• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
09 Мамыр, 2014

Экономикалық өсімді арттыру жолдары қаралды

315 рет
көрсетілді

Жуырда өңірдегі экономикалық өсім резервтері бойынша қалалар мен аудандардың әкімдері есеп берді. Есепті тыңдау барысында облыс экономикасы өсімінің өнеркәсіп, агроөнеркәсіптік кешен, шағын және орта кәсіпкерлік, туризм сынды негізгі қорларына назар аударылды. Жүргізілген сараптамаға сәйкес, соңғы уақытта негізгі өнеркәсіп өнімдеріне баға мен сұраныстың төмендеу қаупі пайда болды. Мәселен, лондондық биржада экспортқа шығарылатын металл құны орта есеппен 13 пайызға дейін төмендеді. Қолайсыз болжамдарға сүйенсек, өнеркәсіптік кәсіпорындардағы өндіріс көлемі 72 миллиард теңгеге дейін, салық көлемі 5 миллиард теңгеге дейін қысқаруы мүмкін. Одан өзге 13 мыңнан астам адам жұмыстан босауы кәдік. Тығырықтан шығар жол іздеген облыс әкімдігі экономикалық өсім қорларын қамтамасыз ету тетіктерін қарастырып отыр. Өнеркәсіп өсімін арттыру ірі инвестициялық жобаларды жүзеге асырумен тікелей байланысты болуда. «Азия Авто» АҚ автобөлшектер өндірісі технопаркі және жылына 120 мың машина шығару қуатына ие автозауыты, Ақтоғай тау-кен байыту комбинаты, «Қазникель» ЖШС, кобальт-никель кен өңдеу және байыту құрылыстары аталған ірі инвестициялар санатына жатады. Экономикалық өсімді қамтамасыз етудің тағы бір шынайы тармағы – өндірісті әртараптандыру. Индустрияландырудың екінші бесжылдық кезеңінде облыста осыған дейін басталып кеткен және жаңадан қолға алынған жобаларды жүзеге асыру жалғасын табады. Айталық, 2014 жылы 17,5 миллиард теңге көлемінде 13 инвестициялық жоба жоспарланып отыр. Ауыл шаруашылығын дамыту саласында жаңа және суды үнемдеу технологиясын қолдануға, пайдаланылмай жатқан шабындықтарды игеруге тапсырма берілді. Бұл ретте суармалы жерлерді 9 мың гектарға арттыру жоспарланып отыр. Мүйізді ірі қара етін экспорттау әлеуетін дамыту, «Сыбаға», «Жайлау» бағдарламалары жалғаса бермек. Өңіраралық және салалық кооперациялардың есебінен, сондай-ақ қазақстандық үлестің өсімі арқылы іс барысындағы кәсіпорындардың жүгін арттыру жоспарланды. Тау-кен өндіру саласының әлеуетін көтеру үшін қосымша жеке инвестиция­лар тарта отырып, геологиялық барлау жұмыстарын жүргізу қажет. Бұл – өнеркәсіп өнімдерінің көлемін жылына 5-10 пайызға ұлғайтуға мүмкіндік береді. Ішкі қордың тағы бір түрі ретінде ірі кәсіпорындардың маңайындағы шағын және орта кәсіпкерлікті айтуға болады. Облыста мемлекетаралық және өңіраралық интеграция шеңберінде өткізілген іс-шаралар өңір экономикасы үшін ғана емес, еліміз бойынша да жаңа көкжиектер ашты. Алматы, Қарағанды, Павлодар облыстарымен және Ресей Федерациясының Алтай аймағымен екіжақты қарым-қатынастар нығайып келеді. Шығыс Қазақстан облысының тиімді орналасуы көліктік-логистикалық жүйе құруға мүмкіндік береді. Тыңдау барысында моноқалалар мен тірек ауылдарды одан әрі дамыту қажеттілігі айтылды. Моноқалалар бағдарламасын жүзеге асыруды бастаған өңір ретінде қалалардың дамуын төмендетуге болмайды. Аудандар өңірдің туристік әлеуетін дамыту міндеттемесін алды. Өңір басшысының айтуынша, туризм бюджет кірісінің негізгі көзі болуы керек. Әсіресе, экологиялық, медициналық және ауылдық туризмге назар аударылуы тиіс. Бұл – туристер санын 3 есеге көбейтуге, қызмет көлемінің 2,5 есеге артуына мүмкіндік береді. Жалпы алғанда, күтілген нәтижелер ішінде аймақтық жалпы өнімнің өсімін 7,9 пайызға, өнеркәсіптік өндіріс өнімін 433,9 миллиард теңгеге өсіру, сондай-ақ 35 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын құру көзделген. Думан АНАШ, «Егемен Қазақстан». ӨСКЕМЕН.