтар болсақ, осыдан 1 300 жылдан астам уақыт бұрын жасалған екен», дейді облыстық тарихи-өлкетану музейі директорының орынбасары Зарина Дүкенбаева.
ТАРАЗ